- Advertisement -

Жаңашылдық жаңғыруға жетелейді

35

- Advertisement -

Биыл еліміздің Қазынашылық жүйесінің құрылғанына 30 жыл толады. Осы уақыт аралығында қандай істер нәтижелі жүзеге асқанын және халықтың қазынасынан бөлінетін қаржының қалай бақыланатынын білмек ниетпен Жамбыл облысы бойынша қазынашылық департаментінің басшысы Нұрдос Тойбаевпен сұхбаттасқан едік…

– Нұрдос Тұрсынбекұлы, әңгімемізді қазынашылық мекемесінің алғаш құрылған кезеңінен бастайықшы. Бұл құрылым қандай қажеттіліктен туған?

– Елеулі мерейтой болған соң тарихын айтып кеткен дұрыс, әрине. Еліміз өз тәуелсіздігін алғаннан кейін мемлекет қаражатын қатаң бақылауды қамтамасыз ететін дербес бюджет жүйесін құру қажеттілігі туындаған. Осы мақсатты орындау үшін Қазақстан Республикасы Президентінің 1994 жылғы 27 қаңтарындағы №1526 Жарлығымен республикалық бюджеттi атқару барысында кірістері мен шығыстарын басқару бойынша функциялары, бюджет қаражатын пайдалануды бақылау бойынша өкілеттіктер беріле отырып, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнің құрамында Бас қазынашылық басқармасы құрылды. 2024 жылдың 27 қаңтарында Қазақстан қазынашылығы құрылғанына 30 жыл толады. 1995 жылы Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің қаулысымен Қазынашылықтың облыстық және аудандық бөлімшелері құрылды. Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 1995 жылғы 25 сәуірдегі бұйрығымен Жамбыл облысы бойынша қазынашылық басқармасының басшысы болып Сайдалы Жайлауов тағайындалды.

Қазынашылық органдарының толық жасақталуы аяқталғанға дейін республикалық бюджеттің кассалық атқарылуы Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің міндеті болып қала берді. Мемлекеттік мекемелерге қызмет көрсетуді Қазынашылыққа біртіндеп ауыстыру үшін, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 6 ақпандағы қаулысымен уақытша Қазақстан Республикасының мемлекеттiк Бюджеттiк банкi құрылды. Оның қарауына Ұлттық Банкiнiң есеп айырысу-кассалық орталықтары мен мемлекеттік бюджетке есеп айырысу-кассалық қызмет көрсету міндеттері берілді.

– Кез келген жаңадан басталған іс күн өткен сайын жаңаланып, сол арқылы дамып отыратыны белгілі. Қазынашылық жүйесінде қандай жаңалықтар жүзеге асырылды?

– Жаңашылдық жаңғыруға жетелейді. Әлемдік тәжірибе де жұмысты жандандыруға серпін беретіні бар. Халықаралық практикаға сәйкес, еліміздің Қаржы министрлігі 1995 жылы бюджет түсімдері мен шығыстарының сыныптамасын жаңадан бекітті. Мемлекеттік бюджетті атқаруға қызмет көрсету үшін 1996 жылы БАСК-М бағдарламалық кешені әзірленіп, енгізілді. 1996 жылдың қараша айында республиканың барлық облыстарында бір мезгілде жаңа бағдарламалық кешеннің енгізілуі жүзеге асырылды. 1996 жылдың басынан бастап жасалған барлық мемлекеттік мекемелердің кассалық шығыстары БАСК-М-ге ендірілді. Ары қарай БАСК-М арқылы Қазынашылықтың мамандары мемлекеттік мекемелердің шығыстары бюджет шығыстарының сыныптамасына сәйкес болуына бақылау жүргізіп, Бюджет банкінің қызметкерлері мемлекет бюджетінің түсімдерін есепке алу, мемлекеттік мекемелердің ақшалай аударымдарын жүзеге асыру операцияларын жасап, бюджеттің кассалық атқарылуына қызмет көрсетілді.

1996 жылдың маусымында Қазақстан Республикасы Ұлттық банкте Бірыңғай қазынашылық шоты ашылды. Бірыңғай қазынашылық шоты бюджетті атқарудың негізгі принциптерінің бірін, яғни кассаның бірыңғайлық принципін қамтамасыз етіп, бюджеттер түсімдерін толық көлемінде есепке алу және ақшалай аударымдарын жүзеге асыруды орталықтандыруға арналған. Бұл шот арқылы алынған мәлімет аудандар, облыстар және жалпы республика бойынша кірістерді, шығыстарды, қаражат қалдығын күнделікті қадағалауға мүмкіндік береді.

1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап Бюджет банкі жойылып, Қазынашылықтың аумақтық органдарына бюджетті кассалық атқару міндеті, бюджеттік мекемелерге қолма-қол ақшаны екінші деңгейлі банктер арқылы беру операциялары тапсырылды.

– Жұмыс барысында кемшіліктер орын алып, оны тәжірибе екшеп-елеп, іс жаңа бағытпен ілгерілейтіні рас. 30 жылдың бедерінде қазынашылықтың жұмысында қандай өзгерістер орын алды?

