- Advertisement -

Медиа білім – қажетті ілім

47

- Advertisement -

Қазіргі әлемде медиа және цифрлық технологиялар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Балалар мен жасөспірімдер интернетте көбірек уақыт өткізеді, бейнеролик көреді, әлеуметтік желілерді пайдаланады және түрлі мессенджерлер арқылы сөйлеседі. Дегенмен, сонымен бірге келешек ұрпақтың цифрлық сауаттылығы мен сыни ойлауын дамыту үшін мектептерде тиімді медиа білім беру қажеттілігі артып отыр. Қазіргі әлемде білім беру жүйесінде медиа білімнің жоқтығы барған сайын байқалатын мәселеге айналуда.

Жалған жаңалықтар, цифрлық сауаттылық және кибербуллинг сияқты терминдер бәрімізге таныс. Бірақ, көптеген оқушы, студент, тіпті мұғалімдер бұл ұғымның өмірімізге әсері туралы жеткілікті түсіне бермейді. Медиа білімнің жоқтығы ақпаратты саналы тұтынуда алшақтықты тудырып, жалған ақпараттың таралуына ықпал жасап және жеке тұлғалардың әртүрлі цифрлық қауіптерге осалдығын арттырады. Интернетте өтетін уақыт сыни ойлау мен талдауға емес, үстірт түсінуге көбірек жұмсалады.

Оған бірнеше мысал келтіре кетейін. Мектеп жасындағы балалар мен әлеуметтік желілерге қатысты соңғы оқиғалардың бірі – кибербуллинг мәселесі. Бұл интернет пен әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асырылатын қорлаудың бір түрі. Балалар мен жасөспірімдер кибербуллингке ұшыраған жағдайда бұл олардың психикалық және өзін-өзі сынап-мінеуіне әкеліп соғады. Интернеттегі алаяқтық пен киберқауіпсіздік осалдығы туындайды. Балалар алаяқтардың, мысалы, фишингтік шабуылдардың құрбаны болуы немесе желіде өзін басқа балалар сияқты көрсететін ықтимал кибершпиондармен кездесуі мүмкін.

Сабаққа деген зейінді жоғалтады. Әлеуметтік желіні үнемі пайдалану сабақтан алшақтатуға, сондай-ақ есте сақтау мен зейіннің нашарлауына әкеледі. Өзін басқалармен салыстыруы күшейеді. Оқушылар әлеуметтік желідегі басқа студенттердің өмірімен және жетістіктерімен үнемі салыстыру нәтижесінде өздерін төмен сезінеді.

Жеке ақпаратқа оңай қол жеткізу мүмкіндігі туады. Құпия ақпаратты дұрыс басқармау мәліметтерді тез табуға, ақпаратты дұрыс пайдаланбауға және құпиялылықтың бұзылуына әкелуі мүмкін.

Білім беру мекемелері медиа білім беруді оқу бағдарламалары мен оқыту әдістеріне белсенді түрде енгізуі керек. Оқушы цифрлық әлемнің ақпараттанған қатысушысы болу үшін ақпаратты сыни бағалауды, бұқаралық ақпарат құралдарын талдауды және цифрлық сауаттылықты дамытуды үйренуі керек. Медиа білім беру сонымен қатар, медиа жобалар мен тапсырмалар арқылы шығармашылық ойлауды ынталандыруға және коммуникация дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Бұл оқушылардың медиа хабарламаларды түсініп қана қоймай, соған қоса оларды жасауға, заманауи медиа мәдениеттің белсенді қатысушылары болуға көмектеседі. Медиа білімнің жетіспеушілігімен күресу білім беру мекемелерінің, мұғалімдердің, ата-аналар мен жалпы қоғамның бірлескен күш-жігерін қажет етеді. Білім беру бағдарламаларын, оқыту ресурстарын және тәжірибе алмасу алаңдарын құру жеке және қоғамдық игіліктер үшін медиа технологияларды саналы түрде пайдалана алатын коммуникативті сауатты және цифрлық медиаға дайын ұрпақты қалыптастыруға көмектеседі.

