- Advertisement -

Оқушылар олимпиадасын онлайн өткізуге болмай ма?

21

- Advertisement -

«Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім», деген академик, жазушы Мұхтар Әуезовтің XX ғасырда айтқан қанатты сөзі XXI ғасырда да құнын жойған жоқ. Дамыған өркениетті елдердің қатарына кіруге бет алған тәуелсіз Қазақстанның бәсекеге қабілетті жас ұрпақты тәрбиелеу жолындағы бетбұрыстары көңіл көншітеді-ақ. Түрлі деңгейдегі халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар, шығармашылық байқауларға қатысып, көк байрағымызды желбіретіп жүрген жастарды көріп көз қуанатыны да рас. Соңғы жылдары білім саласындағы әлемдік деңгейдегі реформалар Қазақстанның білім жүйесіне де өз әсерін тигізуде.

Оқушылардың жас ерекшелігіне негізделген PIRLS,TIMSS тәрізді халықаралық зерттеулер бойынша Қазақстан орта деңгейде көрсеткіштер көрсетіп отыр. Осы орайда, біз реформадан көз ашпайтын еліміздің білім саласында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін пәндік олимпиада жайлы сөз қозғамақпыз.

Негізінде, 9-11 сынып оқушылары үшін жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада Оқу-ағарту министрлігінің 2023 жылғы «2023-2024 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданы ұйымдастыру және өткізу туралы» бұйрығына сәйкес, 2023 жылдың қараша айының соңына дейін, екінші кезеңі 2023 жылдың желтоқсан айының соңына дейін ұйымдастырылады.

Тұп-тура осыдан 1 ай бұрын Ақтөбе облыстық полиция департаменті оқушыларды жарысқа алып бара жатқанда ақ қар, көк мұзда апатқа ұшыраған көліктің жүргізушісі – мектеп мұғалімі Жандос Шамшаддинді қамауға алды.

Жаныс би ауылынан аудан орталығы Ырғыз кентіне бара жатқан 5 оқушы, 2 мұғалім мінген көлік жол апатына ұшыраған еді. Екі оқушы мен бір мұғалім қаза болды. Аудан орталығы Ырғыздағы гимназиядан өзге мектептерде оқушылар автобусы жоқ. Сондықтан, бұған дейін аудан мектептері пән олимпиадасына автобуспен барып көрмеген.

Мектеп мұғалімдерінің сөзінше «олимпиадаға апаратын көлікті мұғалім табуға, оқушылар жолақысын өз қалтасынан төлеуге тиіс. Кейін бюджет ақшасы түскен соң мектеп балаларға жолақысын қайтарады-мыс». 2022 жылы 17 желтоқсанда да осыған ұқсас жол апаты болған еді. Болашақта еліміздің көк байрағын желбірететін, осы уақытқа дейін өз өңірінде тек бас жүлде алып жүрген спортшы балалар жас өмірін өлімге қиямыз деп емес, жарысқа қатысып жүлдемен ораламыз деп жолға шықты емес пе?!

Осы орайда «Неге осы олимпиадаларды ауа райының қолайлы кезеңдеріне сәйкес өткізбеске?! Білім бәсекесінің екінші кезеңі қыс мезгіліне тура келеді. Ақ қар, көк мұзда өрімдей өрендеріміздің өмірін тәуекелге тігіп, ешқандай МАИ қызметінің қолдауынсыз облыс орталығынан 400- 500 шақырым шалғайда жатқан ауыл мектептерінің, дарынды оқушыларын ары-бері тасу қандай қажеттіліктен туындап отыр.

Оқушыны да, жетекші мұғалімді де қолайсыз мезгілде сабылтудың ақыры – Ақтөбедегі үш баланың өліміне әкеліп соқты емес пе?! Араға жыл салып қайталанып отырған осы қайғылы оқиға неге бізге сабақ болмайды?! Үш бірдей шаңырақтың үкілеген үміті өшіп, қара жамылса, оларды бастап барған жетекші мұғалім темір торға тоғытылып, тағдыры талқан болды. Кім кінәлі? Айдың-күннің аманында көз қуанышы – баласынан айырылған ананың қайғысын кім ұмыттыра алады? Бұған әрине, жергілікті билік немесе мектеп кінәлі емес.

Жоғарыдан, құзырлы мекемеден келген бұйрықты орындамау – өз-өзіңе көр қазғанмен бірдей. Осыншама қасірет әкелген бұл білім сайысын неге онлайн түрде өткізбеске?! Бұған біздің мемлекетіміз дайын болуы тиіс. Себебі, пандемия кезінде еліміздегі әр мектеп оқушысына ноутбук, компьютерлер мемлекет қаржысынан берілді. Соны пайдаланып, олимпиада, ғылыми жобаларды онлайн түрде немесе көктем, күз мезгілдерінде өткізсе жоғарыдағыдай орны толмас қазаға жол берілмес еді.

Мұндағы ескермеуге болмайтын тағы бір мәселе, қашықтықтан өткізілетін олимпиадаларда қазылар алқасының бұра тартпасына да кепіл жоқ. Ашық, шынайы түрде өткізілетініне жетекші де, қатысушының да көзі жетіп, көңілі толса көптеген мәселелердің шешімі осы онлайн олимпиада болатын еді.

Қазіргідей технология қарыштап дамыған дәуірде шалғай аудандар мен ауылдардан балалардың басын бәйгеге тігіп отырған жоқпыз ба? Қарапайым қарадомалақтың емес, болашақта ел тізгінін ұстар, бір-бір саланы дөңгелетіп әкетер кіл дарынды, талантты, білімді жас өскіндерімізді оқтың аузына, ажалдың қақпанына өз қолымызбен итеріп бергендейміз деп қынжыласың.

 

Ғайникен МАРАЛТАЙҚЫЗЫ

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support