- Advertisement -

Мобильді төлем: Түсініксіз түйткіл, тосын жағдай

26

- Advertisement -

Биыл жыл басталған алғашқы күннен бастап бірқатар сатушылар ақшаны мобильді аударыммен қабылдамайтындарын айтып, халықты сарсаңға салды. Себебі, биылдан бастап елімізде жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі басталды. Бұл кезеңде бизнесмендер, жеке кәсіпкерлер, компания басшылары және олардың жұбайлары декларация тапсырады. Осыған орай қаржылық мобильді аударым мен төлемдер бақылауға алынады.

Осы өзгеріске байланысты көптеген сатушылар, такси жүргізушілері секілді басқа да жеке кәсіппен айналысатындар мобильді аударыммен ақы қабылдамайтынын айтып, жұртшылықты алаңдатып отыр.

– Қаншама жылдан бері Kaspi банктің мобильді аударымын қолданып, жақсы-ақ үйреніп қалып едік. Бір нәрсе сатып алсақ та, таксиге отырсақ та, тіпті шаш сәндеп, бет күтімін жасатқанда да шеберлерге ақысын қолдағы ұялы телефонмен төлем жасаған өте ыңғайлы болатын. Әрі қолма-қол төлесең, қалдығын күтесің, кейде майда тиын таппай қалса, оны іздеп әуре болады. Өзіміз де қолымызда майда тиын-тебен болмай қалатын. Осындай жағдайларда да мобильді аударым жасау өте тиімді еді, тіпті тиынына дейін дәлме-дәл соманы төлей аласың. Міне, жаңа жылдың алғашқы күні басталғаннан көп жерлерде «Kaspi Gold жоқ» деп тұр. Тіпті, 1 қаңтар басталғаны есімізде де жоқ, қолда ақша ұстамай үйренген қалпымызда таңертең есік алдына келіп, сүт сататын кісіге барып, осы жағдайға тап болдым. Енді бұрынғыдай қолға ақша ұстап жүруге әдеттенетін болдық, – дейді

Тараз қаласының тұрғыны Айгүл Исаева. Бұл жағдайды жеке кәсіппен айналысса да тиісті салықты төлеуден қашу, ондай қулыққа жол берілмегені жөн деп білетіндер де бар қалың жұртшылық ішінде. Мәселен, журналист Жалғас Саңғыл Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында «Аударым алмаймыз, қолма-қол төле деу – ашық түрде салықтан жалтару амалы ғана. Шешімі де оңай: кәсіпкерлерге аударым қабылдауды – заңмен міндеттеу керек! Бұл – уақыт талабы! Тірлігі заңды болса – проблема жоқ. 200 мың жалақы алатындар да салық төлеп отыр. Ал, 2 миллион немесе 200 миллион табатындар неге төлемеуі керек?» деп жазды.

Мемлекеттік кірістер департаментінің ақпаратына сүйенсек, қазір кейбір кәсіпкерлер сатқан тауарының немесе көрсеткен қызметінің ақысын банктерде ашылған жеке шотына мобильді аударымдар арқылы алады. Яғни, бақылау-касса машиналары мен POS-терминалдарды қолданбайды, тұтынушыға чек бермейді.

Бұл заңға қайшы.

– Бұл бақылаудың қарапайым адамдарға ешқандай қатысы жоқ. Егер жеке тұлғаға ай сайын 100 адамнан мобильді түсім келсе, яғни ол табыс көзі ретінде кәсіпкерлікпен айналысатынының дәлелі. Ол жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, қызметін заңды түрде жалғастырып, табысына қарай тиісті салығын төлеуі керек. Бұл 2019 жылы еліміздің қаржы министрінің бұйрығымен белгіленген. Кәсіпкер тұтынушыдан алған ақысын бақылау-касса аппараты арқылы міндетті түрде көрсетуі керек. Сонда оның табысы туралы деректер мемлекеттік кірістер комитетіне де белгілі болады. Әрі тұтынушы да алған тауарына немесе қызметіне төлем жасағанын қолындағы чек арқылы дәлелдей алады. Егер алған тауары сапасыз болып, қайтаратын болса да чек оған дәлел болады. Сонымен қатар, тағы бір айта кетерлік жайт – екінші деңгейлі банктер мемлекеттік кірістер органдарына ай сайын өздерінің төлемдері туралы деректерін беріп тұрады. Сол кезде салыстырғанда кәсіпкердің табысын толық көрсеткені немесе тығып қалғаны анықталады. Кәсіпкердің көрсеткен дерегінен айырмашылық байқалса, бірден оған ұйғарым жіберіледі. Бастапқыда ескертіледі. Егер заңбұзушылық қайталанса, салық төлеушінің субъектілігіне байланысты 15-тен (51 750 теңге) 50 айлық есептік көрсеткішке (172 500 теңге) дейін айыппұл салынады. Ел азаматтарының табысына қарай есептелетін салықты төлегені өзімізге, әрбірімізге керек. Себебі, салық ортақ қазынаға түседі, одан өзіміз пайдаланатын істерге жұмсалады. Сондай-ақ, бүгін төленген салық балаларымыздың болашағына қажетті дүниелерге жұмсалады, яғни салық төлеу мәдениеті келешегіміздің кемелдігі үшін қажет. Кейбір қулыққа барған кісілер тауарының ақысын зейнет жасындағы ата-анасының немесе студент, оқушы баласының шотына аудартқызып жатады. Мұндайда да декларацияның келесі кезегінде қарапайым кісілер, зейнеткерлер, балалар тапсырғанда кері әсерін тигізеді. Оны да ескеру керек. Тағы бір ескертерлік жағдай – той берген немесе қазалы кісіге жақын- жуықтары беретін ақшасын мобильді аударыммен жібереді. Сондай жағдайда бір адамның есепшотына бір айда 100 тұлғадан ақша түссе, одан сұралады ғой. Сондайда ол болған жағдайды дәлелдесе, одан ешқандай салық алынбайды, – дейді.

Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары және байланыс орталығы басқармасының басшысы Өмірзақ Қоспанов. Яғни, мобильді аударымдарды бақылауға алу – көлеңкелі экономикаға тосқауыл қою.

Кез келгеннің көкейінде «Кәсіпкерлердің мобильді аударымнан бас тартуы тұтынушының құқығын шектемей ме?» деген сауал туындауы да заңды. Біз бұның жауабын Сауда және интеграция министрлігінің Жамбыл облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінен сұрадық.

– Заң бойынша тұтынушы төлемді қолма-қол ақшамен немесе мобильді аударыммен әлде банк картасымен төлей ме, өз еркінде. Ал, егер кәсіпкер тұтынушыға тек бір жолмен төлеуді талап етіп, клиенттің ұсынғанынан бас тартса, оған жауапкершілік қарастырылған. Ол әкімшілік құқықбұзушылық кодексінде көрсетілген. Ондай жағдайда тұтынушы мемлекеттік кірістер департаментіне арызданса, заңмен қарастырылады. Бұл салыққа, қаржыға байланысты болғандықтан, мемлекеттік кірістер департаменті мобильді төлемнен бас тартқан кәсіпкердің ісін қарап, заң аясында жұмыс жүргізеді, – дейді облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Байқадам Дүйсенбаев.

Яғни, ел азаматтары төлемді қандай жолмен төлесе де өз еркінде. Кәсіпкерлердің мобильді аударымнан бас тартуы өз істерінің алға жылжуына, клиенттерін жоғалтып алуына әсер ететінін ескерсек, заңды әрі адал еңбек етуге қадам басар, бәлкім.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support