- Advertisement -

Жастарға жасалған мүмкіндік

49

- Advertisement -

Тараз қаласының «Құмшағал» алабында ел игілігіне берілген дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешені – шынығып шымыр болғысы келетін жасөспірімдерге жасалған мүмкіндік. Спорт кешенінің құрылысын тараздық «Нұр- Тұрсын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Аталған құрылысқа Тараз қалалық бюджетінен 465 миллион теңге бөлінген.

Спорт кешенінің салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, тұрғындарды жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады.

– Қадірлі Құмшағал тұрғындары мен қонақтары! Біз бүгін сіздердің алапта бой көтерген жаңа спорт кешенінің ашылуына куә болып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық салаға, оның ішінде спортқа ерекше көңіл бөліп келеді. Биылғы жылы біздің өңірде оннан астам спорт нысандары салынатын болады. Себебі, денсаулығы мықты, спортшы жас ұрпақ – еліміздің кемел болашағы. Жамбыл топырағының спорттағы даңқы өте жоғары. Өңірімізден шыққан Олимпиада, Әлем чемпиондары – мақтаныштарымыз. Ашылып жатқан осы кешеннен де болашақта чемпиондар шыға берсін. Осында келіп, спорт үйірмелеріне жазылып жатқан балалардың қадамына сәттілік тілеймін. Қазақстанның спорттағы даңқы арта берсін. Облысымыздың даңқы арта берсін! – деді облыс әкімі.

Мұнан соң «Құмшағал» алабының тұрғыны Рахманбек Өзтаев құттықтау сөз сөйлеп, облыс және Тараз қаласының әкіміне алғысын білдірді. Сондай- ақ, ақсақал келешекте осы кешеннің жанынан Мәдениет үйі салынса деген тілегін де жеткізіп, батасын берді. Дзюдо спортынан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ахмет Жұмағұл сөйлеп, жаңа спорт кешені балаларға шексіз қуаныш сыйлағанына тоқталды. Кешеннің тұсаукесерінде лентаны қадірлі ақсақал Рахманбек Өзтаев пен белгілі бапкер Ахмет Жұмағұл қиды.

Келесі сәтте облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жаңа ғимаратты аралап көрді. Мұнда жасөспірімдер спорттың 8 түрімен алаңсыз шұғылдана алады. Атап айтқанда, футзал, баскетбол, волейбол, қазақ күресі, самбо, дзюдо, бокс, кикбоксинг спорт түрлерімен шұғылдануға мүмкіндік бар. Аймақ басшысы баскетбол алаңында жүрген балаларды сөзге тартып, дзюдо күресімен және бокспен шұғылдануға ниеті бар жасөспірімдерге де ризашылығын білдірді.

Болашақта мұнда 500-ден астам балалар мен жасөспірімдер қамтылады деп жоспарлануда. Біз балалардың лебізін де тыңдадық. Аталған алапта тұратын жасөспірім Еміл Тынышбаев: «Мұндай заманауи спорт кешені біздің аймаққа өте қажет еді. Ашылып жатқанына қуаныштымыз. Мен де кикбокс спортына қатысуға бел буып отырмын. Жанашырлық танытқан ағаларға рақмет», – десе, алты жастағы Нұрәлі Ақсанди де: «Дзюдо күресіне қатысатын боламын. Болашақта чемпион болғым келеді», – деді. Нысанның ашылу салтанатына самбо күресінен КСРО чемпионы, ардагерлер арасында Әлем чемпионы Алмас Мұсабеков те келіпті.

Бір айта кетерлігі, ашылған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің базасында Тараз қаласы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Балалар мен жасөспірімдердің дене дайындығы клубы» коммуналдық мемлекеттік мекеме сі құрылып үлгерді. Аталған мекемені Жиенбай Абжанов басқаратын болады. Мұнда жиырмаға жуық адам жаңа жұмыс орнымен қамтылады. Ең бастысы, бақытты балалардың спортпен еркін айналысуына жол ашылып отыр.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы

Суретті түсірген Юрий КИМ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support