Суы – бал, ауасы– шипа

Суы – бал, ауасы– шипа
ашық дереккөз
Суы – бал, ауасы– шипа
Меркі – түркілердің ежелгі мекені. Алатаудың көз тартар табиғатының аясында орналасқан Меркі ауданы талай жанға құтты қоныс болып отыр. Тарихына үңілсек, мұнда сақ, ғұн тайпалары мекендеп, кейін үйсін ұрпақтары билепті. Үйсіннің 35-ұрпағы Меркі батыр өз заманында жерді жаулардан қорғап, халқын ұлан-асыр байлыққа бөлегені жайында аңыз да бар. Елінің бейбіт өмір сүруіне үлкен үлес қосқан батырдың құрметіне осы аймаққа Меркі атауы беріліпті. Қазір Меркі – облысымыздағы табиғаты сұлу, тарихы бай, қайталанбас мәдени мұрасымен үйлесім тапқан бірегей аудан. Осы ерекшеліктерінің арқасында туристер үшін тартымды жерге айналған. Тасын түртсең тарих «сөйлейтін» тылсым сырлары, көз тартар көрікті жерлері өзіне шақырып тұратындай әсер қалдырады. Біраз жыл бұрын жамбылдық азаматтар бастама көтеріп, Меркіде «Алтын аймақ шақырады» атты «Әулие Көл – Көккөл – Қарақыстақ» тау жайлауына ауданда туристік саланы дамыту мақсатында жорық-экспедиция ұйымдастырған болатын. Сондағы туристік жорыққа қатысам деушілердің ынта-ықыласы, қызығушылығы бастамашылардың өзін таңғалдырған. Меркі дегенде, алдымен еске түсетіні – әлгі жұмбақ Көккөл ғой. Суы емдік қасиетке ие болғандықтан, жүрек пішініне ұқсас тұнып тұрған мөлдір көлге келетін туристердің саны жыл сайын артуда. Судың тұнығы мен қасиетін сезінуге, көлдің ашылмаған тылсым сырларын ұғынуға келетіндер қатары да көп. Көккөл расында, несімен тылсым дейсіздер ғой? Біріншіден, жаңбыр жауса да, қуаңшылық болса да судың деңгейі бірқалыпты сақталады. Ешқашан өзгермейді. Таңғалатыны, көлге келіп құятын бірде-бір өзен жоқ. Сондай-ақ, суға түскен жапырақ немесе кез келген заттың су бетінде қалықтап жатуын көру мүмкін емес. Жергілікті тұрғындар арасында Әулиекөл деп аталып кеткен бұл көлдің ашылмаған сыр сандықтары, таңданарлық құбылыстары әлі де бар. Негізінен Меркі жерінің ауасы да, суы да шипалы екені көпке белгілі. Таулы өңірде орналасқан, ағып жатқан өзен мен тау самалы шипа беретін, табиғи емдік қасиеттерімен ерекшеленетін, жылдың қай мезгілінде болсын, ем алушылардың қатары сиремейтін шипажайларының өзі қандай? Шетелдің небір демалыс орындарынан асып түсетін шипажайларға емделушілер төрт жерден ұңғыма арқылы шығып жатқан радонды минерал суы мен қолайлы климаты үшін келеді. Шипалы судың емдік қасиеті бірнеше ауруға, оның ішінде тірек-қимыл жүйесі, сүйек-буын, асқазан-ішек, жүрек-қан тамырлары мен жүйке, жұқпалы тері ауруларына және урологиялық, эндокриндік дерттерге ем. Талайды табиғатымен тамсандырып, тарихымен білім көкжиегін тереңге жетелейтін сұлу аймақтың туризмді бұдан да жоғары дамытуға мүмкіндігі зор.Бағжан  

Бағжан ШАМШИЕВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті веб-журналистика мамандығының 3-курс студенті.

Ұқсас жаңалықтар