- Advertisement -

Ұлы жеңісті жақындатқан жамбылдықтар

31

- Advertisement -

Қазақ КСР-де, соның ішінде Жамбыл облысында жасақталған көптеген әскери құрамалар даңқты есімдерін ұлы шайқастар жылнамасына қашап жазды. 316-шы (Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық), 238-ші (30-шы гвардиялық) және 312-ші атқыштар дивизияларының даңқы Мәскеу түбіндегі шайқаста, 29-шы (72-ші гвардиялық) дивизия Сталинградты қорғаудағы, Курск иініндегі Днепрден өтудегі шайқастарда, 310-шы атқыштар және 314-ші дивизиялар Ленинград түбіндегі шайқаста даңққа бөленді. Біздің облыстан майданға аттанған жауынгерлер қатарында өшпес ерлік жасап, Кеңестер Одағының ең жоғары әскери атағына ие болғандардың саны бүгінгі күні 28-ге жетіп отыр. Осы даңқты бабаларымыздың қатарында А.Суханбаевты, С.Естемесовты, А.Дәулетбековты, С.Шәкіровты, Б.Момышұлын атап өтсек болады. Сонымен қатар, «Даңқ» ордендерінің толық иегерлері Е.Досмұхамбетов пен Т.Тастандиевті де осы топқа қосқанымыз абзал. Жалпы, осы және басқа да деректерді іздестіру барысында Ұлы Отан соғысына қатысты мұрағат құжаттарының басым көпшілігі Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағатындағы 282-ші (Жамбыл облыстық партия комитеті) және 399-шы (Жамбыл облысының атқару комитеті) қорларда жинақталған. Ол қорларда Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін өңірдегі барлық жұмыстардың соғыс талабына сай жүргізіліп, халық арасында жаппай саяси жұмысты үдете түсу ісіне үлкен мән берілгендігі көрсетіледі. Осылай, Қазақстан К(б)П ОК-нің 1941 жылдың 4 қазанында ҚК(б)П Жамбыл облыстық комитетіне жіберілген хатында Отанымызға қауіп төніп тұрған кезде халықты неміс-фашист басқыншыларына қарсы жұмыла бас көтеруге шақырғандығы туралы мәліметтері мен басқа да іс-шаралар тізбесі беріледі. Осы және басқа да тапсырмаларды орындау барысы мен тылдағы жұмыстарды ұйымдастыру мәселелері тұрғысындағы құжаттар 399-шы қорда жинақталған. Осы қорда Кеңестер Одағының Батыры атағын алмаса да, халық «хас батыр» санаған Ыбырайым Сүлейменовті мәңгі есте сақтау үшін Жамбыл ауданының «Төрткүл» колхозына, Жамбыл қаласындағы Билікөл көшесіне және батыр өмірге келген Сарысу ауданындағы «Комсомольский» ауылдық кеңесі мен «Қызыл күншығыс» колхоздарына оның есімін беру туралы Еңбекшілер депутаттары Жамбыл облыстық кеңесі атқару комитетінің 1944 жылдың 21 қаңтарында шығарылған қаулысы да бар.

Ұлы Отан соғысына байланысты келесі құжаттар топтамасын газет материалдары құрайды. «Жауды ақырына дейін талқандаймыз», «Егін жинауда жұмыс соғыс қарқынымен істеле берсін», «Мемлекеттік соғыс заемы – халық мүддесі», «Қызыл Армияға киім берушілер күн санап көбеюде», «Біз ұрыстарда ер жеттік» тақырыптарындағы және тағы басқа мақалаларда Ұлы Отан соғысы кезіндегі облысымыздың өмірі объективті айшықталған. Сонымен қатар, жауынгерлерді тәрбиелеуде ұлттық салт-сана, әдет-ғұрып, дәстүрлердің маңыздылығын Ұлы Отан соғысы тәжірибелері айқын көрсетіп берді. Ал, мұны терең ұғынып тани білген әрі оған үлкен мән бере қараған Бауыржан Момышұлы болды. Баукең сөзімен ғана емес, ісімен де өз жауынгерлеріне үлгі болғандығы белгілі. Жас қазақ офицері Ұлы Отан соғысында небәрі екі жылдың ішінде аға лейтенант шенінен полковник дәрежесіне дейін өскен еді. Бауыржан Момышұлының 1941 жылдың қазанындағы Волоколамск шоссесіндегі ерлігі туралы баршамыз білеміз.

