Патриоттық тәрбие беру – мемлекеттің негізгі ұстанымы

Патриоттық тәрбие беру – мемлекеттің негізгі ұстанымы
ашық дереккөз
Патриоттық тәрбие беру – мемлекеттің негізгі ұстанымы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Еліміздің әрбір азаматы жұртшылықтың алдына шыққанда ұлттық мүдде мен қазақстандық патриотизм қағидаттарын басшылыққа алуы керек», деген болатын. Осы тұрғыда өсіп келе жатқан ұрпақтың бойына патриотизм құндылықтарын сіңіріп, оның жалғастығын үзбеу маңызды мәнге ие. Патриоттық тәрбиенің басты мақсаты – жас ұрпақтың рухын көтеру, жеке тұлғаның рухани және шығармашылықтың үздіксіз дамуы, өзін-өзі дамыту, кәсібилік, бәсекеге қабілеттілік, сыни көзқарас пен ойлау, адами ұстанымдарды қалыптастыратын тәрбие беру және тәрбиелік ортаны құру, қолдау. Адам бойындағы салмақтылық, орнықтылық, ерлік, еңбекке қабілеттілік, жауапкершілік – патриоттық тәрбиенің басты сипаттары мен қасиеттері. Соған сәйкес, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында студенттерді патриоттыққа тәрбиелеу, ұлтжандылық, отансүйгіштік қасиеттерін дамыту мақсатында іс-шара өтті. «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» тақырыбындағы жиынды еліміздің Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің облыс бойынша департаменті өңірдегі полиция департаментінің қызметкерлерін шақыра отырып ұйымдастырды. Жоғары білім алушылармен өткен кездесу барысында тәуелсіздік құндылықтары, елдегі бірлік пен бейбітшілікті нығайтудағы мемлекеттің рөлі талқыланды. Сонымен қатар, «Заң» факультетінің жас мамандары құқықтық статистика органдарының қызметімен, жүзеге асырылған жобалар және ақпараттық жүйелерімен танысты. Атап айтқанда, еліміздің Әкімшілік рәсімдік процестік кодексінің шеңберінде барлық жеке және заңды тұлғалардың жолданымдарын қабылдау және өңдеу үшін құрылған бірыңғай платформа «Е-Otinish» таныстырылды. Одан бөлек, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетімен жүзеге асырылған азаматтарға арналған тағы бір жобасы – «Qamqor» ақпараттық сервисінің жеке порталы жайлы баяндалды. «Qamqor» ақпараттық сервисінің мемлекеттік органдарға өтініштер беру, полиция департаментіне арыз беру және олардың мәртебесін білу, айыппұлдарды тексеру, бизнес субъектілерін тексерудің заңдылығы, іздестіру және әртүрлі статистикалық мәліметтерді қамтитын интерактивті карталар секілді мүмкіндіктерімен студенттерді таныстырды. Сондай-ақ, өңірдегі полиция департаментінің қызметкерлерімен қазіргі таңда аса маңызды мәселелердің бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылық, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың жай-күйі талқыланды. Кездесу барысында аталған тақырып бойынша алдын алу және болдырмау шаралары жөнінде бейнероликтер көрсетілді.  

Назерке СӘНДІБЕК

Ұқсас жаңалықтар