- Advertisement -

ТЖД хабарлайды

16

- Advertisement -

БІР АПТАДА 96 ШАҚЫРТУҒА ШЫҚТЫ

Облыстың өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бөлімшелері күн сайын түрлі сипаттағы шақыруларға шығады. Мәселен, 8-15 қаңтар аралығында өрт сөндірушілер мен құтқарушылар 96 рет шақыртуға шықты.

Оның ішінде өрттерді жоюға 22 рет, жану жағдайларына – 40, авариялық-құтқару жұмыстарына – 34, расталмаған шақыруларға 2 рет жедел шықты. Оқиға салдарынан зардап шеккендер мен қаза болғандар тіркелген жоқ. Қазіргі уақытта мамандар өрттің шығу себептері мен келтірілген материалдық шығынды анықтауда.

Төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындарына жылыту маусымында газ және пеш құралдарын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауға, сондай-ақ балаларды және науқас жандарды қараусыз қалдырмауға шақырады. Сонымен қатар, дауыл туралы ескертулерге құлақ асып, аса бір қажеттілік болмаса, алыс жолға шықпауды сұрайды. Өрт немесе төтенше жағдайлар туындағанда шұғыл түрде «101» немесе «112» нөмірлеріне қоңырау шалу қажет.

АЗАМАТТАРДЫ ҚАБЫЛДАУ ЖАЛҒАСУДА

15 қаңтарда өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Жақсылық Бекбергенов азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.

Кездесу барысында Жақсылық Жарылқасынұлы азаматтардың өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары бойынша түйткілді сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ, өрт сөндіруші болғысы келетін жастарға Көкшетау қаласында Мәлік Ғабдуллин атындағы жоғары оқу орны бар екендігін айтып, оқуға түсудің тәртібі туралы жан-жақты мәлімет берді.

Қабылдау соңында азаматтарға өртті сөндіргеннен оның алдын алған оңай екенін еске салып, көпшілікке ауа райының қолайсыз кездерінде мүмкіндігінше алысқа сапарға шықпау қажеттігін ескертті. Шараға қатысушыларға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша жадынамалар таратылды.

Департамент пен оған қарасты басқарма басшыларының азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдауын әр тоқсан сайын өткізу жоспарланған.

«ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМГЕ» – ЖЕДЕЛ КӨМЕК

16 қаңтар күні түнгі уақытта төтенше жағдайлар департаментінің күштер мен құралдарды жедел басқару орталығына Сарысу ауданы, Жаңатас қаласындағы Горняк иінінде медициналық жедел жәрдем көлігі шақыртуға бара жатқанда жолдан шығып кетіп, арыққа тұрып қалғандығы жөнінде хабарлама келіп түскен.

Автокөлік аударылмаған, бірақ оны сүйреп шығару қажет болған. Ал, жедел жәрдем көлігінде болған жүргізуші мен фельдшердің денсаулығына ешқандай қауіп төнбеген.

Оқиға орнына жедел жеткен жедел-құтқару жасағының құтқарушылары мен №16 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушылары «АСА-20» жүк көлігінің көмегімен аталған автокөлікті сүйреп шығарып, жолға салып жіберген. Ал, өз кезегінде құтқарушыларға алғыс білдірген жедел жәрдем қызметкерлері одан әрі көмекке жүгінген науқасқа көмек көрсету үшін жолға шыққан.

ОҚУШЫЛАРҒА ИНТЕРАКТИВТІ САБАҚ ӨТКІЗДІ

Өрттің себептері көбінесе балалар мен жасөспірімдердің отпен ойнауынан әрі олардың өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін білмегендігінен болып жатады. Сондықтан балаларға сабақта да, үйде де өрт қауіпті заттарды қалай пайдалану және өрт кезінде не істеу керектігін жүйелі түрде үйрету қажет.

Жақында Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясында оқушылардың және мұғалімдердің қатысуымен интерактивті сабақ өткізді. Аталған іс-шараға мектеп-гимназияның 165 оқушысы және мұғалімдері, сонымен қатар қала мектептерінен 2500-ге жуық оқушы онлайн қосылды. Оларға «Сіріңкелерді абайсыз пайдалану», «Тұрмыстық электр құралдарын қауіпсіз пайдалану», «Балалардың отпен ойнамауы», «Балалардың терезеден құлау қаупі», «Жер сілкінісі кезіндегі іс-әрекеттер», «Улы газбен улану» тақырыптары бойынша дәріс оқылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Төтенше жағдай кезіндегі эвакуация және өрт кезіндегі іс-қимылдар мәселелеріне ерекше назар аударылды. Дәріс кезінде өрт қауіпсіздігі және улы газбен улану тақырыбында бейнероликтер көрсетіліп, балаларға 200 дана жадынама таратылды.

Сондай-ақ, оқушылардың тақырыпқа сай қойған сұрақтарына күнделікті тәжірибеден алынған мысалдармен расталған егжей-тегжейлі түсініктемелер берілді.

 

Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support