– Медиа білім беруді мектеп бағдарламасына енгізуге қолдау білдіремін. Ата-ана қауымдастығымен жұмыс жүргізгенде ата-ана тарапынан баланы мобильді ұялы телефон, тағы басқа гаджеттерде «ата-ана шектеуі» деген болады. Оны көптеген ата-аналар біле бермейді. Сондықтан арнайы кездесулер ұйымдастырып тұрамыз. Осы мәселені көтере отырып, ата-ана назарын өзімізге бұрамыз. Балаларға да осы мәселе жөнінде көп айтамыз. Ата-аналарға «Балалар қандай қосымшаларға және сайттарға кіретініне назар аударыңыздар» деп ескертіп отырамыз. Бұл мәселеге қатысты жалғыз ата-ана тарапынан ғана емес, мектеп тарапынан да жұмыс жүргізіледі, – деді облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұхит Нысанбаев.

Ал, бұл мәселеге жас буынның пікірі қандай?

– Қазіргі таңда қоғамда жастар медиа білімсіз қаншама проблемаға ұшырап жатыр. Мысалы, балада сауаттылық қалыптаспағандықтан, түрлі ағымдарға, алаяқтарға ұрыну қаупі бар. Мектепке медиа білім беруді енгізу қажет. Себебі, балаға ең бірінші қауіпсіздікті үйрету керек. Оның болашағын кішкентай кезінен қолға алған дұрыс. Сонда бала мектепте тек білім ғана алып қоймай, ересек өмірге қажетті дүниелерді, қауіпсіздік, сауаттылықты сіңіріп шығады, – дейді Веб-журналистика мамандығының студенті Бағжан Шамшиева.

Бүгінгі таңда медиа білім беруде серпіліс жасау дегеніміз – әрбір адам ақпаратқа қол жеткізу ғана емес, сонымен бірге оны түсіну және талдау, сондай-ақ, өз өмірінде анағұрлым саналы шешім қабылдау мүмкіндігі бар ертеңгі тұрақты және табысты қоғамды қамтамасыз ету. Мектептерде медиа білім беруді енгізу туралы ғалымдардың пікірлері де екіге бөлінген. Олардың көпшілігі оқу бағдарламасына медиа білім беруді енгізу идеясын қолдайды. Қазіргі әлем ақпараттық және цифрлық технологияға қаныққан. Ғалымдар цифрлық сауаттылықты дамыту және БАҚ материалдарын сыни тұрғыдан бағалау қабілеті оқушылар үшін маңызды деп санайды. Жалған жаңалықтар мен цифрлық дезинформация кезеңі оқушыларға ақпаратты өз бетінше тексеру және бағалау дағдыларының болуын талап етеді. Медиа білім БАҚ механизмдерін жақсырақ түсінуге көмектеседі және манипуляцияларға берілмейді. Жобалар жасау арқылы шығармашылық ойлауды ынталандырады және коммуникативті дағдыларды дамытады. Оқушы тұлғасының жан-жақты дамуына жағдай жасалады. Цифрлық ортада белсенді бола алады. Сондай-ақ, ата-аналардың, білім беру мекемелерінің және жұртшылықтың, оқу-тәрбие үдерісінде осы қағидаларды барынша тиімді енгізуді қамтамасыз ету үшін, медиа білім беру бағдарламаларын қалыптастыруға және жүзеге асыруға белсенді қатысуы маңызды.

Расында, мектеп бағдарламасына медиа білім беруді енгізу балаларға медиа ресурстарды тиімді пайдалануға, жағымсыз әсерлерден қорғануға және заманауи ақпараттық қоғамға сәтті бейімделуге қажетті дағдыларды дамытуға ықпалы зор.

 

Дариға АСҚАР,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің веб-журналистика мамандығының

3-курс студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support