Жас жауынгерлердің жауапты міндеті

Жас жауынгерлердің жауапты міндеті
ашық дереккөз
Жас жауынгерлердің жауапты міндеті
Отан қорғау жолында перзенттік парызын адал атқарып жүрген әскерилер қатары жас сарбаздармен толықты. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланның жас сарбаздарының әскери ант қабылдау рәсіміне облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, жас жауынгерлердің жауапты міндетіне сенім білдіріп, сәттілік тіледі. «Жеңіс» саябағында өткен салтанатты іс-шара даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. – Ел Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Отан қорғаудан артық міндет жоқ екенін атап өтті. Армия – мемлекеттің берік қорғаны. Елдің қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғау үшін әскер қатарына алынған әрбір азаматтың қадамдарының бірі – әскери ант қабылдау. Отан қорғаушы болу – өте абыройлы әрі жауапты іс. Сондықтан, әрбір әскери білім мен дағдыны табандылықпен меңгеру қажет. Ел ішіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету – Ұлттық Ұлан әскерінің басты борышы, – деген Ербол Қарашөкеев жас сарбаздардың елге қызмет етуде үлкен жетістікке жетуіне тілектестігін білдірді. Бұдан кейін салтанатты жиынға қатысқан әскери бөлімдердің басшылары, ата-аналар ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ресми түрде ант қабылдаған жауынгерлерге жүрекжарды лебіздерін білдірді. – Отан қорғау әрбір ұрпақтың асыл парызы болғандықтан, ұланғайыр даламызды жаудан қорғаған кешегі ата-бабаларымыздың ізгі жолын жалғап, жауапты іске ниет білдірген жас сарбаздарға абырой жолдас болсын. Бұл ұлтымыздың қанына сіңген ерлік жолы. Мемлекетіміздің дамуы үшін оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуден асқан міндет жоқ. Сондықтан, жастарымыз асыл міндетті мінсіз атқарады деген сенімдемін,– деді 5513 әскери бөлімінің командирі, полковник Ғазиз Кәдірбек. Іс-шара соңында жас сарбаздар дайындық мерзімінде меңгерген дағдыларын, қарумен және қарусыз игерген саптық амалдарын көрсетіп, көпшілік алдында салтанатты маршпен жүріп өтті. Айта кетейік, бұл күні 5513 әскери бөліміне Алматы, Жетісу, Атырау, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларынан келген 292 сарбаз қосылды.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар