- Advertisement -

Жыр алыбының көне кітабы

27

- Advertisement -

Қазақ халқының суырыпсалма ақындық мектебінің іргесін қара домбырамен қалап, өлеңмен өріп, өшпес өсиетті өнегемен өрнектеген Жамбыл Жабаевтың есімі әулиеаталықтар үшін ұрпақ сабақтастығының ұлағатты ұранына айналған десек, артық етпес. Ел тарихында алғаш рет ақынның атымен аталған аймақ үшін жыр алыбының әр сөзі тағылым, әрбір жәдігері жауһардай жақұт. Жыл жылжып, ғасыр аунаған сайын уақыттың уысына сыймай, алыстаған сайын асқақтай түсетін тау тұлғаның алғашқы жеке жинағы көзінің тірісінде жарық көрсе, жырдың қызыл жолбарысы Жаратушысына қайтқаннан кейін оқырманның олжасына айналған екінші топтамасы қазіргі таңда Тараздағы тұңғыш қазақ мектебі болып ашылған білім ошағында сақтаулы.

1934 жылдың 25-ші қыркүйегінде Әулиеата қалалық кеңесінің шешімімен облыс орталығында алғаш қазақ баласына қара таныта бастаған бұл білім ошағына араға төрт жыл салып, яғни 1938 жылдың 1-ші шілдесінде Жамбыл Жабаевтың аты берілген еді. Содан бері елге белгілі қаншама қайраткердің ұшқан ұя, ұлағат ұстаханасына айналған Жамбыл атындағы №5 мектеп- гимназиясы бүгінгі таңда да ұрпақ тәрбиелеу ісіне сүбелі үлес қосып келеді. Біз дәл осы білім ошағынан жыр алыбының сонау 1946 жылы жеке дара жарық көрген екінші топтамасын тауып, оның әрбір сарғайған парақтарынан халықтың ақынға, ақынның халыққа деген сағынышының салмағын сезгендей болдық.

– Жамбыл бабамыздың көне кітабы біздің мектептің ең құнды жәдігері, рухани төлқұжаты деп айтар едім. Мектепке келген әрбір бүлдіршін үшін де бұл әліппеден кем түспейтін киелі жинақ. Онда ақынның өз аузынан жеткен шумақтары түпкі қалпын жоғалтпай топтастырылған. Өкінішке қарай, осы жинақты бізге кімнің тарту еткені жайлы хабарымыз жоқ. Десек те, отыз жыл бойы мектеп мұражайының құндылығын арттырып тұрғаны сөзсіз. Жыр алыбының қазіргі таңда қаншама жинақтары жарыққа шығып жатыр, бірақ ең алғашқы кітаптарының орны қашанда қастерлі болып қала береді. Білім ошағына келіп, мұражайымызбен және ондағы осы жинақпен танысып, кітаптың шыққан кезеңіне көз қызығушылық танытатындар өте көп. Дегенмен, бұл жинақ дәл өзінің орнында, ұрпақ тағылымының ұшар басында тұрғаны дұрыс деп санаймын. Қазіргі таңда мектебімізде 2300-ден астам оқушы білім алып жатыр. Солардың кез келгені кемінде Жамбыл ақынның бес өлеңін жатқа біледі. Жүздеген жырын жатқа айтатын оқушыларымыз да аз емес. Бабамыздың өлмес, өшпес өлеңдері ұрпақ тәрбиелеу жолында таптырмас тағылым құралы. Оқушыларымыз баба рухына тағзым етіп, өлеңдерімен сана суарып өсіп келеді. Біздің мектептің табалдырығын алғаш аттаған әрбір оқушы Жамбыл бабамызды өзіне рухани идеал санайды. Бастауыш сыныптар ақынның өлеңдерін жаттап жарысса, жоғары сыныптар шығармашылығын тереңірек зерделеумен айналысады,– дейді Ж.Жабаев атындағы №5 мектеп-гимназия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Сандуғаш Бақтыбаева.

Көлемі жеті жүз беттен асатын қалың жинақ 1946 жылы Алматы қаласында «Қазақтың біріккен мемлекет баспасынан» жарық көріпті. Жинақтың алғашқы бетінде шығарушылар алқасының алғысөзі берілген. Онда: «Жамбылдың бұл толық шығармалар жинағы ұлы ақынның туғанына 100 жыл толу мерекесіне арналып шығарылып отыр. Жамбылдың өлең жырлары мен оның ақындық есімі 1931-жылға дейін көп мәлім емес еді, тек 1924 жылы Сарыбаев Шамғали Жетісудағы ақын, жыршылар туралы жазған қысқа мақаласында («Терме» – әдебиет құрасыны, 1924 жыл, Ташкент) Жамбылдың өмірі мен шығармалары жайлы біраз мәлімет берген. Одан соң 1931 жылы басылған «Қазақ әдебиетінің нұсқалары» (Алматы) деген кітапта Жамбыл мен Құлмамбеттің айтысы қысқа түрде басылған. «Жастар алдындағы сөз» деген шағын бір жыры 1934-жылы «Лениншіл жас» газетінде жарияланған. Одан кейінгі бірқатар өлеңдері «Сталинге арналған жыры» деген кітапшада басылды (1936 жыл, Алматы) Әртүрлі жинақтарда, журнал, газеттерде басылғаны да комментарияда көрсетілді. Өз алдына жинақ болып шыққан Жамбылдың басты- басты өлеңдері» деп ақынның бұрын-соңды қағазға басылмаған жырларының тізімі жасақталыпты.

