Ерлік жолы ұрпаққа үлгі

Ерлік жолы ұрпаққа үлгі
Ақәділ Рысмахан
«Неменеңе жетістің бала батыр, қариялар азайып бара жатыр», деп Мұқағали ақын жырлағандай, соғыстың соңғы солдаттарының да қатары сиреп келеді. Қадау-қадау майдангерлер сол аласапыран жылдардың шежіресіндей болып қалды. Олардың да алды жүз жастан асып, қарттық меңдеген жағдайда. Біз Жеңіс күні қарсаңында майдангерлердің шаңырағына баруды жөн санаған едік.

Майдангер Мүтәліп Ережепбайұлы кейінгі жиырма жылдан астам уақыттан бері Тараз қаласында тұрады. Қазір 98 жаста. Осыдан оншақты жыл бұрын өзі редакцияларға келіп, әр бөлімдегі журналистермен әзілдесіп, мақала-өлеңдерін ұсынып, әңгімелесіп қайтатын. Ондайда майдангер қарияны көріп, біздер де бір жасап қалушы едік.

Соғыс ардагерінің өмір жолы көпшілікке таныс. Сондықтан, Мүтәліп қарияның майданда жүріп жазған өлеңдерінің кейбір шумақтарына тоқталғанды жөн көрдік. Беларусь майданында оқ пен оттың ортасында жүрген оның ойына әуелі анасы келген екен.

Отанға қызметімді арнай беріп,

Сапарым кетті ауылдан шалғай болып.

Майдандағы балаңды ойлап күнде,

Жан анам жүр екенсің қандай болып, – дейді. Бұл бір шумақ өлеңге сол кезде ел қорғаған барлық жауынгерлердің өз аналарына деген сағынышы сыйып кеткен.

Келесі өлеңінде майдангер ақын:

Туған жерді көрермін, бәлкім, көрмеспін,

Тағдырыма қалай ғана көнбеспін.

Отанымның тыныштығы жолында,

Жойқын жаумен белдестім, – деген өлең жолдарына толқымау мүмкін емес.

Жаратушы тілеуін беріп, Мүтәліп Ережепбайұлы майданнан аман оралып, өзі жақындатқан бейбіт күнде еңбекке араласты. Аудандық партия комитетінде нұсқаушы, «Талас» асыл тұқымды мал зауытында партия комитетінің хатшысы болды. Бес жыл бойы Социалистік Еңбек Ері Әбдір Сағынтаевпен тізе қосып, бірге еңбек етті. Кейіннен аудандық «Талас тынысы» (ол кезде «Ленин жолы») газетінде бас редактордың орынбасары, бас редакторы қызметтерін атқарды. Беріректе, «Өмірім – өлеңім», «Оқ пен оттан оралғандар», «Жамбыл жолы», «Аңызға айналған ақиқат» атты кітаптар жазды. Үлгілі әулеттің дариясы. Асыл жары Тынышбала екеуі 6 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан 15 немере, 10 шөбере сүйіп отыр. Талас ауданының Құрметті азаматы. Запастағы майор.

Майдангердің үйінде қазақтың қара домбырасы ілініп тұр. Домбыраны қолына алып керемет бір әсерлі әуенді ойнап берді. Әнге қосылмады. Қолына газет ұстатып едім, «Aq jol» газетінің мақалаларын көзілдіріксіз оқып отыр.

Қайтатын сәтімізде «Жаратушы жастарға өмір берсін. Отан-еліміз аман болсын! Бейбіт заман болсын», деп бата берді. Өздері соғыс зардабын татқан ұрпақ бейбіт күнді бағалайды, қадірін біледі. «Сіз де аман жүріңіз, соғыстың соңғы солдаты», дедік біз де.

 

 

Ұқсас жаңалықтар