- Advertisement -

Механизатор

42

- Advertisement -

Аудан әкімінің баспасөзіне жауапты Асан Тілемісовпен бірге Саудакент ауылындағы кезінде еңбекпен аты шыққан Әсем Мұздыбаеваның үйіне бардық. Жұбайы Омарғали Жәркенов көңілді, әзілкеш кісі екен.

Әсем Мұздыбайқызы 78 жасқа келгеніне қарамастан сергек, сөзі де, өзі де ширақ екен. Әңгімесін бастап кетті.

– Әкемнен 6 жасымда жетім қалдым. Үйелмелі- сүйелмелі төрт бауыр едік. Ол кезде қайбір жағдай бар дейсің, кімді кім түгендеп жатыр? Мектеп табалдырығын 4  жыл кейін аттап, 1967 жылы 21 жасымда бітіріп шықтым. 6 сыныптан бастап, маусым кезінде, жаз айларында еңбекке араластық. Аттестатымды алған жылы нағашым Алматыға оқуға апарып еді, филология факультетіне түсе алмай, құлап қайттым. Содан алаңсыз кеңшардың қара жұмысына кірісіп кеттім. Трактордың тіркемесіне тайланған шөптерді айырмен лақтырып, жұмысты жапырып жүрдім. Еңбек күніме жазылатын жалақы да қанаттандырады. Ер азаматтан кем қимылдаған жоқпын. Арасында қызығып өз бетімше трактор жүргізіп үйрендім. Содан, кеңшардың жұмысшысы болып жүргенімде, 1967 жылдың қараша айында механизаторлар дайындайтын үш айлық курсқа шақырылдық. Мен де тракторшы мамандығын игеруге қарсы болмадым. Үш ай оқып келдім. Қыстаубай Әлиев деген кісі бізге сабақ берді. Механизаторлық курсты жақсы оқығандардың бірі болсам керек, менің атыма бір қызыл трактор арнайы келіпті. «Әсем Мұздыбаеваға» деген жазуы бар қып-қызыл трактор кеңшардың көлік тұрағында екі күн тұрды. Жұрт қызығып қарайды, мен айдауға жүрексініп жүрмін. Ферма меңгерушіміз–Тұрсынбек Есімбеков, трактор бригадасының бригадирі–Аралбек Төлебаев. Ақыры, үшінші күні Аралбек ағай ертіп барып, қызыл тракторға отырғызып жіберді. Содан тракторды жүргізіп кеттім. Серік Исабеков деген тәжірибелі тракторшының жанында болдым. Бірге жер жыртамыз. Сол кісі не істесе, соны істеп жүрдім. Бірақ, соқа тіркеп беретін сол. Менікі тракторды жүргізу жағы. Бір күні өзім неге тіркемеймін деген ойға бекіндім.

Үйге түскі үзіліске бардым. Анам түскі ас әзірлеп қойыпты. Әншейінде, асықпай отыратын мен 15 минут қана отырып, жылдамдатып қайта шықтым. Ештеңеге қарамай, егіс даласына келдім. Соқаны оңашада тіркеп алайын деп жүрмін ғой, Содан тіркей алмай бір сағат әурелендім. Бір сағаттың ішінде ақ тер, көк терге түсіп, тіркеп біттім. Соқа тіркеуді осылай үйрендім. Әрі қарай трактормен жасалатын барлық шаруаны меңгердім. Тіркеме тіркеп, малды ауылға шөп те тасыдық. Қырманға жүгері- бидай да тасыдық. Сөйтсем, қыздар арасынан Сарысу ауданы бойынша алғаш трактор руліне отырған маман мен екенмін. Оған да шүкір. Жолдасым Омарғали екеуміз төрт ұл-қыз тәрбиелеп өсірдік. Әттең, Жасұлан деген баламыз Ауғанстанға соғысқа жіберіліп, қаза болды. Қалған перзенттеріміз өсіп жетілді, – деді.

Механизатор Әсем Мұздыбаева бақытын еңбектен тапты. Жас механизатордың есімі көп ұзамай ел назарына ілікті. Еңбегі ескеріліп, 1972 жылы «Еңбек Қызыл ту» орденімен марапатталды. Мәскеу қаласында өткен бүкілодақтық механизатор әйелдерге арналған семинардың екі мәрте делегаты. Түрлі пленум, съездерге де делегат болған. Венгрия елінде өткен халықаралық ауылшаруашылық көрмесіне де қатысқан. Аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болды. Екі мәрте облыстық кеңестің депутаты болып, елдің өзекті мәселесін көтерді. «Құрмет» орденімен және «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды. «Сарысу ауданының Құрметті азаматы» атанды.

Бұл күнде еңбек адамының алдына сәлем беріп келіп, батасын алатындар аз емес. Кейбір шаруа қожалықта жекеменшік тракторларын жүргізуге ниеттеніп жүрген жас қыз-келіншектер де келіп, ақыл кеңес тыңдап кетеді екен. Әсем Мұздыбаева осы абыройдың барлығына адал еңбегімен жеткеніне шүкіршілік етеді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Сарысу ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support