- Advertisement -

Салмақты сұхбат

552

- Advertisement -

Мемлекет басшысының еліміздің ата басылымы «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбаты халық үшін құндылығымен ерекшеленеді.

Бірінші кезекте бұл – ел өміріндегі қазіргі және болашақтағы құбылыстар мен өзгерістерді түсінуге арналған аса салмақты сұхбат. Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бастап берген осындай еркін әрі ашық әңгіме халыққа өте қажет.

Менің білуімше, дәл осындай бүкпесіз баянға, әрбір қабылданған шешімді түсіндіру бағытындағы шынайы ақпараттарға ел тұрғындары аса зәру екендігі даусыз. Ендігі жерде Президенттің салған жолы, көрсеткен үлгісімен Үкімет басшысы, күштік құрылымдар, министрлер халықты алаңдатқан барлық мәселе бойынша кеңінен сұхбат беріп, ашық әңгіме өрбітсе деген тілегім бар. Бұл ретте алдыңғы қатардағы міндет – заңның мүлтіксіз орындалуын және тәртіптің қатаң сақталуын толық қамтамасыз ету. Заң үстемдігі берік орнап, тәртіпке бағынған, білімге бой салған елдің тез өсіп-өркендейтіні әлемдік қауымдастықта талай мәрте дәлелденген.

Ел Президентінің сұхбатында бүкіл қазақстандық қоғамды көптен бері толғандырып, ойландырып отырған өзекті мәселелер қозғалды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Парламенттік жүйені реформалау, Қаңтар оқиғасы, ел алдында тұрған міндеттер, Президент сайлауы, Әділетті Қазақстанның жаңа экономикалық бағдары, еліміздің Ресеймен және Қытаймен қарым-қатынасы, қоғамда қордаланған басқа проблемаларға тоқталып, қойылған сұрақтардың барлығына айқын әрі нақты жауап берді. Мемлекет басшысының барлық деңгейдегі шенеуніктер мен басшылар қоғамның тамырын тап баса білуге, азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап-түсінуге, соған сәйкес дер кезінде нәтижелі шаралар қабылдауға және дұрыс шешім шығаруға қабілетті болуы керек, бұл – ең басты талап деген тұжырымы көпшілік көңілінен шыққаны анық.

Өз басым Мемлекет басшысының сұхбатынан қоғамдық санада қалыптасып қалған сан сауалға орнықты жауаптар таптым. Президент ұлт мүддесін ескере отырып, биыл бірқатар халықаралық ұйымдарға төрағалық ету, Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу, қазақ ұлтына танымал тұлғалардың есімдерін ұлықтау, нағыз табиғи жыл басы – Наурыз мейрамының мазмұнын байытып, оны барынша дәріптеп, жаңаша атап өту, тағы басқа мерейлі оқиғалар бойынша тереңінен ой толғады. Бұлар бүкіл халқымыз қуана қолдайтын идеялар.

Әлеуметтік салада қордаланып қалған мәселелер біртіндеп шешіле бастады. Еліміздің түкпір-түкпірінде білім ошақтары, оның ішінде, «жайлы мектептер» бой көтеруде. Ауылдарда денсаулық сақтау нысандары салынып жатыр. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға кешенді түрде қолдау көрсету үшін Әлеуметтік кодекс қабылданды. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар үшін арнайы төлемақы енгізілді. Ұлттық қордан балаларға қаржы беру мәселесін реттейтін заң күшіне енді.

Ел газетіндегі сұхбатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген мәселелердің түйінін шешу жолдары мен жоспарланып жатқан жобалардың жүзеге тиімді асырылуын қатаң қадағалап отырғанын жеткізді.

Президент бастамалары алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Демек, босағамыздан енді аттаған жаңа 2024 жылдан да күтеріміз мол. Бастысы – денсаулық, елдің амандығы, жұрттың тыныштығы.

Ескі жылда есіркеген Жаратқан жаңа жылда да баршамызды жарылқай беретініне сеніміміз кәміл.

 

Үміт ҚЫРАНҚЫЗЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support