- Advertisement -

Есті ән мен есер ән

27

- Advertisement -

Әр ұлттың болмысынан хабар беретін ән өнері ерте кезеңнен қалыптасып, дамып келе жатқаны белгілі. Әр әннің астарында тағдыр һәм тарих тұнып жатады. Қазақ әнінде халық өнерінің әр кезеңіндегі тыныс-тіршілігі, бітім-болмысы, заман үні көркем көрініс тапқан. Данышпан Абайдың «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең», деген сөздері адамзат өмірінің өлеңмен өрнектелетінін айқын көрсетеді. Орыс ғалымы Григорий Потаниннің «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді», деген сөзі қазақ тұрмысының осындай даралығынан туған тұжырым болса керек. Осы орайда, ән өнерінің көшбасшысы бола білген Ақан сері, Жаяу Мұсалардың есті әні бүгінде естуге тұрмайтын әнмен алмасып кеткен жоқ па?!

«Сексен қыз серуенге шықса-дағы, Ішінде шолпан жұлдыз, жарығым, сен Қадиша!» сынды таланттардың тағдырға толы әндерін «Қолымнан ұста, ұшам десең алысқа», «жүрегім ақ, есігін қақ» сықылды әндер алмастырған сәттен бастап әннен кие кетпесе де, әншіден кие кеткенін анық түсіне аламыз. Бұл әннің сөзіне байланысты жағы ғана. Оның арғы жағындағы қара өлең, әуеннің әңгімесі бөлек… «Алматыда жоқ-жоқ, Астанада жоқ-жоқ».

Осы жолдардан тек ұйқас қуудағы мазмұн мен көшірме дәстүрді көре аламыз. Әуеннің ырғағына сай ән мәтінінің жеңіл болуы да заңды құбылыс. Бұл жерде жалғыз әншінің емес, жұдырықтай жұмылған ақын, сазгерлердің жұмысынан да мін іздеп, сын айтуға болады. Ән ютуб желісінде 152 миллион көрсетілім жинаған.

Бұл Қазақстан халқының жеті есе көрсеткіші. Демек, жеңіл әндерге тыңдарман тарапынан да сұраныс бар.

Бүгінде хитке айналған әндердің сөзін кімдер жазып жүр? Әнді әнші шырқағанымен, туындыдағы тағдыр мен сезімді бастан кешіріп, өз бойынан, өз өмірінен өткізген ақындар көп жағдайда тасада қалып қояды. Қазіргі жастардың жастанып тыңдайтын әндерінің біразының сөзін жазған ақын Ершат Қайболдин өз сұхбатында «Қазір әннің сөздері өте «дамып» кетті, дамығаны соншалық, кейде кейбір әндердің
сөзін түсінбей қалатын жағдайға жеттік. «Әннің де естісі бар, есері бар» деген хакім Абайдың сөзі осы заманға айтылғандай», – дейді ол.

Расында, бүгінгі қазақ эстрадасында сауатты әндер жоқ емес, бар. Бірақ, саусақпен санап аларлықтай. Ал, Қанат Үмбетовтің орындауындағы «Сезімді қайтейін», «Мазаламайын», Нұрлан Әлімжанның орындауындағы «Күн-айсың», Жігер Ауыпбаевтың орындауындағы «Неге жыладың?», Иса Алимұсаевтың орындауындағы «Жұлдыз шығармыз», Абзал Өтешовтің орындауындағы «Келме маған» әндерінің сөзін жазған ақын Нұртас Тұрғанбек «Жалпы, әнге сөз жазу оңай немесе қиын деп айта алмаймын».

Әртүрлі ән болады және оның буындары да әртүрлі. Көп жағдайда осы буындар қиындық тудырып жатады. Авторға негізгі міндет әннің тақырыбын аша алатындай сөз жазу. Бірде ән келеді, бірде дайын сөзге ән жазылады. Қатып қалған қағида жоқ. Мысалы, Ерғали Көшербаев деген композитор бар. Ол жігіт тек қана сөзге ән жазады. Негізі сөзге ән жазылғанда мағыналы дүние шығады», – дейді ол.

Құлақтан кіріп, бойды алар,

Жақсы ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең, менше сүй, – деп Абай айтқан қағида сақталса, есер әндер азайып, халықтың есінде қалып, жадында сақталатын есті әндер көп болар еді..!

 

Ғайникен МАРАЛТАЙҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support