- Advertisement -

Қоғамның пікірі маңызды

22

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында «Барлық деңгейде шенеуніктер мен басшылар қоғамның тамырын тап басып білуге, азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап-түсінуге, соған сәйкес дер кезінде нәтижелі шаралар қабылдауға және дұрыс шешімдер шығаруға қабілетті болуы керек. Бұл – ең басты талап. Олар «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидатты берік ұстануға тиіс» деп шенеуніктер мен басшылар жұмысына талап белгілейді.

Бұл дегеніміз – Қоғамдық кеңес мүшелері өздерінің қызметтері мен міндеттерін орындауына да дұрыс межелер қоюына ықпал ететінін көрсетеді.

Ширатып айтар болсақ, мемлекетте шешімдер қабылдауда азаматтық қоғам қатысуының деңгейін іс жүзіндегі анықтау құралы ретінде 2009 жылы 1 қазандағы отырыста Еуропа Кеңесінің Халықаралық мемлекеттік емес ұйымдардың Конференциясында қабылданған «Шешім қабылдау барысында азаматтық қатысудың ұсынылатын практикасының Кодексі» туралы айтып өту керек сияқты. Себебі, біздің әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру мақсатымыз бар. Кодексте мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның шешімдер қабылдаудағы бірлесіп атқарған жұмыстарының деңгейі анықталады.

Негізінен 4-деңгей, олар: ақпараттандыру (төменгі деңгей) – мемлекеттік органдар тарапынан біржақты ақпараттандыру, шешімдер бойынша өзара іс-қимыл көзделмеген; консультациялар (орташа деңгей) – бастама мен тақырыптар мемлекеттік сектордан біржақты тәртіппен шығады, азаматтық қоғамға түсірме, ұсыным алу үшін мемлекеттік органмен кері байланыс қалыптасқан; диалог (орташа деңгей) – саясатты нақты дамытуға қатысты өзара мүдделердің негізінде құралған, бастама кез келген тараптан шығуы мүмкін, демократиялық деңгейі жоғары азаматтық қоғам; серіктестік (жоғары деңгей) – шешім қабылдауда барлық бағытында өзара жауапкершілік орын алады, үкіметтік емес сектордың тәуелсіздігі сақталады, кейбір міндеттер үкіметтік емес секторға табысталады, қаражатты бөлуді қоса алғанда шешім қабылдау үшін органдар құрылады.

Осы негізде халық алдында есеп беретін мемлекетті қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруда азаматтардың кеңінен қатысуын қалыптастыру мақсатында «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңға 2021 жылы бірқатар өзгерістер енгізілген болатын. Кеңес мүшелерінің мүддесі де халық үнін билікке жеткізу, шешімдер қабылдауда азаматтық қоғам атынан ұсынымдар беру, оның орындалуын қадағалау, дамыған елдер қатарына қосылу бағытында қызмет ету.

Президентіміз өзінің сұхбатында «Мен мемлекеттік органдардан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, қоғамның пікірімен санасуды талап етіп келемін…» деп айтады. Ол Қоғамдық кеңес мүшелеріне жаңа серпін беретіні сөзсіз, азаматтарды елімізді дамытудағы ортақ мүдделерді бірлесіп шешудің маңыздылығын ескеріп, бірлесе жұмыстар атқаруға шақырамыз.

 

Марат ӘБДІРАЙЫМОВ,

облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support