Сондай-ақ, 1942 жылдың жаз айында Жамбылдың үлкен ұлы Алғадай әскер қатарына шақырылып, майданға аттанған кезде қоштасып айтқан «Аттандыру» секілді жинаққа алғаш рет еніп отырған өлеңдеріне қысқаша түсініктемелер берілген. Бірінші бөліміне революцияға дейінгі, екіншісіне айтыстары және үшінші бөлімге революциядан кейінгі жырлары топтастырылған.

Жалпы, Жамбылдың әдеби мұрасын жинап, хатқа түсіру ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарында ғана қолға алына бастады.

Әдеби сарапшылардың айтуынша, алғаш рет 1925 жылы «Терме» журналында дерек берген Шамғали Сарыбаевтың, арнайы хатқа түсіріп, тиісті ғылыми мекемеге өткізген Сабыр Шәріповтің 1927 жылғы көлемді қолжазбасы – жамбылтанудың бастауында тұрған аса құнды мұра. Сәкен Сейфуллин Жамбылдың өз аузынан жазып алған Құлмамбет ақынмен айтысы 1931 жылы «Ескі әдебиет нұсқалары» жинағында басылған. Кейіннен көпшілік туындыларын ақынның өз аузынан Қалмақан Әбдіқадіров, Тайыр Жароков, Ғали Орманов, Әбділда Тәжібаев, Қасым Тоғызақов сынды әдеби хатшылары жазып алып отырған.

Ал, Жамбыл шығармаларының алғашқы толық жинағын 1940 жылы КСРО Ғылым Академиясының Қазақстандық филиалы, Жамбыл атындағы Әдебиет және халық творчествосы секторы әзірлеп шығарған екен. Редакция алқасында Т.Жароков, Ғ.Орманов, Қ.Сағындықов, Е.Ысмайылов, Ә.Тәжібаев болған. Осы басылымында Жамбылдың «Сұраншы батыр» дастанының 1938 жылы «Әдебиет майданы» (№7,8) журналында басылған, 1939 жылғы «Сұраншы батыр» атты жеке жинағындағы мәтінге жырдың II тарауы қосылып беріледі. Жинаққа енген айтыстар, өлеңдері мен дастандарына түсінік жазылған.

Келесі толық жинақ дәл осы біз айтып отырған – 1946 жылғы басылым. Қазақтың біріккен мемлекет баспасынан шыққан. Редакциясын қарағандар: С.К.Кеңесбаев, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Орманов, Ә. Тәжібаев (редактор). Жинақта Жамбыл шығармаларының жарияланымдары туралы мәлімет берілген. Қысқаша библиографиялық көрсеткіші бар.

Бұдан кейінгі 1955 жылғы басылым үш томдық болып шығады. Осылайша, жыр алыбының шығармалары мен ол туралы жазылған кітаптар күні бүгінге дейін қазақ әдебиетінің қазынасын толықтырып келеді.

«Өзім осы Жамбыл өңірінің тумасымын. Жамбыл Жабаев атамыздың атымен аталатын мектепте оқып жатқанымды ерекше мақтан тұтамын. Ақын атамыздың өлеңдерін күн сайын оқып, жаттаудан жалыққан емеспін. Оқулықтардан, басқа да кітаптардан оқығанымыз бір басқа, ал кейбір кездері ұстаздарымыздан рұқсат сұрап, мұражайдағы ең көне кітаптан оқу ерекше әсерлі. Болашақта сабағымды жақсы оқып, өлең шығарып, мұражайдағы қайраткер кісілердің қатарында менің де суретім тұрса деп армандаймын», дейді 4 «Г» сынып оқушысы Ажар Бекайдар.

Осылайша, жыр алыбының ең көне кітабы есті ұрпақ барда ескірмейтініне көз жеткіздік. Алдағы он жылда бүгінгі оқушылар арасынан да Жамбыл Жабаев туралы кітап жазатын, оның өлмес мұраларын зерттейтін қаншама қаламгер, я болмаса ғалым өсіп келе жатқаны келешектің еншісіндегі үміт оты. Ғаламтор ғасырында да көне кітап шаңға көмілмей, көзі ашық ұрпақтың тағылым тынысына айналғаны көңіл қуантып, Жамбыл ақын жайында әлі де жазылатын талай жинаққа арқау боларына сенімімізді нығайтты.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support