- Advertisement -

Түрлі мәселелер талқыланған жиын

23

- Advertisement -

Қордай ауданына жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов әуелі шаруа қожалық жетекшілерімен кездесу өткізді. Шаруалар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берген депутат ауыл шаруашылығына қатысты нақты мәліметтер де берді.

Халық қалаулысы кездесу барысында қазіргі таңда Мәжіліс депутаттарының атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып, оның ішінде «Ауыл» партиясының негізгі бағыты мен жоспары жайында айтты. Мәжілісте қаралған заң жобалары жайын да атап өтіп, соның ішінде жер қатынастары мәселесіне кеңінен тоқталды. Әсіресе, «Қоғамдық жайылымдар» туралы қабылданғалы отырған Заң көпшілік көңілінен шығуы тиіс екендігін жеткізді. Өйткені, есік алдында уақ мал ұстайтын ауыл халқы үшін бұл заң өте тиімді болмақ. Сонымен қатар, Ерболат Байұзақұлы «Бизнес туралы» заңды қабылдауда түскен ұсыныстар турасында айта келе, заңды талқылауда оңтүстік өңір халқының тым енжарлық танытатындығын да сөз етті.

Кездесу барысында қазір өзекті болып тұрған су мәселесін қозғаған шаруа Біржан Құттықов алынған өнімді нарыққа шығарудағы қиындықтарды да жасырмады.

Осы орайда, Ерболат Саурықов бұл мәселеге қанық екенін айтып, Қырғыз елімен ағын су төңірегінде келіссөздер жасалып жатқанын жеткізді. Бұл Үкімет тарапынан шешілуі тиіс мәселе екенін айта келе тиімділігі мол өнім егіп, мейлінше су үнемдеу технологиясын көбірек қолдануды ұсынды.

Шаруа қожалығы бар Мэлс Асанқұлов қазіргі таңда құс шаруашылығындағы бәсекелестіктің әділ еместігін алға тартып, субсидиялау жағынан туындап отырған қиындықтарды сөз етсе, «Қорда-й Корм» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Талғат Сәрсембаев ауданда өндіріс орнын ашу үшін инвесторларды тартудың қажеттілігі жөнінде ой қосты.

– Барлығын бірден шешу мүмкін емес, бірақ қолдан келгенінше көмек беруге дайынбыз. Депутаттар халық пен билік арасын жақындастыруды өзіне міндет санайды. Өзекті болып отырған жеке мәселелеріңіз болса, тікелей өзіме шықсаңыздар да көмек көрсетуге барымызды саламыз, – деді Ерболат Байұзақұлы.

Кездесуден кейін Мәжіліс депутаты Қордай ауылындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының жұмысымен танысты. Орталықта атқарылатын жұмыстар мен мәселелері турасында аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай мәлім етті. Мүмкіндік болса, орталық ғимаратын жаңадан салу, кеңейту жұмыстары қолға алынса деген ұсыныс та айтылды.

Осыдан соң Ерболат Саурықов «Балауса» лагеріне барды. Лагерь жұмысымен таныстырған аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков әр жазғы науқанда балалардың демалыс уақытын көңілді әрі пайдалы өткізуге арналған нысанға күрделі жөндеу қажеттігін де жеткізді. Ғимараты ескірсе де жыл сайын қызметін лайықты түрде атқарып отырған лагерьдің жөнделуіне депутат ықпал етуге уәде етті.

Қордай ауылындағы «Дәурен-ай» шаруа қожалығына барған депутат бүгінде 1500 бас ірі қара байлап отырған қожалықтың жұмысы көпке үлгі екенін айтты. Мал бордақылаудың жаңа әдістері, етті нарыққа шығарудағы тәжірибесін қожалық басшысы Жайық Манасбаев түсіндіріп өтті. Талған Сәрсембаев жетекшілік ететін «Еко Чикен» кооперативінің жұмысымен де танысқан депутат еңбекқор жұмысшылардың ісіне сәттілік тіледі.

 

Жандос ОМАРОВ,

журналист.

Қордай ауданы

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support