- Advertisement -

Меркінің мерейін асырған

32

- Advertisement -

Мерейлі Меркі жері әуелден-ақ талай жанға құтты мекен болып, талай басшының бағын да ашты. Аудан болып құрылғалы бері мұнда бірнеше басшы қызмет атқарып, бірқатары ілкімді ісі мен тындырымды тірлігінің арқасында көптің көңілінен шыға білді. Халық олардың ел игілігі жолында жасаған ақжолтай бастамаларын ұмытпай, өскелең ұрпаққа үлгі етіп айтып жүреді.

Осынау киелі топырақтан белгілі мемлекет қайраткерлері Асанбай Асқаров, Серік Бүркітбаев, Бауыржан Мұхамеджанов, профессорлар Темірбек Қожакеев, Намазалы Омашев, әнші Бағдат Сәмединова сынды белгілі тұлғалар түлеп ұшты. Ел дегенде аянбайтын сондай тұлғаның бірі – Ермек Сауранбаев еді.

Меркі ауданында туып-өскен Ермек Сауранбаев нағыз ел азаматы. 1983 жылы 48 жасында Алматыда жауапты қызмет атқарып жүрген жерінен Ермек Сауранбаев Меркі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалады. Мұның астарында партия күшін туған жерін көркейтуге арнайын деген ойдың ұшқыны бар еді. Осындай оймен келген атпал азамат жаңа қызметке кірісе сала, ауданда жарты ғасырға жуық шешімін таппаған, қордаланған мәселелердің шешілуіне оң ықпал жасады.

Сол кезеңде аудан бойынша әр ұжымшар мен кеңшарда 35-40 мың шамасындағы ірі қара мен уақ малдан құралған мал басы бар еді. Жыл сайын жаз жайлауға Сандық тауы мен Қарақыстаққа мал жаятын шопандар мен жылқышылар қауымы жүктерін түйеге артып, артынып-тартынып тауға көшетін. Бұл мал соңындағы шаруалар үшін қияметке пара-пар қиын бір кезең. Осыны аңғарған жаңа басшы орталықтан арнайы трактор алдырып, көлік жүруге арналған жол дайындатып, тауға дейінгі аралықты сүргізіп шығады. Кейіннен жайлауға жүк көлігімен қатынауға мүмкіндік алған шопандар Ермек Сауранбаевтың бұл ісін бүгінге дейін мақтанышпен айтады.

Ерекеңнің малшы қауымына жасаған қамқорлығы мұнымен тоқтап қалған жоқ. Шопандардың әлеуметтік, рухани қажеттілігін өтеу үшін автоклубтар, көркемөнерпаздар үйірмелері осыдан кейін оларға жиі қатынайтын болды. «Мерейлі Мерке» атты кітапта сол кез туралы: «Е.Сауранбаев аудан өміріне бірсыпыра жаңалықтар енгізді. Бұрын апталап жете алмайтын Сарыобаға екі-ақ күнде жеткізетін жол салғызды. Сусамыр жайлауына малды машинаға тиеп, қырғыз жерін айналып, Түйеасу арқылы асатын ұзақ та ауыр жолды бес есе қысқартып, Мерке өзенін бойлап, Қасқасу асуынан асатын екінші жолды пайдалануға бергізді. Ново-Воскресеновкадағы СПТУ-ды аудан орталығына көшірді. Енді жастар алысқа ұзамай, үйлерінің қасынан оқуға мүмкіндік алды…» деп жазылған.

Сонымен қатар, білікті басшының бастамасымен аудан орталығында 175 орындық жаңа типті аурухана салынды. Жоспардан тыс мектеп, балабақша бой көтерді. Қант зауытының санаторий- сауықжайы, «Мерке» демалыс үйінің жаңа корпусы қаланып, «Победа», «Жамбыл» кеңшарларында жаңа мәдениет үйлері пайдалануға беріледі. Осы арқылы аудан экономикасы да оңалып, жоспарлар орындала бастайды. Күні бүгінге дейін қызмет істеп, аудан халқының алғысына бөленіп тұрған тарихи-өлкетану мұражайы да осы уақытта ашылды.

Аудан басшысының осындай тынымсыз еңбегі елдің алдында беделін өсіріп, мерейін тасытты. Оның турашылдықты ту еткен осындай тұлғалық қасиеті кейінгі өмірінің ақиқат үшін арпалыспен өтуіне себепкер болды. Талай іске «бармақ басты, көз қыстылықпен» қарайтын сол кездегі басшылық үшін мұндай потенциалға ие қызметкер үлкен қауіппен бірдей еді. Өмірінің соңғы жылдары жөнсіз жала жабушылармен, орынсыз айыпкерлермен арпалыста өткен оның мықты жүрегі 2003 жылы 68 жасында сыр берді.

Адалдығы мен іскерлігі арқылы танылған азаматтың әр ісі бүгінде көпке өнеге. Халық басынан қанша кезең өтсе де, Ерекеңнің есімі туған жерінде құрметпен еске алынады. Өзі қызмет еткен туған жері – Мерке ауылының бір көшесі соның есімімен аталады. Туған жерін түлетіп, адамшылық мен адалдықты ту еткен тұлға есімі қашанда ел жүрегінде мәңгі сақтала бермек.

 

Әшен ҚЫРҒАБАҚҰЛЫ,

еңбек ардагері.

Меркі ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support