Жұмысшы жалақысы қалай субсидияланады?

Жұмысшы жалақысы қалай субсидияланады?
ашық дереккөз
Жұмысшы жалақысы қалай субсидияланады?
Бүгінде Мемлекет басшының тапсырмасы аясында өңірлік «Мансап» орталықтарында шағын және орта кәсіпкелікті дамытуға бағытталған кешенді іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – бос жұмыс орындарын субсидиялау. Жеке кәсіпкерлікті қолдау және жұмыссыздықпен күресті негізгі мақсаты ретінде қарастырған игілікті іс көптің көңілінен шығып отыр. Жалпы, бос жұмыс орындарын субсидиялау шағын кәсіпкерлік нысандарын жұмысшымен қамтуға, жұмыссыз азаматтардың жұмысқа орналасуына көмектеседі. Сондай-ақ, қызметкерді мемлекет жалақымен қамтамасыз етеді. Дегенмен, бұл істің де өз жөн-жосығы мен ережесі бар. Соның ең біріншісі – егер сіз жеке кәсіпкер болсаңыз сіздің кәсіпкерлік нысаныңыз кемінде бір жыл көлемінде жұмыс істеп, мемлекеттік кіріс органдарына уақытылы салық есебін өткізіп тұрған болуы шарт. Ал бұдан кейінгі істің барлығы дерлік электронды форматта, ешкімнің араласуынсыз, ешқандай делдалсыз «Enbek.kz» платформасымен жүзеге асырылады. Ол үшін аталған сайтқа жұмыс беруші ретінде тіркеліп, электронды қолтаңба арқылы кәсіпорын деректерін енгізу шарт. Мұнда кәсіпкерлік нысанының мекенжайы мен атауы, кәсіпорын иесі туралы мәліметтер мен банк шоттары көрсетіледі. Ақпараттарды толықтығына көз жеткізген соң, жұмыс беруші сайтта өзіне қажетті қызметкерлер туралы мәліметтер беріп , өзіне сәйкес мамандық иесін таңдап өтініш жолдайды. Бұдан кейін бұл өтініштер қажеттілігіне қарай 5 жұмыс күні мерзімінде қаралады. Егер өтініш мақұлданса, жұмыс іздеуші адамдар қатарынан қажетті мамандық иесіне шақырту жолданады. Жұмыссыз тұлға өзіне келген шақыртуды қабыл алса, екі тарап келісімшартқа отырып, келісім құжатын жергілікті «Мансап» орталығына тапсырады. Осыдан кейін ресми түрде еңбек қатынасы орнап, қызметкер жалақысы еңбек шартында белгіленген мерзімге мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Мұнда бір ескеретіні, кәсіпкерлер өтінішті бір жыл бұрын тапсырып отыруы тиіс. Яғни, сіз биыл жұмысшы алуға өтініш берген болсаңыз, онда жалақыға субсидияны келер жылы аласыз. Ал, бұл аралықта жұмыс іздеуші жоғарыда аталған сайтта жұмыс беруші ретінде тіркеліп, мекенжайы туралы мәліметтерді нақтылап, жұмыссыздық мәртебесіне өтінім береді. Ресми түрде жұмыссыз болып саналған тұлға өз түйіндемесіне сай бос жұмыс орындарын қарауға немесе қандай да бір кәсіпорыннан шақыртуды күтуге болады. Сонымен қатар, жоба талаптарына сай жұмыс іздеушілер түрлі санаттар бойынша сараланатынын ескере кеткен жөн. Тиісінше, осыған сәйкес бағдарламаның талаптары бар. Мәселен, «Алғашқы жұмыс орындары», «Жастар практикасы» бағдарламаларымен тек 35 жасқа толған азаматтар, «Күміс жас» бағдарламасы аясында 50 жастан асқан жұмыссыздар, ал «Ұрпақтар сабақтастығымен» жұмысқа орналасқысы келетін жас маман зейнет жасына жеткен қызметкерді алмастырады. Осындай игі істі игіліне жаратқан азаматтардың бірі – Темірбек Сейтжанов. Жастарға білім беріп, қарттарға да қоғам өмірінен алыстап кетпеуге көмектесіп, жұмыссыздар санатындағы азаматтардың қаржылық сауатын арттырып жүрген «Бағыт Тараз» мекемесінің атқарушы директоры Темірбек Сейтжанов былтыр жоба күшіне енгеннен бері 7 адамды жұмыспен қамтыған. Оның 5-і «Күміс жас» бағдарламасы аясында қызметкер атанған. – Бағдарламаның біз сияқты кәсіпкерлерге тигізер көмегі көп. Алғаш ақпарат көздерінен естіп-біліп, құжаттарымызды рәсімдеп, өтініш берген болатынбыз. Соның нәтижесінде жұмысшылар алып, ісімізді ілгерілетіп отырмыз. Қазір мекемеде «Күміс жас» санатындағы 3 қызметкер жұмыс атқарады. Жалпы, бұл санаттағы қызметкерлер үш жыл мерзімінде жұмыспен қамтылады. Оның алғашқы жылында қызметкерлер жалақысының 75 пайызы мемлекет бюджетінен қаржыландырылады. Одан кейінгі жылдары бұл көрсеткіш біртіндеп кеми береді. Қазіргі таңда өзге қызметкерлердің келімшарты аяқталуына байланысты біз келесі өтінім беру кезеңін күтудеміз, – дейді жұмыс беруші. Облыстық «Мансап» орталығының берегін мәліметтеріне сүйенсек, бүгінгі таңда облыс көлемінде ілкімді істің игілігін көргендердің қатары артқан. Облыс аумағында былтыр осы жоба аясында «Жастар практикасы» бағдарламасымен 3044 жас жұмыспен қамтылса, «Әлеуметтік жұмыс орындары бойынша мыңнан аса адам жұмыс орындарына жолданған. Сондай-ақ, «Алғашқы жұмыс орындары» аясында – 574, «Ұрпақтар келісімшартымен» – 29, «Күміс жас» бағдарламасы бойынша 743 адам қызметкер атанған. Ал бұл бағдарламалар арасында ең оғары көрсеткішке «Қоғамдық жұмыс орындары» ие болып отыр. Өткен жылдың қорытындысына сай аталған санатта 10256 адам жұмыспен қамтылған. Жақсы істің жаршысы болып, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуда аймақтар арасында Талас ауданы көш бастап тұр. Қалай десек те, қоғамда NEET жастардың санатын азайтып, нағыз еңбек адамының қатарын арттыруда мұндай бастамалардың керегі анық. Бүгінде бұл жұмыскерді жалақымен қамдап, кәсіпкерді қызметкермен қамтамасыз етіп, «өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай» қоғам дертіне айналған жұмыссыздықпен күресудің ең оңтайлы шешіміне айналып отыр.  

Нұрболат АМАНБЕК

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар