- Advertisement -

Маңызды мәселелерге тоқталған сұхбат

30

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл қорытындысы ретінде ауқымды сұхбат берді. Президентіміз еліміздегі саяси өзгерістер жайлы ғана емес, сондай-ақ кейінгі кездері ушығып, қоғам арасында алаңдаушылық тудырып жатқан бірқатар мәселе жайлы кеңінен айтып өтті. Президенттің «бұл кезең еліміздің бес жылдық дамуының негізі болады», деген ойы көңілге қонымды.

Сұхбат ел тұрғындарының көп сұрағына жауап алып, ой түюіне орасан зор мүмкіндік берді.

Қазір әлем жыл сайын емес, күн сайын өзгеріп жатыр. Жаңа технологиялар, мамандықтар және салалар пайда болуда. Жұмысты ұйымдастырудың және басқарудың әдіс-тәсілдері қайта қаралуда. Осындай жағдайда жаңа кәсіби дағдыларды меңгеруге және озық білімін тиімді пайдалануға қабілетті жастардың рөлі арта түседі. Ойы ұшқыр жастарымыз болашақты бағамдай алады әрі дәйекті дамуға ұмтылады.

Халқымыздың қуатын арттырып, табысқа жетелейтін еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жанашырлық, іскерлік, бастамашылдық, адалдық секілді нағыз азаматқа тән қасиеттер мен құндылықтарды жан-жақты дәріптеп, ұрпақ санасына сіңіру арқылы ғана сапалы ұлтқа айнала аламыз.

Сұхбат барысында Президентіміз жылдан жылға көбейіп келе жатқан отбасындағы зорлық-зомбылықты, халықтың әлеуметтік жағдайының одан әрі төмендеуінің салдарынан қарызға белшеден батуын, жұмыссыздық, оның ішінде тәжірибесі жоқ жастардың өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналаса алмауын, көптеген отбасында қаражат жетіспеушілігі орын алса да елдегі қымбатшылықтың басылмауы секілді мәселелерді көтерді. Әрине, бұл бағытта осы уақытқа дейін де ауқымды жұмыстар атқарылды, дегенмен толық шешімі табылмады. Жалпы, Қасым-Жомарт Кемелұлы сұхбат барысында бұл мәселелерді, елдегі өзге де жағдайды білетіндігін және әлі де оларға аса мән беріп отырғанын айтты.

Президент тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатайтуды қолдайтынын білдірді. Былтыр отбасындағы тұрмыстық құқықбұзушылықпен күрес тәсілдері жетілдірілді, мұндай қылмыстар үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік едәуір күшейтілді. Қазір Мәжіліс депутаттары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің жаңа әрі тиімді шараларын қарастыратын заң жобасын әзірлеп жатыр.

Отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстардың алдын алу үшін нақты шаралар қолға алынды. Әйелдер мен балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстарды тергеумен енді әйел тергеушілер айналысады. Ішкі істер органдарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаумен шұғылданатын мамандардың штаты қалпына келтіріліп, олардың құзыреті күшейтілді. Енді қоғамда озбырлық пен зорлық-зомбылықтың кез келген түрін айыптайтын құқықтық сана-сезім қалыптастыру керек. Мемлекет басшысы елімізде «заң мен тәртіп» қағидатының орныға түскенін қалайтынын айтты. «Біз заңсыздық пен қатыгездікке бір кісідей, батыл қарсы тұруымыз қажет. Сондай-ақ, қоғам нормалар мен ережелердің және жалпы адамзатқа ортақ құндылықтардың аяқасты болуын қатаң айыптап, онымен бірлесе күресуі керек екенін айтты.

 

Сағынтай ТӘТТІБАЕВ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Құрылыс және материалдар өндіру» кафедрасының аға оқытушысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support