Жауынгерлер еліне, әрине, хаттарды көптеп жазды. Мәселен, 1942 жылдың 15 наурызындағы «Красногорші» газетінде жарияланған Қызыл Тулы генерал-майор Панфилов атындағы 8-ші гвардия дивизиясының гвардееці Манап Алпысбаевтың халқына жолдаған жауынгерлік сәлемінде: «Соғыстың алғашқы кездерінде мен наводчик болып істедім. Онда әрбір оқты бос жібермеуді өзіме міндет етіп қойдым. Осы мақсатпен жаудың бізге жасаған бір шабуылында мен оларды 200 метрдей жерге жақын келтіріп алып, пулеметтен ажал оғын атқанда, жүздеген неміс солдатын жайраттым. Қырғынға ұшыраған жау бірнеше машина, танктерін тастап кері шегінді. Ол үшін командования маған алғыс жариялады және мені саяси нұсқаушының көмекшісі етіп тағайындады. Әрине, бұл алғыс мені бұдан былай да жігерлендіре береді. Менің бұдан да зор, ең жоғары наградтарға әлі-ақ қолым жетеді. Ал енді, апа-қарындастар, тағы басқа да жерлес достар, сүйікті Отанымызды қорғауда біздің алдымызда қаншама жауынгерлік міндеттер тұрса, тылды берік сақтай отырып, майданға көмек көрсетуде сіздерге де ұлы міндеттер жүктеліп отыр. Әсіресе, майданға және елімізге етті, майды, астық өнеркәсібіне қажетті шикізатты мол беру үшін үстіміздегі жылдың көктем егісіне ойдағыдай әзірленуде және мал басының продуктылығын (құжатта солай, ескерту – С.Б.) арттыра беруде сіздер де патриоттық жігер тудыртыңдар. Тылдағы сіздер көрсеткен ұлы көмектерге сүйене отырып, біздің гвардеецтер рахымсыз жауды талқандау жолында ақырғы қасық қаны қалғанша күш жұмсап, советтің қалалары мен селоларын пасық герман жендеттерінен түгел тазартатындығында күмән жоқ» дей келе, хатының соңында «туысқан красногорлықтар, жауды жер бетінен жоқ еткен жеңіс тойында кездесеміз» деген ниетін білдіреді.

Шындығында да, Ұлы Отан соғысы кезіндегі жамбылдықтардың тылдағы еңбектері ересен болды. Тек, 1941- 1942 жылдардағы қыстың өзінде жамбылдықтар Қызыл Армия үшін мал өнімінен тігілген, тоқылған 150 мың жылы киім жіберді. Ал, Жамбыл қаласының еңбекшілері 1942 жылы 17 575 шолақ күртеше, осынша пима жинап берді. Осы жылы Брянск майданына 16 вагон сыйлық жөнелтсе, 1943 жылы Ленинградты қорғаушыларға 9 вагон азық-түлік, киім-кешек жөнелтті. Облыс еңбеккерлері танк колоннасын жасақтауға 25 480 мың сом, әскери эскадрилияларды қайта құру үшін 24 557 мың сом өткізіп, 73 562 мың сомның әскери заем облигацияларын сатып алды. 1943 жылы 7 қазанда майданға 24 тонна жарма, 10 тонна күріш, 14 тонна қант, 45 тонна ет, 3,4 тонна кептірілген жеміс, оған қоса 14 мың дана жеке посылкалар жөнелтеді.

