- Advertisement -

«Ағабектің ақыры»

25

- Advertisement -

Көркем кітап – жан азығы. Оқығанға ой тастап, жаныңды жадыратады. Жақында бір топ жазушылардың «Беласқан» повестер жинағының ішінен Оразбек Сәрсенбаевтың «Ағабектің ақыры» повесін оқып шығып, осындай әсерге бөлендім. Шығармаға соғыс жылдары арқау болған.

Өмірде әртүрлі пенде бар. Біреудің қасіретінен өзіне бақыт іздейтін адамдар да бар. Повестегі басқарма төрағасы Ағабек сондай кейіпкер. Соғыс жүріп жатса да, оның ойында соғыстың қасіреті жоқ. Ол өзін бастық болып жаралған адам сезінеді. Ойлағаны өз құлқыны, көзі жарын соғысқа жіберіп, сағыныштан сарғайған жас келіншектерде.

Жазушы оны былай суреттейді:

«Ағабектің май көздері айналасына лыпып, ұшқындап, қомағайлана қадалады. «Апырмай, Жаңыл әлі қартаймапты-ау», – деп күрсіне ойлады Ағабек…қалғып-мүлгіп отырған әйелге көзін сатып…

Сонсын екі сұқ саусағын беліндегі шіреген жалпақ қайыс белбеудің арасына салып, өктем тіл қатқан:

– Әй, әйел жолдастар! Ертең бозторғай шырылдамай тұрып жұмыс басына барыңдар. Ауданнан кісі келмек. Ырғалыпжырғалмаңдар, түге! – деді.

Міне, бұл басқарма төрағасы Ағабектің болмысы. Қасіретке толы соғыстың жүріп тұрған кезінде талайға тізесі батқан қатыгез адам. Оның ішінде Жаңылдың шаңырағына да қаталдық танытты. Перзент дегенде бір ұл, бір қызы бар. Сол жалғыз ұлын  17 жасында тізімге қостырып, майданға аттандырып жіберген де – Ағабек. Тұяқбай – Жаңылдың қайынатасы. Немересінің жастай соғысқа алынғанына қабырғасы қатты қайысады. Жазушы осы тұсқа ерекше екпін береді.

Тұяқбай:

– Құдай Бекболды алып еді қыршындай.  Содан қалған жалғыз бұтаны шауып тастап отырған мына Ағабек найсап емес пе? Менің қасым Ағабек болған екен де, уә!

– Ата, басқарманың не жазығы бар дейсіз. Көптің басына түскен тауқымет қой. Герман ит емес пе… ( Бұл Жаңылдың сөзі).

–  Маған сен ақыл үйретпе! Тұяқбайдың ақылы қашан да қара басына жетіп жатқан. Менің Германым – Ағабек! Жағаласар жауым – сол! Аузынан ана сүтінің дәмі кетпеген қаршадай немеремді әскер жасына толды деп айдатып отыр! Менің үрімбұтағымды құртып, орнына пияз екпек пе екен, атаңа нәлет? Ақыретте де кешпеспін…

Әттең, дүние, күресерге дәрмен жоқ, әйтпесе іш қазандай қайнайды! Тұяқбайдың күресерге дәрмені жоқ екені рас…».

Көп ұзамай Тұяқбай қарттың соғысқа тым ерте алынған немересінен «қара қағаз» келеді. Тұяқбайдың тістеніп, күңіренгені болмаса, Ағабек сұмға көрсетер тағы қайраты жоқ. Жазушы осындай диалогтар арқылы адамдардың жан толғанысын береді. Одан әрі қарай басқарма төрағасы Ағабектің жалғанды жалпағынан басқан өмірі суреттеледі.

Біресе анау келіншекке, біресе басқасына қырыңдап, көз жасы көл боп жүргендер арасынан жайнаған жазды іздейді. Біресе, Қатшакүлге, біресе Жаңылға маза бермей, азапқа салады. Көңілін қалдырмағанға көмегін беріп, қарсы болған, оның арам ойына көнбеген әйелдерге көрсетпеген қорлығы жоқ Ағабектің. Осынша қиянаттың ақыры болмай тынбады.

Елдің қарғысы қиыс кетпеді. Ағабектің Мәскеуде білім алған оқымысты інісі Әбен қаза болды. Әбеннің қазасы жанына ауыр тиіп, өзі де талма ауруына ұшырайды. Сол ауыр дерттен бірнеше ай азап шегіп жатып, Ағабектің өзі де бақилық болады. *** «Осыдан екі күн өткен соң, күллі ауыл болып Ағабекті ақірет сапарына шығарып салды. Айып ишан ақыры дегеніне жетті. Дауысын мақамдап, Ағабек мүрдесінің басында жаназа оқыған…

Ағабектің сүйегін шығаруға тек Тұяқбай шал ғана келмеді». Жазушы повесін осылай түйіндейді. Бұл шығармадан адамға жасалған қиянаттың түптің түбінде залалы болатынын тағы да бір ұғына түсеміз. Қаламгер соғыс тақырыбын аша отырып, көпшілікке үлкен ой тастаған.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support