- Advertisement -

Қойдың жүнін қажетке жаратқан

46

- Advertisement -

Қазақ атамыз «Қалауын тапсаң, қар жанар» деп бекер айтпаған ғой. Амалын таба білген адам мәселенің алдын алып та, оң шешімін орайластырып та, кедергілерді айналып өтуге де керемет жол табары анық. Мәселен, Байзақ ауданындағы «Biomar group» компаниясы осы уақытқа дейін қоқыстағы үйіндіден үп еткен желге ұшып, ауыл тұрғындарының бас ауруына айналған тастанды қойдың жүнін таптырмас тыңайтқышқа айналдырып отыр. Шашылған мал терісін шаруаға жаратуды мықтап қолға алған мамандар алдағы сәуір айында ауданнан арнайы зауыт ашуға ниетті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әрбір Жолдауында ата кәсіпке айналған агросаланы дамытуға айрықша басымдық беріп келеді. Былтыр ғана алдағы үш жылда агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуді жауаптыларға тапсырған болатын. Ол үшін Президент «Шетелдің танымал агро ғылыми орталықтарымен толыққанды ғылыми- тәжірибелік ынтымақтастық орнату керек. Біз жеке ғылыми-технологиялық бастамаларды қолдаймыз», – деп нақты міндеттер жүктеген еді. Яғни, қай саланы дамытқымыз келсе, ондағы ғылыми бастамаларға қолдау білдірудің маңызы орасан.

Біз айтып отырған «Biomar group» компаниясы қарапайым қойдың жүнінен бірнеше тыңайтқыш өндіріп, егістік алқаптарының табысын арттыруды көздеп отыр. Компания мамандары былтыр бастамасын зертханалық сынамалардан жан-жақты өткізіп, түбегейлі зерделеп шыққан болатын. Өткен жылы облыс әкімі Ербол Қарашөкеев аудандарды аралау барысында компания өнімдерімен танысып, оған баға беріп, қолдайтынын жеткізген еді.

Қазір әкімдік тарапынан зауыт салуға арнайы жер де бөлініпті. Бұл тыңайтқыштар былтыр Қордай, Шу, Меркі, Жамбыл аудандары мен Тараз қаласы, Сарыағашта да картоп, қарбыз, жоңышқа, жүгері өнімдері мен жылыжайларда сынақтан өтіп, нәтижесінде шаруалар толайым табысқа кенелді. Осы ретте біз компания өкілдерімен арнайы байланысқа шығып, алға қойған мақсат пен жоспарларын білген едік.

– Қазақстанда егістік алқаптарының өнімділігін арттыруға арналған дәрі- дәрмектер аз емес. Десек те, біздің тыңайтқыштан өнім басқа дәрілермен салыстырғанда 60 пайызға артық алынады әрі 100 пайыз арзан. Өзімнің мамандығым биотехнолог болғандықтан, бұл саланың қыр-сырын жетік білемін. Оған қоса он жылға жуық өзім шетелден Қазақстанға ауыл шаруашылығына қатысты тыңайтқыштар тасумен айналыстым. Осылайша ойда жүрген қой жүнінің тиімділігін елге жеткізуге тырысып, істі бастап кеттік. Шетелден білікті химия саласының екі маманы бізбен жұмыс жасауда. Мұнда біз арнайы асыл тұқымды емес, қарапайым, күнделікті ауыл-ауылдардан шығып жатқан, ең аяғы қоқысқа тасталатын қойдың жүндерін пайдаланамыз. Арнайы Қытай мен Түркиядан алған құрылғыларымыз арқылы шикізатты өңдейміз. Жоғары қысымда, үлкен температурада өңделген өнім тәулік бойы қайнатылып, соңында тыңайтқыш бетіне қаймақтай қалқып шығады. Қой жүнінде 22 пайыз азот бар, сонымен қатар калий, фосфор, аминқышқылдарға өте бай. Мәселен, арнайы сатып алатын басқа тыңайтқыштарда аминқышқылдар 11-13 пайыз болса, қой жүнінде ол 18 пайызды құрайды. Осыдан-ақ оның пайдасын аңғара беруге болады. Былтыр 1200 тоннаға жуық өнімді аудандарда сынақтан өткіздік. Нәтижесі біз ойлағаннан да жоғары болды. Қазіргі таңда әкімдік бізге зауыт салуға арнайы жер бөліп отыр. Алдағы сәуір айында зауыт құрылысы басталады деп жоспарлануда, – дейді «Biomar group» компаниясының директоры Микаэль Хабибов.

Өндіріс басшысы Микаэль Анварұлы Тараз қаласындағы қазақ-түрік лицейінің түлегі. Түркияда биотехнология саласы бойынша білімін жетілдіріп, АҚШ-та магистратурада оқып келген. 2011 жылы елге оралып, ауыл шаруашылығы саласында еңбек ете бастаған ол аталған компанияны былтыр құрған. Енді ол қойдың жүнінен сұйық және түйіршіктелген тыңайтқыш өндіріп, шаруалардың алғысына бөленіп отыр. Өнімдерінің бағасы да қолжетімді.

Сұйық тыңайтқышымыз 600 теңгеден басталса, ең қымбаты 1500 теңгеге жетеді. Қымбатырақ болуының себебі, құрамында калий бар. Ал, түйіршіктелген тыңайтқышымыз 160 мың теңге. Мұндай басқа тыңайтқыштар нарықта ең кемі 230 мың теңге тұрады, – дейді Микаэль Анварұлы. Аталған екі желінің бірі, яғни сұйық тыңайтқышты компанияға қарасты «AsyaFert», ал түйіршіктелген өнімді «Kazbiomar» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері өндіруде. Былтыр екі жүк «Камаз» қой жүнінен 1 тоннадан астам тыңайтқыш өндірген компания биыл тұрғындардан жүн қабылдау пунктін ашатынын айтып отыр. Қарапайым қой жүнінің килограмын 250 теңгеге қабылдауға ниетті өндіріс, шаруаларға қажетті өнімнің қуатын да еселеп арттырмақ. Істің жүйесін тауып, жүнді пайдаға асыруға бекінген кәсіпорын мамандарының тыңайтқыш өндірудегі тың бастамасы асыраушы саланың асығын алшысынан түсіруге сеп боларына сеніміміз мол.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support