Енді тыл майданындағы ерлік тұрғысында Социалистік Еңбек Ері М.Смағұлов ағамыздың өткен ғасырдың 70-жылдарындағы мына бір естеліктеріне мән бергеніміз жөн сияқты. «Мен 1941 жылдың февраль айында Талас аудандық партия комитетіне насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі болып қызметке ауыстым. Барлық күш малды қыстан аман шығаруға жұмылдырылып жатты. Сол жылы ауданда мақта егісінің көлемі 3600 гектарға жеткізілген болатын. Бірақ, оны күтіп-баптаған кезде, қолдың қысқалығы айқын байқалды. Адам күші тым аз болатын. Дегенмен, әйелдер майдангерлердің орнын басып, бұрын болып көрмеген қайрат танытты. Олар мүмкін болғанның бәрін істеді. Соның нәтижесінде мақтаның әр гектарынан 8,5 центнерден өнім жиналды. Бұрын 6-7 центнерден аспайтын. Аудандық партия комитеті «Бәрі де майдан үшін, жеңіс үшін!» деген ұранмен еңбекшілерді ерлік еңбекке құлшындыра білді. Бұрын саптан шығып, зейнетке кеткен 185 адам қайта оралып, әртүрлі жұмыстар атқара бастады. Аудан орталығындағы өндіріс комбинаты соғыстың аз-ақ алдында құрылып, іске кіріскен еді. Онда 10 адам жұмыс істейтін. Соғыс басталысымен олардың саны 120-ға жетті. Комбинатты сол кездің өзінде 60 жасқа жақындап егде тартқанмен, еті тірі Қанипа апай басқарды. Ол жалғыз ұлын қанды шайқасқа аттандырғанмен, қайыспай еңбектенді. Оның қарамағындағы тігіншілер тамыз айына дейін 585 тон, 1200 қолқап тігіп, желтоқсанға дейін 520 пар пима басты. Барлық өнім майдан шебіне жөнелтіліп отырды. Мұндай мысалдар сол жылдары Талас өңірінде аз болмады. Сол жылы ауданда әр жүз саулықтан 108 қозы, әр жүз биеден 83 құлын, әр жүз сиырдан 78 бұзау алынды. Қой сүтінен қаншама ірімшік жасалып, Отан қорғаушы ерлерге жөнелтілді. Шын мәнінде мұндай жаппай ерлік бұл алқапта бұрын-соңды болған емес. Мұндай Отанға шын берілгендіктің үлгісін кейін Свердлов ауданындағы (қазіргі Байзақ) Ново-Ивановка (қазіргі Жетібай) МТС-нің жанындағы саяси бөлімнің бастығы болған кезде де талай peт көзіммен көрдім. Осы станцияның қарамағындағы колхоздарда 1943 жылы 1300 гектар қызылшаның әр гектарынан 320 центнерден өнім жиналғаны әлі есімде. 1945 жылға дейін Меркі, Луговой (қазіргі Т.Рысқұлов) аудандарында аудандық партия комитеттерінде хатшы болған тұста да атқарылған шаруа аз емес. Неше қилы резервтерді тауып іске қосуды ұйымдастырдық. Жеңіс жылы мен Талас аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайландым. Бұл кезде шаруа біраз шайқалып қалған еді. Дегенмен, ауданда әлі де 170 мың қой, 13 мың жылқы бар болатын. Шаруашылықты қалпына келтіру жылдарының қиындығы соғыс кезіндегіден бір де кем емес еді. Майданға кеткен ерлердің біразы қайтып оралмады. Әр үйге қайғы-қасірет батпандап кірді. Зілдей қайғыны мойнымен көтеріп жүріп, еңкейген кәрі, жетім-жесір істі бел шеше атқарды. 1948 жылы аудан экономикасы соғысқа дейінгі дәрежесінен асып түсті. Осыған байланысты аудан бойынша 31 адамға Социалистік Еңбек Ері атағы берілді». Осылай, тылдағы ұлы ерліктің бір парасын айшықтап берген ардагер ағамыз: «Біз оқ дауылына омырауын төсеп, Отанымыздың тәуелсіздігін сақтап қалған арыстан жүректі ерлермен қатар, советтік тылда ер-азаматтың орнын жоқтатпай қаһармандықпен еңбек еткен адамдарды да қадір тұтып, еске алуға міндеттіміз», – деп өз ойын қорытады.

