- Advertisement -

Мың теңге

22

- Advertisement -

Ауылдастарымның алабөтен пейілін қимасам да, қалаға жиналдым. Қара жолды қақ жарып лимузин сияқты су жаңа көлік тоқтады. Есігін айқара ашқанда бойымды хан сарайына кіргендей ерекше сезім биледі. Әр орындықтың арқалығында мониторы бар 7-8 адамға арналған көлікте үш-ақ жолаушымыз. «Отырыңыз, от адреса до адреса» деп саңқылдады жүргізуші. Құндыз тон киген жүргізушінің алтын сақинаға толы саусақтарына көзім түсті. Бір қолымен соткасын, екінші қолымен рөлді баппен, аялап ұстап отыр. Сәнді қиылған қайратты шашын қайырып, қасындағы орындықта отырған егде әйелге қарап қойды. Анасы деп түйдім. Басына таққан орамалы түйіршектеліп, тозтозы шығып кетіпті. Үстіне өңі кеткен жемпір киіп алыпты. Ол да көнетоз, тым жұпыны еді.

– Қарным ашты… Бір жерге тоқтап, бірдеңе жеп алайықшы, – деді әйел.

– Жоқ, ақша жаратқым келіп тұрған жоқ. Аштан өлдің ба? – деп жүргізуші ұрсып берді.

Қалтамнан анам дайындаған құртты алып ұсынып едім, әйел қарай қоймады. Есесіне жүргізуші қолын созды. Екі құртты алақанына салып: – Мамаңызға беріңізші, – дедім. Сол сәт оянып, бетіме алара қараған егде әйел: – Жемеймін, мен анасы емес, әйелімін, – деді жақтырмай. Маңдайындағы тарам-тарам әжімдері, суалған ұрты, кіртиген көздері өмірден көп қиындық көргенін, титықтап, қажығанын білдіргендей. «Анаңыз дегені несі, ей?!» деп күбірлеп сөйлеген күйі, басы қисайып, қорылдап ұйықтап кетті.

Жігіт әңгіменің тиегін қайта ағытты. Дубайда қалай қыдырғанын, Тайландта не істегенін, Америкада не жегенін айтып тауыса алмай келеді.

– Бүгін теңізден келдім. Теңіз үстінде кемемен жүзіп, суға сүңгідім. Рахат. Бірақ кейін білдім, беліме байлап алған телефоным түсіп қалыпты. Су өткізбейтін еді ғой. Қалды шетел теңізінің балдырларының арасында. Ай, ақшаның бетіне қарамадым ғой. Жұрт мен жаратқан ақшаға үй сатып алады, ал мен әбден қыдырдым, – деді тамағын кенеп.

Құндыз тонымен желпініп отырып, қанша доллар жаратқанын, не сатып алғанын тізбектеп жатты. Кенет есіне әлдене түскендей: «Оппо, ауылдан Таразға дейін жолкіре қанша?», – деді. «2000 теңге», – дей бергенім сол: «Тоқта, саған сенбеймін. Қазір таксист досымнан сұрайын», – деп, әлдекімге қоңырау соқты.

– Таразға дейін такси неше алады? Мың теңге? Мақұл, рақмет! – деп тұтқаны қойды.
Жуырдағы көктайғақтан соң жолкіренің үстіне 1000 теңге қосылып, қымбаттап, 2000 теңгеге көтерілгенін айтпай қалған досына таңғалдым. Жүргізуші болса: «Мен кеше 2 миллион теңгеге алған жаңа телефоныма әлі whatsapp, kaspi орнатпадым», – деді күмілжіп. «Онда әйеліңіздің номеріне салайын», – дей бергенім сол: «Қой, ойбай, ол жаратып қояды.

Алпамыс досыма жіберші. Номерін жазып ал: « 8-700…» деп бейтаныс кісінің номерін қайталап жатты.

– Мың теңге лақтыр. Мың теңге жібер, түсіндің ба? Кем жіберіп қойма!

Тексеремін. – Мақұл, – деп басымды изеп, мың теңгені аударып жібердім.

– Аудардың ба? – Иә, – деп телефонымнан квитанцияны ашып көрсеттім. Көлігін жол жиегіне тоқтатып, үңіліп қарап тұрып: «Жоқ, сенбеймін. Қазір досымның өзінен сұрайын» деп, досына қоңырау шалды.

«Алло, Алпамыс? Саған мың теңге түсті ме? Точно түсті ме? Шатасып тұрған жоқсың ба? Кім деп шығады ал? Сенің атың кім? – деді маған бұрылып.

– Құралай.

– Алпамыс, кім деп шықты? Құралай? А, дұрыс екен. «Түспей қала ма» деп қорқып едім. Досым, саған сенем ғой, үйге әкеліп таста кешке. Ұмытып кетпе, күтем, – деді де, маған бұрылып: «Қане, Құралай, Алпамыс деген номерге түскені рас па, бір қарап жіберейінші», – деді де тағы бір қарап алып, жаны жайланып, күлімдеп қоя берді.

Қалаға жақындағанда әйелі шөлдесе керек, сусын сатып алуын өтінді. – Қой, айналайын! 500 теңгеге сусын сатып алмақсың ба? – деп ұрсып тастады. Сол сәт әйелінің неге ерте қартайып кеткенін түсінгендей болдым…

 

ҚҰРАЛАЙ СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support