- Advertisement -

Ақниеттің табандылығы

33

- Advertisement -

Кәсіп – айтуға оңай болғанымен, атқаруға қиын, алып жүруге ауыр шаруа. Бірақ, бейімің болса бейнетіне төселіп кетесің. Бұл – Ақкөл ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Ақниет Әбілданың пікірі.

Жиырма жеті жастағы Ақниет үй іргесінен мал бордақылау алаңын ашып, іс бастауға ниет білдіріпті. Қолдағы түлікке қарап, мал танып өскен жас жігітке бұл таңсық емес. Содан болса керек, кәсіптің осы түрімен айналысуға тәуекел білдіріп, білек түріпті. Алдымен ол «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтіп, сертификатты иеленген. Бизнес жоспарын әзірлеп, қайтарымсыз грант алуда ол құжаттың пайдасы аз болмаған.

2022 жылы 1 миллион 225 мың теңге грантқа қол жеткізіп, 3 жылқы малын алады.

Табысың артсын десең, кәсібіңді кеңейт. Жазылмаған осы бір қағиданы ұстанған Ақниет бұл жолда аз еңбектенбейді. Әрі өзі ойлағандай жұмыстың оңай еместігіне көз жеткізеді. Бірақ, алға қойған жоспарына жететініне сенімді.

– Әуел баста 3 жылқы алдым. Оның жем-шөбі бар. Аз қаражат кетпейді екен. Бұдан бөлек, қорада уақ мал бар. Жылқыны жалпы 90 күн бағып, күтесің, жем-шөбін тұрақты бересің. Оларға да қарау керек.

Қазір жоқ деуге келмес. Қазақ етсіз отырмаған ғой. Тапсырыстар түсіп жатыр. Кейде Алматы мен Астана қаласындағы ағайындар сұраныс білдіріп жатады. Ауыл ішінде де ет алатындар көп. Кейде жағдайға қарай, ақшасын бөліп төлеуге келісеміз, – дейді жасап жатқан кәсібімен бөліскен Ақниет.

Қораға жапсарлас соғылған шағын бордақылау алаңында өткен жылы 8 жылқы байлап өткізсе, биыл қыс мезгілі аяқталмай жатып 9 жылқыны өткерген. Одан бөлек, жыл сайын саудаланатын 25-30 уақ малды қосыңыз. Бұл кәсіп тек қыс мезгілінде ғана емес, жаз ортасына дейін жалғасатын көрінеді. Күз ауа кәсіп қайта басталады.

Қазір аймақтарда «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырыла бастады. Жоба әсіресе тірлікке білек түріп, іске талап білдірген шалғай ауыл тұрғындарына үлкен қолдау болып жатыр. Әсіресе 2,5 пайызбен берілетін несие талай адамның ойдағы жоспарын жүзеге асырмақ. Ауылдағылардың үмітін арттырып, ынталандырып отырғаны да осы жаңалық. Жас кәсіпкер бұл мүмкіндікті пайдаға жаратып, шаруасын кеңейтпек ниетте. Тиісті құжаттарын дайындап, қажетті қаражатын да белгілеп қойған.

Жас кәсіпкер 2-топтағы мүмкіндігі шектеулі жан. Бірақ, қатардан қалдым деп отырған Ақниет жоқ. Айтар болсақ, бір өзі екі адамның жұмысын еңсеріп жүр. Ешкімге міндет артқан кезі және жоқ. Қанмен сіңген қайсарлықтың арқасында табысын айырып, қатарының алды болып келеді.

 

Нарбол ҚАШАҒАН,

журналист.

Талас ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support