- Advertisement -

Қауіпсіздік ережесін сақтау қашан да маңызды

15

- Advertisement -

Елімізде азаматтардың жазатайым оқиғалардан қаза болуы және түрлі дене жарақаттарын алуы бойынша статистикалық мәліметте өрттің салдарынан болған өлім-жітім жол-көлік оқиғасынан кейінгі екінші орында тұрақтап тұр. Бұл, әрине, тұрғындардың өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамауы, әсіресе жылыту маусымында пешті және газбен жылытатын құрылғыларды пайдалануда сақтық шараларын елемеуі салдарынан орын алып отырғаны жасырын емес.

Өткен жылы облыс аумағында барлығы 798 өрт тіркеліп, оның салдарынан 20 адам қаза тапты, 17-сі жарақат алды. Мемлекетке келтірілген материалдық шығын 188 миллион 775 мың теңгені құрады. 2022 жылмен салыстырғанда өрттің саны 6 пайызға, материалдық шығын сомасы 42 пайызға өсті. Өкінішке қарай, өрттен қаза болғандар саны 2,5 есеге, ал жарақат алғандар саны 70 пайызға көбейді. Айта кету керек, былтыр қоғамдық резонанс тудырған ірі өрттер тіркелген жоқ. Тәуекел дәрежесі жоғары бақылаудағы объектілердегі өрт саны 35 пайызға азайды. Өңірдегі 547 өрт тұрғын үй секторында, 197 өрт автокөлікте, 26-сы бақылаудағы объектілерде орын алды. Сондай-ақ, ашық аумақтарда 17 өрт, 7 орман өрті, 4 дала өрті тіркелді.

Өрттің негізгі себептері – электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерін бұзу, тұрғындардың отты пайдаланудағы абайсыздығы, пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу, балалардың отпен ойнауы, қасақана өртеу және басқалар. Жыл ішінде өртке жол берген кінәлі тұлғаларға қатысты 769 әкімшілік жаза қолданылды, оның ішінде 185 тұлғаға жалпы сомасы 5 миллион 57 мың 700 теңге айыппұл салынды және 576 тұлғаға ескерту берілді.

Бұдан басқа, облыс аумағында улы газбен уланудың 12 оқиғасы орын алды. Оның салдарынан 17 адам зардап шегіп, 4 адам қаза тапты. Улы газбен уланудың негізі себептері – мұржаның тартпауы, жылыту пешінің ақауы, жылыту пештегі жарықтар, газ колонкасы мұржасының сыртқа шығарылмауы, мұржа гофраның жыртылуы немесе дұрыс жалғанбауы.

Былтыр өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында департамент қызметкерлері шаруашылық жүргізуші субъектілерге 958 өрт-техникалық тексеру жүргізді. Тексеру нәтижелері бойынша өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 769 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 185 тұлғаға 5 миллион теңгеден астам көлемде айыппұл салынды, 584 тұлғаға ескерту берілді. Бұрын анықталған өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдаманы орындамау бойынша әкімшілік сотқа 95 материал жолданды.

Сонымен қатар, 5 объектіні 60 тәулікке пайдалануды тоқтата тұру туралы шешім шығарылды. Жыл бойы тұрғын үй секторындағы өрттердің алдын алу мақсатында департамент қызметкерлері жергілікті полиция қызметінің өкілдерімен және еріктілермен бірлесіп 523 мыңнан астам ауланы аралап, жиындар өткізді. Оқушыларға практикалық дағдыларды үйрету мақсатында білім беру объектілерінде өрт туындаған жағдайда ғимараттан қауіпсіз эвакуациялау бойынша 380 жаттығу, 970 интерактивті сабақ өткізілді. Өрт сөндіру бөлімдерінде «Ашық есік күні» ұйымдастырылып, оған 9 мыңға жуық бала қатысты.

Орман және далалық алқаптардың өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыру мақсатында облыс әкімінің «Облыс аумағында табиғи өрттердің алдын алу жөніндегі шаралар туралы» қаулысы қабылданды. Соған сай мемлекеттік орман қоры мен дала алқаптарының аумағында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен алдын алу және ескерту іс-шараларының жоспары бекітілді.

Мемлекеттік орман қорының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 10 трактор, 12 өрт сөндіруге қажетті техника, сондай-ақ, 10 мотопомпа сатып алынды. Ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі барлық мекемелерде 15 орман өртін сөндіру стансасы құрылды. Олар 135 қызметкермен, 18 өрт сөндіру көлігімен, 36 трактормен, 174 аспалы өрт сөндіргішпен, 24 мотопомпамен және 246 радиостанциямен жасақталды. Былтыр 3 елді мекенде өрт бекеті құрылды. Ауылдық округтерде жеке құрамы 2128 адамнан тұратын 165 ерікті өртке қарсы құрылымдар құрылып, олар 508 трактор, 49 су тасушы техника және 88 өрт сөндіру мотопомпамен және 175 ранецті өрт сөндіргішпен жабдықталды.

Қажет жағдайда жеке құрамды жетуі қиын таулы жерлерге жеткізу үшін 10 өтімділігі жоғары техника, табиғи өрттерді сөндіру үшін 68 өтімділігі жоғары автоцистерналар, 139 ранецті өрт сөндіргіш, 1 мың хлопушка, сондай-ақ 7 «Турая», «Иридиум» спутниктік терминалдары дайындалды. Өткен жылы облыс аумағындағы барлық 15 орман шаруашылығында шартты табиғи өртті сөндіру бойынша 12 тактикалық жаттығу өткізілді. Сондай-ақ, Қырғыз республикасымен трансшекаралық табиғи өртті жою бойынша 2 арнайы тактикалық жаттығу өткізілді. Орман екпе ағаштары бар жерлерде өртке қарсы жырту жұмыстары жүргізілді.

Айта кетсек, былтыр облыс аумағында далалық алқапта 209 гектар жерде 45 жану және 1474,8 гектарда 7 орман өрті орын алды. Одан келген шығын 1 миллион 366 мың теңгені құрады. Сондай-ақ, 160 гектар жерде 4 дала өрті орын алды. Сондықтан, қала болсын, дала болсын, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қашанда маңызды болып қала бермек.

 

Мақсат ӘКІМБАЕВ,

мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support