- Advertisement -

Ұрпақтың асыл мұраты

41

- Advertisement -

Кез келген ұлт, қоғам жекелеген адамдардан тұрады. Сол адамдардың өмір сүру сапасы мен тұлғалық болмысы ұлттың да, қоғамның да өзегін мықты немесе әлсіз қалыпқа айналдыратыны ақиқат. Әсіресе, қай елде болмасын, жастарға артылар жүк те, үміт те басым. Өйткені, жалынды жастық шақтың қайсарлық пен жігерге толы мазмұны көптеген асуларды бағындыруға жетелейді.

Биыл өңіріміздегі жастар үшін ерекше маңызға ие «Әулиеата үздігі» жастар сыйлығының «Үздік жас музыкант» номинациясының жеңімпазы атануым – мен үшін үлкен мәртебе. Айта кеткен жөн, жыл қорытындысы бойынша үздіктер марапатталып қана қойған жоқ.

«Әулиеата жастары» облыстық жастар энциклопедиясының II томы жарық көріп, жамбылдық 169 жастың өмір тарихы мен жетістіктері энциклопедияға енді. Шын мәнінде, өнер жолында жүріп, үздіктердің қатарында болу да көңіл қуантады. Өйткені, жалпы қоғам ескеруі тиіс бір жағдай – өнер жолы  талант ғана емес, білім мен күнделікті еңбектен тұрады. Әрбір өнер адамы мен сахнаның артындағы әрбір маман үшін сахна киелі әрі салмақты.

Дәстүріміз бен ұлттық өнерді қадірлі көрерменге жүректен-жүрекке жеткізу, дәнекер болу да үлкен жауапкершілік пен шеберлікті талап етеді. Осы уақытқа дейін тек сахна әртісі ғана емес, сахна сыртындағы тіршілікті ұйымдастырып, дайындап, ұштау арқылы назарда ұстап, әдемі концерттер мен кештерді өткізу, көзі қырағы көрерменге сапалы жеткізу К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының көркемдік жетекшісі ретінде өз тарапымнан қосқан үлесім деп білемін.

Осы тұста айта кетерлік жағдай – бұл жеңіс менің ғана емес, бүкіл филармония ұжымының жеңісі. К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының артистері мен шығармашылық топтары, қызметкерлері өткен жылы түрлі конкурстар мен фестивальдерге қатысып, толағай жетістіктерге жетті.

Нақтырақ айтсақ, Ташкент қаласында өткен «Super Star KZ» «Summer Tashkent» көпжанрлық конкурсына «Вокал» номинациясы бойынша әнші Лаура Бексұлтанова қатысып, ІІ орын иеленді. Ал, «Villacher Kirchtag» атты дәстүрлі фестивалінде Мәдениет саласының үздігі Дастан Көрегеннің жетекшілігіндегі «Алатау» фольклорлық ансамблі, әншілер, Мәдениет саласының үздіктері Оңал Азаматова, Жанатбек Кәдіров және Жандос Омаров өнер көрсетті. Аталған фестивальді 100 000 адам тамашалады. Фестивальге 40-қа жуық мемлекеттен 3000-ға тарта өнерпаз қатысты. 5 тамызда Аустрия мемлекетінің Филлах қаласының орталығында өткен 40 елдің өнерпаздары қатысқан 78-дәстүрлі фестивальдің жабылуына арналған «Ұлттық киімдер шеруін» 150 мың көрермен тамашалады.

Шеруге Қазақстан атынан қатысқан К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы «Атамекен», «Өз елім» және халық әндері мен еліміздің Әнұранын орындады. Қырғызстанда өткен «Мейкин Азия» танымал музыка орындаушылардың ІІІ Халықаралық Ыстықкөл фестиваліне әнші Айна Қалмағанбетова қатысып, бас жүлдені жеңіп алып, 5000 доллардың сертификатын иеленді. Сондай-ақ, Үндістанның Куллу қаласында өткен Химачал-Прадеш үкіметі ұйымдастырған Куллудағы «Халықаралық Куллу Дуссехра» фестиваліне балетмейстер Айжан Қонарбаеваның жетекшілігіндегі «Ақкербез» би ансамблі және әншілер Динара Маханова, Альбина Ерубаева қатысты.

Өнер ұжымы Нью-Делиде, Чандигарх, Куллу қалаларында мерекелік парадта ұлттық киімдермен жүріп өтіп, еліміздің көк туын желбіретті. Артынша  Қазақстан Республикасындағы Үндістан Елшілігі, Свами Вивекананда атындағы мәдени орталығының хореографы Видьягаури Хемант Адкар ханым филармония шаңырағына қонаққа келіп, бишілер үшін арнайы шеберлік сағатын өткізді. Онда үйренген билерін «Айша бибі», «Ақкербез» би ансамбльдері «Филармония тартуы» атты қорытынды есеп беру концертінде мың бұрала орындады. Көпшіліктің көңілінен шыққан кеште Видьягаури Хемант Адкар да өнер көрсетіп, таңғажайып үнді биінің ырғағымен көрерменді баурап алды.

Биыл да филармония ұжымының бірлікпен тірлігін жарастырар жоспарлары жоқ емес. Ауқымды шаралар қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Бағдат Сәмединованың 70 жас мерейтойы мен  шығармашылығына 50 жыл толуына арналған «Мен даланың қызымын» атты ән кеші, халық ақыны, жырау, дүлдүл әнші, көрнекті композитор, сал-серінің соңғысы болған Кенен Әзірбаевтің 140 жылдығына арналған «Кененнің ізбасарлары» атты І республикалық өнер фестивалін өткізу жоспарланды.

«Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген ұстаныммен өнер мен мәдениетте еңбек етіп жүрген әріптестерімнің, ұжымның жетістіктері мен жоспарлары жайында айтуым жайдан-жай емес. Себебі, біз қандай биікке көтерілсек те, көптің тілеуі деген дүниені ұмытпағанымыз абзал. Оның артында ата-анамыздың ақ батасы жатыр. «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деп Әлихан Бөкейханов атамыз айтқандай, түптеп келгенде бәріміздің мақсатымыз ортақ. Ол – атаана үмітін ақтау, ұлтқа адал қызмет ету. Сондықтан да жастардың ел өркендеуіне үлес қоссақ деген ниетін аңдап, бетін қақпай, белін буған қолдаулардың, мемлекеттік жобалардың жалғасын тауып жатқандығына алғысымды білдіргім келеді.

 

Аида СМАҒҰЛОВА,

К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support