- Advertisement -

Ананың тілін алмаған жаман

41

- Advertisement -

Тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп өмірге сені алып келген анадан артық кімің бар? Меккеге үш арқалап барсақ та ананың алдындағы қарызының ширегінен де құтыла алмайды екенбіз. Бірақ, кейде сол аяулы жанды қорлап, жанын жаралайтын да перзенттер бар. Баланың бәрі мейірімді емес…

Мына бір жағдай есімнен кетпейді. Есімі елімізге таныс айтыскер ақын 85 жасқа жақындап қалған анасына жекіп отырғанын көзіммен көріп, құлағыммен естідім. Сондағысы – қарт ана теледидардан өзі қызығатын сериал көргісі келеді. Қарт кісі болған соң, уақыт өтсін деп, көк жәшіктен де ермек іздейтін шығар. Ал, елге танымал баласы зекіп-зекіп, «бөлмеңізге барып демалмайсыз ба» деп, көрсетпеді.

Енді бірде елдің алдында жүрген тағы бір ағамыздың анасы теледидардан көріп отырған фильмін өшіріп, қызы көргісі келетін арнаға ауыстырып жібергенін де көріп едім. Былай қарасаң, елеусіз-ақ нәрсе. Ал, арғы жағында қаншама қасірет жатыр?

Осыдан 3-4 жыл бұрын ұзақ жыл ақпарат саласында тер төккен ардагер журналистің 80 жасқа жақындап қалған жұбайы редакцияға хабарласып, бауыр еті баласынан қорлық көріп отырғанын айтып еді. Басшылардың тапсыруымен әлгі қарт ананың жағдайын біліп, жақын дүкеннен азық-түлігін жеткізіп берген кезіміз де болған.

Баланың ішінде жақсысы да бар. Шымкенттік айтыс ақыны Біржан Байтуовтың күніне кемі екі рет анасына қоңырау шалып тұратынын естіп, бірде: «Анашым, қалайсыз? Сіздің батаңыз қабыл болып, Алланың қалауымен жүлде алдым», – деп қуандырып жатқан сәтін де көрдік.

Ал, шариғат не дейді? Қасиетті Құранда: «Ата-анаға «Туһ» деп айтпаңдар», кейіс білдірмеңдер деген аят бар. Оны дін өкілдері былай кеңінен түсіндіріп береді. Мәселен, үйде інің екеуің демалып жатырсың делік. Анаң сені шақырып алып, дүкенге нанға жұмсады. Сен нанға барып келіп едің, анаңыз сізді қантқа жұмсады. Қант алып келіп ішке кіре бергеніңізде, анаңыз сізді май мен тұзға жұмсады. Сол уақытта сіз ызаланып кетіп: «Туһ, апа-ау, үйде інім де босқа жатыр ғой. Інімді жұмсасаңыз болмай ма?», – деп айтуға құқыңыз жоқ екен. Баланың анаға олай қарсы сөйлеуі – күнә. Ал, оның қасында жоғарыда біз келтірген мысалдар қандай ауыр. Ойлана жүретін жайт.

 

Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support