- Advertisement -

Су үнемдеу технологиясы қолданысқа енгізіледі

42

- Advertisement -

Облысымызда «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылып жатқанына биыл алтыншы жыл. Аталған жоба аясында суармалы егістік алқаптарын ұлғайту мақсатында жаңа технологияларды енгізу күн тәртібінде тұрған мәселенің бірі. Яғни, биылдан бастап «Ауыл аманаты» жобасы арқылы су үнемдеу технологиясын сатып алатын ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен кооперативтерін 2,5 пайыздық несиемен қамту көзделуде.

Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің төрағалығымен өткен жиында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін жаңа техникамен қамтамасыз ету, егіс алқаптарына су үнемдеу технологиясын енгізу және «Ауыл аманаты» жобасын жандандыра түсу барысы қаралды. Жиынға облыстағы қант қызылшасын өсіруші шаруа қожалық жетекшілері мен басқарма басшылары қатысты.

«BNK irrigation» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Ниязалы Бейсенбаев облыстың шаруа қожалықтарына өздері құрастырып, екі жылдан бері өткеріп келе жатқан тамшылатып және жаңбырлатып суару қондырғыларының тиімді тұстары мен артықшылығын жеткізді. Оның айтуынша, аталған компания өз құралдарын жеткізіп берумен, құрастырумен, орналастырумен айналысады. Мәселен, 10 гектар алқапты жаңбырлатып ылғалдандыратын бір су үнемдеу технологиясының нарықтағы бағасы 8 миллион, ал 20 гектарға арналған жабдық 17 миллион теңгені құрайды екен.

– Біз «Ауыл аманаты» жобасы аясында шаруа қожалықтарға өз өнімдерімізді ұсынуға келдік. Бұл тамшылатып және жаңбырлатып ылғалдандыратын құрылғының тиімділігі сол, жүгері дақылынан басқа дақылдың барлығына қолдануға болады. Ол ең әуелі алқаптағы дақылдың өнімділігін арттырады. Мәселен, қант қызылшасынан гектарына орта есеппен 5 тонна өнім алатын болса, жаңа технологиялардың арасында өнімділік 4-5 есеге артып, орташа өнімділігі 8 тоннаны құрайды. Мысалы, бұл технологияны қолдану арқылы 10 гектар алқаптан 700 тонна балтамыр жиналса, шаруа 18,6 миллион таза табыз табады. Ал, 20 гектар алқаптан 1400 тонна өнім алынса, табыс 27,3 миллионды құрамақ, – дейді ол.

Жалпы, облыста суармалы жердің көлемі 181,8 мың гектарды құрайды. Оның ішінде, 107 мың гектар жер тиісті нормативтерге сәйкес сумен қамтамасыз етілген. Өткен жылы суармалы суды тиімді пайдалану мақсатында облыста су үнемдеу технологиялары 57,2 мың гектар алқапқа енгізілсе, биыл бұл көрсеткішті 65,8 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Ал, 2030 жылға дейін су үнемдеу технологияларын 92 мың гектарға дейін жеткізу көзделуде.

– Бүгінгі таңда шаруа қожалықтары үшін түрлі жеңілдіктер қаралған. Атап айтсақ, аталған қондырғыны алушы жаңбырлатып суару технологиясын кепілдікке қоя алады. Ол қоятын кепілдіктің 60 пайызын, қалған 40 пайызын алушы қояды. Дегенмен, жаңбырлатып және тамшылатып суару технологияларын алу жеңілдеуі мүмкін. Ол жоба қолдау тауып жатса, алынған құрылғының 80 пайызы субсидияланады. Бұл шаруа қожалықтары үшін үлкен көмек болар еді. Ал, ұңғыма қазу үшін бөлек құжат жасалып, ол бөлек жүргізіледі, – деді Қанатбек Мәдібек.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Шәкір Момынқұлов «Ауыл аманаты» жобасы арқылы су үнемдеу технологиясын сатып алатын ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен ауыл шаруашылығы кооперативтеріне

2, 5 пайыздық мөлшермен несиелендіру көзделгенін айтты.

Оның айтуынша, жалпы аймақта 13,8 мың техника тіркелген. Оның 4570-і трактор, 985-і комбайн, 8281- і ауыл шаруашылығы тіркемелері. Олардың 9,5 мыңнан астамының пайдалану мерзімі 10 жылдан асып кеткен. Яғни, қолда бар техниканың 68,7 пайызының тозығы жеткен. Ал, 10 жыл көлемінде жаңарған техника үлесі 31,3 пайызды құраған. Яғни, ол 4,3 мың техника. Сондай-ақ, қант қызылшасы дақылының өнімін жинауға арналған 24 комбайн жұмыс істеп тұр. Биыл қант қызылшасын 9,8 мың гектар алқапқа орналастыру жоспарлануда. Аталған алқаптардағы өнімді күзде жинап алу үшін қосымша тағы 7 комбайн қажет екен. Бұдан бөлек, пиязды жинауға 18, картопқа 9 комбайн қажет екен.

Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек су ресурстарын тиімді басқаруға және оларды қорғауға баса назар аудару қажеттігіне тоқталды. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су қауіпсіздігін қамтамасыз ету – стратегиялық маңызы бар міндет екендігін атап өткенін жеткізіп, аудан әкімдері тиісті басқармамен бірлесіп, шаруалардың сұранысы негізінде оларды су үнемдеу технологияларымен қамтамасыз ету шараларын жандандыруды тапсырды.

Жиын барысында шаруа қожалық жетекшілері көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, басқарма және компания өкілдерімен еркін форматта пікір алмасты.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support