- Advertisement -

Медиация тәсіліне мән беруіміз қажет

23

- Advertisement -

Тараз қаласы әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімдігі аппараты басшысының орынбасары Ерлан Байболаттың төрағалығымен «Әкімшілік істер бойынша сот төрелігін жүзеге асырудың өзекті мәселелері» тақырыбында семинар өтті. Мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігі мен білімін, тәжірибесін арттыруды мақсат еткен кездесуде әкімшілік сот істеріндегі кемшіліктер туралы ой қозғалды.

Семинарда бүгінгі таңда облыс аумағында әкімшілік сот істері бойынша көбіне жер дауы, тұрғын үй және жер учаскелерін жалға алу, тұрғын үй кезегін қалпына келтіру жөнінде өтініштер келіп түсетіндігі айтылды. Бұл бағытта өткен жылы жолданған 114 өтініштің 65-і қанағаттандырылып, өзгесі негізсіз деп танылған.

Әсіресе, әкімшілік сот ісінде жер комиссиясы тарапынан кезектен шығаруға болмайтын тұлғаларға қатысты заң бұзушылықтар көптен орын алған. Спикердің сөзінше, жауапты орган мұндайда әлеуметтік әлсіз топтардың кезектен шығаруға болмайтын ерекше мәртебесін ескере бермейтін көрінеді.

Сондай-ақ, жиында сөз алған облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Гауһар Қожантаева әкімшілік істердің медиация тәсілімен шешуге басымдық беру керектігін айтты. Бұл дегеніміз сот процесінде қос тараптың өзара келісімі негізінде жасалатын шарт.

«Медиация – сот ісінде енді дамып келе жатқан сала. Алайда, өсу қарқыны жоғары деңгейде. Мәселен, Англияда азаматтық даулардың 90 пайызы медиатордың көмегімен, келісімді жасасу арқылы шешіледі. Ал, Германияда жартысынан көбі шиеленісті осылай шешеді. Қазақстан да осы жолды таңдап, осы бағытта жұмыс істеуде. Және бұл алдағы уақытта да дамиды деген үміттемін. Әсіресе, әкімшілік сот ісінде осы тәсілге баса мән берілуі қажет», – дейді Гауһар Мейірханқызы.

Айта кету қажет, әкімшілік сот жүйесі 2021 жылдан бастап қолданысқа енген. Бұған дейінгі азаматтық сот процесінде қаралған істердің 15 пайызы ғана қанағаттандырылса, ал әкімшілік сот ісін жүргізудің жаңа тәсілдері арқылы осы бағытта қанағаттандырылған өтініштер көлемі 60 пайыздық межені көрсетіп отыр. Бұл жаңа жүйенің тиімділігін көрсетуде, дейді мамандар.

Сонымен қатар, жиын соңында құқық қорғау саласының қызметкерлері өзара қойылған сұрақтарға жауап беріп, пікір алмасып, сот процесінде кездесетін түрлі жағдаяттарды талқылады.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support