Әрине, жамбылдық жауынгерлер отандастарымен бірге майданның барлық шебінде ерлік көрсетті. Мәселен, Жамбыл қаласында 1942 жылдың қазанында құрылған 81-ші атты әскер дивизиясы Сталинград майданының 28- ші армиясының құрамында, фашистерге қарсы шабуыл басталғанға дейін Астраханьның солтүстік шетіндегі 80-100 километрлік Волга жағалауын ерлікпен қорғады. Жалпы, алты жарым айға созылған Волгадағы шайқасқа елу мың қазақстандықтың қатысып, ержүректілікпен көзге түскендігі белгілі. Сталинградты қорғап, Паулюстің армиясын талқандауда негізгі рөлді Шығыс халықтары, соның ішінде қазақстандықтар атқарғандығын неміс тарихшыларының өзі мойындағаны бүгінде нақты анықталып отыр. Себебі, 1941 жылдың қарашасына дейін фашистер КСРО территориясының 40 пайызын, негізінен оның батыс еуропалық бөлігін жаулап алған еді. Сондықтан да аталған шайқаста ауыртпалық негізінен Шығыс халықтарына түскені анық. Кеңестік статистика Сталинградты қорғаған әрбір жиырмасыншы жауынгердің қазақстандық болғанын жасырмайды. Шындығында, олардың үлес салмағы одан да көбірек болуы мүмкін. Атап айтар болсақ, Сталинград түбінде Свердлов ауданынан (қазіргі Байзақ) Б.Жүзенов, Б.Байжанов, Меркі ауданынан Ә.Сәрсенбаев, Б.Әлмереков, Луговойдан (қазіргі Т.Рысқұлов) Қ.Дүйсенбиев, К.Жатқанбаев сияқты жауынгерлер асқан ерлік көрсетті. Аталған топта жамбылдықтардың аз болмағандығын жоғарыдағы құжаттар анық көрсетіп тұр. Жалпы, өткен соғыста аталарымыздың жанкештілікпен жасаған ерліктерінің ерен болғаны анық. Ендігі жердегі міндет, біздің аға буынымыз жеткен осындай жетістіктерді бағалай білуімізде болса керек. Осы орайда, екінші дүниежүзілік соғыстың қанды шеңгелінен аман қалған абзал ағаларымыздың көзі тірісіндегі естеліктеріне мән берсек, онда осы қанкешуде Берлинге дейін жеткен, жоғарыда аты аталған Бейсен Байжанов ақсақал 1975 жылы тілшіге берген сұхбатында былай депті: «Свердлов ауданындағы Ақжар селосының екі жүз ер азаматы майдан даласынан қайтпады. Соғыс біздің халыққа оңайлыққа түскен жоқ. Жиырма миллион адам шығын болды. Көп адам жетім-жесір қалып, қаншама адам дене мүшелерінен айырылып, мүгедек болды. Өмірінің жастық шағын, махаббатын берді. Менің әскери қызметім 1940 жылдан басталды, 1941 жылдың жазында фашистер мемлекеттік шекараны басым күштерімен бұзып, алға жылжи бастағанда біз Смоленск, Ельна бағыттарындағы қорғану шептерінде күші он есе басым басқыншыларға қарсы тұрып, қайсарлықпен күрескен солдаттар мен офицерлердің қатарында болдық. 1941 жылдың қаһарлы қысында Москваны қорғадық. Москва түбіндегі шайқастарда жауынгерлік тапсырманы орындағаным үшін менің омырауыма «Ерлігі үшін» медалі қадалды. Бұл ең алғашқы жауынгерлік наградам еді. 1942 жылдың қыркүйек айынан бастап Сталинградты қорғауға қатыстым. Генерал-майор В.Чуйков басқарған атқыштар дивизиясында болдым. Қаһарман қалада әрбір метр жерді, әр үйді қорғадық. Жау самолеттерінің бомбалары, снаряд, миналары зуылдап жарылып, бүкіл қаланы өрт шалды. Осының бәрін көріп, табандылықпен күрестік. Взвод командирі ретінде бір күнде үш шабуылды тойтаруға қатысқаным үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен наградталдым. 1943 жылдың 2 ақпанында Сталинград түбінде қоршауға алынған жау әскерлерін талқандау аяқталды. Мен басқарған взвод солдаттары қаладағы «Универмаг» ауданында немістің 6-шы армиясының командирі, генерал-фельдмаршал Паулюсті қолға түсіруге қатысты. 1943 жылдың маусым айында гитлершілер командованиесі Орел-Курск иінінде барлық күштерін топтастырып, «Тигр» танкілерін, «Фердинанд» деп аталатын өздігінен жүретін зеңбіректерін бетке ұстап шабуылға дайындалды. 5 шілдеде фашистер таңертеңмен шабуылды бастап, біздің алдыңғы шепті самолеттерімен бомбалай бастады. 69-шы армияның құрамындағы 9-шы корпустағы менің басқаруымдағы батальон Орел түбінде жау шабуылын тойтарып, 10 танкі мен 100 солдаттың көзін жойды. Танкіге қарсы күресіп, күні-түні жау шабуылын тойтарып, алға өткізбедік. Бір жетіден кейін өзіміз шабуылға шықтық. Мен «Қызыл ту» орденімен наградталдым. 1943 жылдың қазан айында Чернигов бағытындағы мен басқарған батальон Днепр өзенінің батыс жағасына бірінші болып өтіп, жау бекіністеріне лап қойды. Маған Бас қолбасшының бұйрығымен алғыс жарияланды және «Александр Невский» орденімен наградталдым. 1945 жылдың қаңтар айында Польшаны азат ете отырып, фашистік Германияның жеріне жақындай бастадық. Соғысты бастап, жерді қанға бөктірген, талай сәбиді, ананы пешке жағып өртеген жауды өз үңгірінде жойып, жеңіс туын желбірету күнін асыға күттік. Көктемде Германияның Одер өзеніне жеттік. Біздің 77-ші гвардия атқыштар дивизиясының 9-шы гвардия атқыштар полкінің жаяу әскерлері сонау Волгадан, Днепр-Висла өзендерінен осы жерге дейін жауды өкшелей қуып келді. 27 сәуірде біздің жаяу әскерлер Магдебург қаласын алды. 1945 жылдың 2 мамырында Кеңес әскерлері Берлинді алды».

