Жиен бе, немере ме?

Жиен бе, немере ме?
ашық дереккөз
Жиен бе, немере ме?
Жаһандану жалпымыздың құндылыққа деген көзқарасымызды түбегейлі өзгертті. Қазақтың немересі бар. Жиені өз алдына бөлек бар. Қазір екеуін бөліпжарып айтпаймыз. «Жиен ел болмайды, желке ас болмайды» дегенге «Жиен ел болады жайлы болса, желке ас болады майлы болса» деген уәжіміз дайын. Осы дұрыс па? Иә, қазақ «нағыз жұрты» деп нағашыны айтады. «Жігіттің жақсы болмағы нағашыдан» деп бұл жұрттың бәсін арттырады. Бірақ, бұл «жиен» деп айдарланатын халықты «немере» деуге бола беретінін білдірмейді. Қарашаңыраққа немере ғана ие болады. Ал, жиен – қыздан туған бала. Нағашы ауылдың аса құрметті адамы да – жиен. «Балалығың ұстаса, нағашыңа бар» дейді. Дәстүрімізде жиенмен байланысты түрлі ырымдар бар. Жиен нағашыларынан нені қаласа соны ала алады. Ал, нағашысы оның қолын ешқашан қаға алмайды. Бұл дәстүр «жиенқұрық» деп аталады. Жиеннен туған бала «жиеншар», одан «көгеншар», одан «дегеншар» деп аталады. Сондықтан, жиен дегеніміз – әлдеқашан жатжұрттық болып кеткен қыздан туған туысымыз ғана болады. Ол өз жұртының немересі. Ендеше, жиенді неге немере деуіміз керек? Шындығына келгенде, бұл ұлтымыздың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайынан бастап, рухани жағдайына дейін бойлайтын шындықтың пердесін түріп тұр. Ажырасудан әлемде алдыңғы ондыққа кірдік. Осы статистиканың өзі нағашы ата-апасын бауырлап жүрген қанша баланың барын білдіреді. «Жиен деп бөлмеңдер, ол да менің туған немерем» дейтін арашадан-ақ бала ештеңені ажырата алмай өседі. Бұл – бір. Тұрмыс құрмай, жүріп қалған қыздар көп. Олардың дені алдымен үй алып, көлік мініп, қызметте жетістікке жеткісі келген арулар. Уақыт өз дегенін алады. Жасы келгенде жігіт жолықпай, өзі үшін бала табуды ойлайды. Міне, осы топтағы жиендер де бірден немереге айналып шыға келеді. Бұл – екі. Тағы бір себепті іздесек, көбіне қалада, айлығы шайлығына жетпей жүрген жас отбасыларға көмекке көбіне қыздың ата-анасы кеп жатады. Олар жиендерін ауылға апарып қарайды. Осындай салмақты себептердің әсерінен бүгінгінің апалары жиендерін әспеттеп айта алмай, көрсете алмай жүрген болуы да мүмкін. Осыған қарап ойланасың. Құндылығымыз әлеуметтік мәселенің көлеңкесінде қалып кетпей ме?..  

Гүлжан РАХМАН

 

Ұқсас жаңалықтар