– Бюджетті атқарудың қолданыстағы жүйесінің бірқатар кемшілігі болған. Атап өтсек, бюджет ақшасы ағымының баяулығы, бюджетті атқару бойынша оперативті ақпараттың болмауы, бюджет қаражатымен жүзеге асырылатын операцияларға алдын ала бақылаудың жоқтығы. 1999 жылы Қазынашылық комитеті «Қазынашылықты жетілдіру» жобасын іске асыруға кірісіп, 2001 жылдың наурызында жаңадан жасалған Қазынашылықтың біріктірілген ақпараттық жүйесін енгізуді және пилоттық режимінде пайдалануды бастады. Ал, 2004 жылы ақпараттық жүйені өндірістік пайдалану үшін барлық аумақтарда енгізді. Қазынашылықтың барлық аумақтық органдары, республикалық бюджетті атқаруды және жергілікті бюджеттерге кассалық қызмет көрсетуді қамтамасыз етіп, біртұтас ақпараттық ортада жұмыс істей бастады.

Клиенттердің қаржылық құжаттарын қабылдау және өңдеу бойынша функциясын автоматтандыру Қазынашылықтың ақпараттық жүйесін ары қарай жетілдірудің келесі бағыты болды. 2008-2011 жылдар аралығында клиенттердің төлемдерін қағазсыз өңдеуге көшу мақсатымен, мемлекеттік мекемелермен «Қазынашылық – клиент» электронды құжат айналымын әзірлеу, ендіру және сынақ түрінде пайдалану жүзеге асырылды. 2010 жылы атқарылған «Қазынашылық – клиент» ақпараттық жүйесінің Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығымен интеграцияның негізінде 2012 жылдан бастап «Қазынашылық – клиент» ақпараттық жүйесі республика бойынша ендірілді. Клиенттер өзіне өзі қызмет көрсету режимінде қаржыландыру жоспарларының, шарттарды тіркеуге өтінімдердің, төлеуге берілетін шоттардың электронды нысандарын толтырып, келісу мен бекітуді орындағаннан кейін, олар автоматты түрде аумақтық қазынашылық органдарға орындау үшін қолжетімді болады.

Клиенттерге қашықтан қызмет көрсетудің нәтижесінде қызмет көрсетудің жылдамдығы артты. Қағаз, уақыт және көлік шығындары қысқарды, әкімшілік кедергілер азайды. Сонымен қатар, адами факторлар салдарынан орын алатын қателерге байланысты орындаусыз қайтарылатын құжаттардың саны азайды. Бүгінгі күнге шарттарды тіркеуге өтінімдер мен төлеуге берілетін шоттарды өңдеудің уақыты 6 жұмыс сағатынан аспайды. Қазынашылықтың ақпараттық жүйесіне шамамен 15 мың клиент қосылды.

2012 жылдан бастап инвестициялық жобаларды іске асыруға бөлінген бюджет қаражатын есепке алу және шығыстарын бақылау үшін, қазынашылық органдарда квазимемлекеттік сектор субъектілеріне шоттар ашыла бастады. 2016 жылы мемлекеттік мекемелердің электронды шарттарының деректерін «Электрондық мемлекеттік сатып алу» автоматтандырылған интеграцияланған ақпараттық жүйесі мен «Қазынашылық – клиент» ақпараттық жүйесінің интеграциясы арқылы беру іске асырылды. 2017 жылдан бастап қазынашылық органдар мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша шарттарды, оның ішінде мемлекеттік концессиялық міндеттемелерін тіркеуді орындап отыр. 2017 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Жамбыл облысы бойынша қазынашылық департаментінде 77 мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты тіркелді.

Құрылыс бойынша шығыстардың негізділігін бақылау және салықтарды төлеудің толықтығын қамтамасыз ету мақсатында 2017 жылы пилоттық режимде сметалық құны екі миллиард теңгеден асатын құрылыс бойынша мемлекеттік сатып алу туралы жасасқан шарттарды қазынашылық қолдау енгізілді. 2019 жылдан бастап қазынашылық қолдау республика бойынша жүзеге асырылып келеді. Сол жылдың сәуірінен бері Жамбыл облысы бойынша қазынашылық департаменті мен аудандық басқармалары 30 құрылыс объектілерді салатын бас мердігерлер мен қосалқы мердігерлердің 43 шотын жүргізіп отыр.

– Елдің ортақ қазынасынан бөлінген қаржыны бақылау үшін қандай шаралар жүргізіледі?

– Қаражаттың тиімді жұмсалуын бақылау мақсатында 2023 жылдан бастап аумақтық қазынашылық органдары бюджет ақшасын есепке жатқызуға және оны мемлекеттік бағдарламаларды қаржылық немесе қаржылық емес қолдауы жүзеге асыруға жұмсау үшін ашылатын қаржылық немесе қаржылық емес қолдау операторларының шоттарына қызмет көрсетіп отыр. Биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша айтсақ, Жамбыл облысы бойынша қазынашылық департаменті мен аудандық басқармалар 690 клиентке қызмет көрсеткен. Олардың ішінде 627 мемлекеттік мекеме, 22 квазимемлекеттік сектор субъектілері, 40 мемлекеттік сатып алу субъектілері, 1 оператор бар. Бір облыстық, 11 аудандық және қалалық, 156 жергілікті өзін-өзі басқару бюджеттеріне қызмет көрсетіліп отыр.

Бүгінгі күнге Қазынашылық департаменті облыстағы мемлекеттік бюджетке кассалық қызмет көрсететін, тиімді жұмысымен аймақтың тіршілігіне едәуір әсер ететін маңызды орган болып табылады.

 

Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support