- Advertisement -

Қауіп қайдан демеңіз…

16

- Advertisement -

Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың салдары қайғылы оқиғаларға әкелуі мүмкін. Жыл сайын өңірімізде қауіпсіздік ережелерін білмегеннен адамдардың зардап шегуі немесе қаза болу деректері жиілеуде. Өкініштісі, олардың ішінде балалар да бар.

Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, улы газбен уланудың алдын алу, халықтың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында облыстық Төтенше жағдайлар департаменті қала аумағында профилактикалық іс-шараларды өткізуді жоспарлап отыр. Осыған орай, Тараз қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері шаһардағы «Mart» сауда орталығында «Өрт қауіпсіздігі» тақырыбында флешмоб ұйымдастырды. «Жылыту маусымында өртке жол бермеу», «Жер сілкінісі кезіндегі алғашқы іс-қимылдар» және «Қысқы мезгілдегі судағы қауіпсіздік» бойынша өткен іс-шарада халыққа өрт қауіпсіздігі туралы ақпарат беріліп, өрт сөндіру құралдарын пайдалану қағидаларымен таныстырды. Сондай-ақ, төтенше жағдай туындағанда алғашқы іс-қимылдар мен алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, мектептен тыс жұмыстар орталығының, №41 көпбейінді гимназияның және оқушылар сарайының дарынды оқушылары іс-шара қонақтарының назарына сахналық қойылым ұсынды. Флешмобта Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Ербол Әміров:

– Құрметті қала тұрғындары! Үйден шығарда электр құралдарын ток көзінен суырып, газды сөндіріп, балаларды үйде қараусыз қалдырмауға шақырамыз! Өртке жол бермеу – сіз бен біздің қолымызда! Өрт немесе түтін пайда болған жағдайда, тез арада мекенжайды көрсете отырып, «101» немесе «112» телефондарына хабарлауларыңыз қажет, – деп тұрғындарға ескертпе жасады.

Айта кетсек, былтыр қала аумағында 165 өрт оқиғасы тіркелген. Тілсіз жау салдарынан 8 адам қаза тауып, 3 адам жарақат алған. Материалдық шығын 19 миллион 764 мың теңге болған.

Ал, Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының аға офицері Данияр Келіс қауіпсіздік ережелеріне тоқталып өтті.

– Сіріңке, оттықтарды балаларға қолжетімді емес жерде сақтаңыз, олардың отпен ойнауына жол бермеңіз. Кішкентай балаларды қараусыз қалдырмаңыз және оларға қосылған электр, газ құрылғыларын бақылауды тапсырмаңыз, жұмыс істеп тұрған газ және электр тұрмыстық заттарды қараусыз қалдырмаңыз. Егер сіз пәтерде газдың иісін сезсеңіз, барлық газ крандарын жабыңыз. Ал, төтенше жағдай болып, өрт шыққан жағдайда, үрейге бой алдырмаңыз және сабырлылықты жоғалтпаңыз, кішігірім өрт ошақтарын өрт сөндіргішпен, сумен, киізбен немесе басқа тығыз матамен сөндіруге болады. Шыны терезелерді ұрып-соғуға және есіктерді ашуға болмайды. Бұл өрттің қосымша өршуіне әкеледі. Өрт кезінде лифтіні пайдалануға қатаң тыйым салынады, – деді.

Сонымен қатар, жыл басынан қала аумағында өрт қауіпті маусымында өрт пен улы газдан улану оқиғаларының алдын алу, адамдардың өлімі мен жарақаттануына жол бермеу мақсатында қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлері, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметі» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері, қала әкімшілігінің мамандары тұрғындармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізген.

Атап айтқанда, шаһардың тұрғын үй секторларында, көпқабатты тұрғын үйлерде және жатақханаларда өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында тұрғындармен жылыту пештерін, газ қондырғысын пайдалану кезінде және тұрмыстағы өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша 28 мыңнан аса тұрғын үйді аралаған. Сондай-ақ, 31 мыңнан аса тұрғынға әртүрлі тақырыпта жадынама, ескертпелер таратылып, өрт қауіпсіздік талаптарын сақтау ережелерін түсіндіру жөнінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген. Ал, былтыр өрттің алдын алу бойынша 200 авариялық жағдайдағы оқу-жаттығу өткізілген.

 

Назерке СӘНДІБЕК

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support