Қазақ капитаны Бейсен Байжанов 9-шы атқыштар полкінің құрамында өз батальонын бастап Рейхстагқа шабуылды жүргізгені үшін екінші рет «Қызыл ту» орденімен наградталады. Ал, 8 мамырда фашистік Германия өкілдері сөзсіз тізе бүгу туралы шартқа қол қойды. «Осылай, 9 мамырда фашистік Германия бастаған соғыста Кеңес Қарулы күштері, көпұлтты Кеңес халқы жеңіске жетті», – деп сөзін қорытады ерліктің қиянына шыққан абзал ағамыз.

Жамбылдықтар партизан қозғалысына да белсенді атсалысты. Тұрғынбек Тыныбеков, Сыдық Қайдарқожаев секілді жерлестеріміз жау тылында фашистерге қарсы ерлікпен шайқасты. Осы тұрғысында бұрынғы партизан, Ұлы Отан соғысының ардагері, запастағы офицер Мәжит Мұқановтың естелігінде: «1943 жылдың жазы. Кеңес Армиясының неміс басқыншыларын Брянск қаласына қарай тықсырып келе жатқан кезі. Біздің екінші Клетня партизан бригадасы Орел және Смоленск облысының түйіскен жерінде қимыл жасауда болатын. Клетня қаласында немістің паспорт столында екі жылдан астам жұмыс істеп жүрген біздің барлаушы немістердің демалыста болған артиллерия бөлімшесінің Брянск бағытына кетіп бара жатқанын бізге хабарлады. Біздің бригада фашистердің бұл бөлімшесін майданға жеткізбей жермен-жексен етуге бел байлады. Мен жолдастарыммен бірге жау тылында барлау жұмысын және бүлдіру әрекеттерін жүргізуге машықтанған едім. Біздер он адам болып Заводок пен Бардичи деревняларының арасындағы жолға шықтық. Жолдың 200 метр ұзына бойына шахмат тәртібімен тереңдігі жарты метр шұңқырлар қазып, олардың бәріне жарылғыш заттар қойдық. Бәрін сыммен байланыстырып, оның бір ұшын 300 метр қашықтықтағы бір биік ағаштың түбіне әкелдік. Жарылғыш заттар орналасқан жол үстін әбден таптадық та, үстінен тырма және арбаны ерсілі-қарсылы жүргіздік. Бригаданың 500-ден астам жауынгері жол бойына тосқауыл жасап жасырынды. Мен түбіне әлгі сым жеткізілген үлкен ағаштың басына шығып, немістер келетін жақты барлаумен болдым. Сымның ұшын және электр батереясын Вернер ұстап отырды. Таңертең күн шыға біздің қасымызға бригада командирі Коротченко мен комиссар Лебедев келді. Коротченко: «Сіздердің қоймаларыңыз анау телефон бағаналарының қай тұсында жатыр?» – деп сұрады менен. Мен: «Жолдас подполковник, қоймаларымыз анау бағаналардың арасында», – деп дәл көрсеттім. «Оларды қашан пайдаланасыздар?» – деді тағы командир. «Фашистер оның үстіне толық келіп болғанда сұмдарға «той» жасаймыз», – дедім. Мерзімді уақытта немістердің транспорты мен техникасы, әр калибрлі зеңбіректері мен алты стволды минометтері көрінді. Жарылғыш заттар көмілген жол үстімен өтіп барады, таусылар емес. Шыдамымыз шегіне жетуге таяу. Мұндайда бір минуттың өзі әрең өтетін сияқты. Бір уақытта төрт қатар сапқа тұрған, бастарында темір телпектері бар әскерлер келе жатты. Фашистер біздің күткен жерімізге жетті. «Партизан Вернер, жарылғышқа от бер!» – деп айқайлап жіберіппін. Қас қаққанша 200 метр жердегі фашистер топыраққа араласа аспанға бір-ақ атылды. Жарылыс болысымен тосқауылда жатқан партизандар алға өтіп кеткен жаудың техникасына шабуыл жасады. Естерінен айырылған фрицтер жөнді қарсыласа алмады. Осы операцияда фашистердің 37 офицері мен солдаты тұтқынға алынды. Бұлар бізге өте маңызды мәліметтер берді. Олардың ішінен неміс коммунистеріміз деген он адамды «Үлкен жерге» жөнелттік. Қолға түскен соғыс техникасы мен құралдары бұдан кейінгі операцияларда немістердің өзіне қарсы жұмсалды. Ал, азық-түлік, киім- кешек партизандардың қажетіне жарады.

