- Advertisement -

Білім ошағы пайдалануға берілді

22

- Advertisement -

Білім беру инфрақұрылымын дамыту – басты міндеттердің бірі. Бүгінде облыс мектептерінің материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа мектептер соғылып, апатты, үш ауысымды, орын тапшылығы бар мектептердің мәселесі рет-ретімен шешімін тауып келеді. Жамбыл ауданы, Бектөбе ауылында да «Әліш» атындағы мектеп-гимназиясы пайдалануға берілді. Білім сапасының артуына септігін тигізетін заманауи үлгідегі білім ошағы жыл басынан бері ел игілігіне берілген аудандағы алғашқы мектеп.

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында ашылған білім ордасы екі ауысымда 325 оқушыны қабылдай алады. Мектептің ашылуына облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Рүстем Бегалиев, аудандық мәслихат төрағасы Мұхтар Шайдаев қатысты.

Аймақтағы білім саласының жетістіктерін сөз еткен Нұржан Сәбитұлы бектөбеліктерді құттықтап:

– Бүгінде ашылып жатқан жаңа мектеп заманауи білім беру орталықтарына айналады деп сенемін. «Мектеп – білім мен тәрбие беретін алтын ұя» десек, жаңадан бой көтерген білім шаңырағы – тәуелсіз еліміздің дарынды жастарының алтын бесігі болары сөзсіз. Ұрпаққа сапалы білім беріп, заманға сай, әлемдік бәсекеге қабілетті, талантты жастарды дайындау – ортақ міндетіміз, – деді.

Ауыл қариялары оқушылардың жарқын болашағына сәттілік тілеп, ақ батасын берді. Ауыл балаларына арнап салынған білім ордасының еңсе тіктеуіне Рүстем Әлішұлы мен Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Әбдінұр Асылбеков ұйытқы болған.

Мектептің ерекшелігі – білім беру стандартының соңғы үлгісі негізінде салынған. Ғимарат іші кең әрі жарық. Әр кабинет қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған.

Оқушылардың білімімен қатар, денсаулығына да басымдық берілген. Әр сыныпқа ортопедтік парталар қойылған. Жалпы, 2 лингафондық және 6 интерактивті тақталы кабинеттер бар.

Мектепке қабылданатын оқушыларға жалпы стандарттық білім беру бағдарламасы бойынша ақысыз білім беріледі. Сонымен қатар, ата-аналарға қолайлы жағдай қалыптастыру үшін сабақтан тыс қосымшалар құрылған. Оқушылар түрлі спорттық үйірмелерге, тілдік курстарға, шығармашылық- жаратылыстану бағытында секцияларға қатыса алады. Мектеп- гимназия математика бағытындағы тереңдетіп оқытады.

– Қаратөбе ауылдық округінде 5000 тұрғын бар. Ауылда бір ғана Амангелді орта мектебі орналасқан. 640 оқушыға арналған білім беру мекемесінде қазіргі таңда 970 бала білім алуда. Бұл білім ошағы қажеттіліктен ашылып отыр. Ауылдағы демографиялық өсімге байланысты, бүгінгі күннің барлық талаптарына сай бой көтерген жаңа мектеп ел игілігіне қызмет етеді деп сенеміз, – дейді аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы.

 

Гүлжан РАХМАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support