- Advertisement -

Суды пайдалану мәдениетін қалыптастыруымыз керек

23

- Advertisement -

Сағынтай ТӘТТІБАЕВ, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Құрылыс және материалдар өндіру» кафедрасының аға оқытушысы: Суды пайдалану мәдениетін қалыптастыруымыз керек

– Ауызсу – кез келген тірі жан үшін ең қымбат табиғи қор. Тұщы су мәселесі әлемдік деңгейде үлкен мәселеге айналып отыр. Біздің ішіп жүрген суымыз қандай су? Сапалы ма?

– Жалпы, жер бетінде адамзат тұтынатын тұщы судың көлемі гидросфераның үш-ақ пайызын құрайды. Судың құрамында минералды тұздар көп болса, ол өте қауіпті. Мұндай су адамның ас қорыту жүйесін бұзады. Осы жерде ерекше құнттап айта кетер мәселе, адамның денсаулығы ауызсудың сапасына байланысты. Сондықтан мемлекеттік санитарлық талаптардың үдесінен шыққан ауызсуды қолдануымыз керек. Бүгінде ағын сулардың, көлдер мен каналдардың ластануына, олардың табиғи гидрологиялық және гидрохимиялық режимдерінің антропогендік өзгеруіне байланысты тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі туындап отырғаны рас. Біздің облысымыз еліміздегі жерасты тұщы су қорымен қамтамасыз етілген облыстардың бірі. Алайда, осы ауызсуға, басқа да қажеттіліктерге пайдаланып отырған жерасты сулары да жоғары дәрежеде ластануға ұшырап отыр. Суды дұрыс пайдаланбау себебінен осындай мәселеге тап болып отырған жайымыз бар. Негізінде, тұрғындар да ауызсуды пайдалану мәдениетін қалыптастыра білуі керек. Оны тұтынғанда қайнатып, барынша қауіпсіздік талаптарын сақтағаны дұрыс.

– Өңірде қазір сумен қамтамасыз ету саласында қандай мәселелер бар?

– Жалпы, Орталық Азиядағы судың азаюына климаттың өзгеруі әсер еткен. Оған инфрақұрылымның тозуы мен су ресурстарын тиімсіз пайдалану сияқты себептер де қосылып отыр. Біздің өңірде Талас, Аса және Шу өзендері бар. Олардың бәрі Қырғызстаннан бастау алады. Соңғы жылдары осы өзендердің сулары тартылып жатыр. Осының әсерінен ауылшаруашылық саласында мәселелер туындай бастады. Қуаңшылық жиі орын алатын болды. Сондай-ақ, аймағымызда қысқы-көктемгі жауын-шашыннан түскен суды су қоймаларына қажетті деңгейде жинап, жазда суармалы жерлерді сумен толық қамтамасыз ету мәселесі бар. Су мамандары шаруалардың еккен дақылдарынан лайықты өнім алуы үшін суды жүйелі түрде жеткізуді қамтамасыз ете алмай қалып жатады. Неге? Өйткені, бізде су жеткіліксіз. Сол суды бір жерге жинайтын қоймалар мен каналдар, су бассейндері жеткіліксіз. Жаңбыр мен қардан пайда болатын сулар еріп, тұрмыс-тіршілікке кедергісін жасайды. Сол суды уақытында ұстап қала алмай қор боламыз. Сосын ол егінге де, халыққа да жетпей қалады. Ал, ол суды тұрақтату үшін үлкен каналдар соғып, бассейндер салу керек. Олардың аймағымыздан алыс болмағаны абзал. Ашық арналар көп болса дейміз. Осы мәселе шешілсе жауын-шашынның суы жерге сіңіп кетпейтін еді.

– Суды пайдалану мәдениеті жоқ деп қалдыңыз…

– Өйткені, халық арасында үгіт-насихат жұмыстары жасалмайды. Адамдар судың жетіспеушілігін түсінуі керек. Халыққа судың қажеттілігі туралы ақпараттар көбірек қажет. Біз қай кезде судың қадірін білеміз? Су болмай қалғанда ғана ойланамыз. Басқа өңірлермен салыстырғанда біздің облысымызда моншалар көп. Қаламыздағы каналдарды еркін ластап жүре береміз. Қолымыздағы қоқысты лақтырып тастаймыз. Тіпті, өлген ит, мысық, қойларды да тастап жатады. Мысалы, біз алманы жуып жеу керектігін, киімді қағып кию қажеттігін білеміз. Өйткені, оның кір, лас екенін көріп тұрамыз. Ал ауаның ластығын көзбен көріп, қолымызбен ұстай алмаймыз. Ең қауіптісі де осы. Пандемияда да солай болды ғой. Ауамен келген ауруға ешкім ештеңе істей алмады. Бүгінде судың көлемі бойынша сараптама жасалып жатқан жоқ. Сондықтан оны ластамауға, бүлдірмеуге әр адам, өзіміз атсалысуымыз керек. Суға бұлай қарау – денсаулыққа ғана емес, сонымен бірге экономикалық тұрғыдан да шығындар әкеледі.

– Салада жас мамандар да жетіспейді. Жастардың бұл кәсіпке қызықпауына не себеп?

– Су саласы дегенде, жастарға қолында шелегі бар, аяғына резеңке етік киген маман елестеуі мүмкін. Бірақ, ол олай емес. Бұл салаға жас, көзі ашық бағдарламалаушы, автоматика саласын жетік меңгерген мықты мамандар керек. Су саласына цифрландыру келді. Қазір cу қоймалары мен магистральды каналдар да пилоттық режимде осы құрылғылармен жабдықталған. Сондықтан дәл қазір бұл салаға инновация, технология алып келетін мамандар жетпей жатыр. Грант бөлгенде кейбір мамандықтарға 70-80 баллмен грантқа түсе алмай жатса, бізге 50 балмен грантқа түсіп кетеді. Оқуға қабылдауда мәселе жоқ. Бірақ, оған қызығып, осы саланы игеремін, осы мамандықты аламын деп келетін жастар жоқ. Осы жүйенің өзі бұл саланың қадірін қашырып отыруы мүмкін. Бәлкім, жалақының аздығы ықпал етіп отырған болар. Өзінің қалаған мамандығына оқуға түсе алмай қалады да, әйтеуір оқып бітірсем болды деп біздің факультетке түсіп алатын жастар жағы көп. Олар төрт жыл уақытын босқа кетіреді. Диплом алып шыққанымен, бұл салаға жақындамайды. Себебі, жалақы мәселесі мардымсыз. Біздің оқытушылардың жалақысы мектеп мұғалімдерінен төмен.

Соңғы онжылдықта бүкіл әлемде су ресурстарының ахуалы алаңдаушылық тудырып отырғандықтан және осы мәселе біздің елімізде де, облысымызда да орын ала бастағандықтан бұған бей-жай қарауға болмайды. Мықты мамандар даярлаудан бастап, оларға білім беретін ұстаздар да ұмытылмауы керек.

 

Әңгімелескен Гүлжан РАХМАН

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support