Тағы бір оқиға. Белоруссияның Пригорня теміржол станциясы арқылы немістер майданға күн сайын 12-17 эшелон өткізіп тұрды. Біздің бригада өзінің толық құрамымен түнде келіп станцияны қоршай орналасты да, таң ата шабуыл жасап, неміс гарнизонын құртып жіберді. Бұл операцияда мен пойыздан су алатын водокачканы қиратып, госпитальды өртеп жіберуге қатыстым. Партизандық жорық күндерінде «Рельс соғысы» дейтінге де қатысып, талай жауынгерлік тапсырманы орындауға атсалыстық. «Рельс соғысы» арқылы теміржолда немістерге жөнді жұмыс істетпейтінбіз. Мұның өзі Қызыл Армияға үлкен көмек болатын. Мен қарулас достарыммен бірге екінші Клетня партизан бригадасы құрамында 27 ай бойы болып, жауынгерлік айқастарға қатыстым. Менің партизан отрядында атқарған істерімнің біразы Әди Шәріповтың «Ормандағы от» деген кітабында, бір топ авторлардың «Ерлік» атты жинағында, «Қазақстандықтар Ұлы Отан соғысында» деген альбом- кітапта жазылған. «Отан соғысы» ордені, «Отан соғысының партизаны» медалі және жауынгерлік алты медаль партизандық ісімнің белгісі іспеттес», – деп жазылыпты.

Қазақ жауынгер-партизандарының мұндай сұрапыл ерліктерінің аз болмағандығы анық. Айтар болсақ, тек Украинадағы А.Грабчактың партизан құрылымында 41 қазақ жауға қарсы күресіпті. Олардың арасында жамбылдық жерлестеріміз болуы әбден мүмкін. Соғыс жылдары батырлық пен ерлік көрсеткен әйелдер де аз болмады. Олар Отанымыздың тәуелсіздігі мен азаттығын тек тылдағы ерен еңбектерімен ғана емес, Ұлы Отан соғысы майдандарында қолына қару алып та қорғаған еді. 1943 жылдың ақпанына дейінгі кезеңде Жамбыл облысынан шыққан 270 қыз- келіншек Қызыл Армия қатарында соғысып жатты. Олардың қатарында Нұрғаным Байсейітова мен Тұрғаш Жұмабаева сияқты ерлік көрсеткен жамбылдық апаларымыз да болды. Әрине, осы және жоғарыда есімдері аталған ардақтыларымызбен қатар, аты қазірге дейін беймәлім болып отырған басқа да абзал аталарымыз бен апаларымыздың ерліктерін бүгінгі ұрпақтарына жеткізу осы бағытта жұмыс атқарып жүрген баршамыздың парызымыз.

 

Сейдахан БАҚТОРАЗОВ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, «Дулатитану және өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support