Қайдасың, мейірім?

Қайдасың, мейірім?
ашық дереккөз
Қайдасың, мейірім?
Атақты Сүлеймен пайғамбар қиссасында: «Алла даналықты қалаған құлына ғана береді, ал, мал-мүлікті қаламаған құлына да бере береді» деп қасқайған құмырсқаның әрекеті ерекше сипатталады. «Олар құмырсқалар алқабына келгендерінде бір аналық құмырсқа: «Ей, құмырсқалар! Илеулеріңе кіріңдер. Сүлеймен және оның әскерлері сендерді байқамай таптап кетпесін» деді» делінген. Жерде жорғалап жүрген кішкентай жәндіктің үлкен жүрегін қараңыз. Оның мейірімге толы сөзінен тыныштықты аңсағаны аңғарылады. Бес қаруы сай әскердің өзінен ізгілік күтеді. «Байқамай» деп тұрып, тыныштықты тілейді. Адам баласының ақыл-нығметі бұл жаратылыстардан да артық екені ақиқат. Ал, біз Жаратқанның осынау сыйын басқа мақсатқа пайдаланып жүргендейміз. Бүгінде бір-біріне санасыз жыртқыштан да қауіпті бола түскен адамда мейірім қалды ма? Мың мысалды тізбектесек, ақыл иесі адамның құмырсқа құрлы болмағанына қынжыламыз... Құрандағы құмырсқаның мысалынан әрқашан жақсы ойда жүріп, өзгеге кешірімді болу керектігін түсінеміз. Бұл – кішкентай жәндіктің жер бетіндегі барша адамзатқа үндеуі десе де болады. Ақыл иесінің бір-бірін ұрып-соққаны, бір-бірін өлтіргені, кіп-кішкентай баланы зорлағаны, жазықсыз жанды жазғырғаны, жетімдерді сатқаны, адам саудасын қыздырғаны жайлы жаға ұстатар жайттардың көптігі сонша, ондай жаңалықты қалыпты жағдай сияқты қабылдайтын болдық. Ата-анасын қарттар үйіне жетектеген тасжүректердің, баласынан туа сала бас тартып, әжетханаға тастаған көкек аналардың, мұра үшін бауырымен соттасатындардың көбеюі көңілге кірбің ұялатады. Одан қалса, қыстың қақаған аязында, жаздың аптап ыстығында қол жайып, тиын-тебен сұрайтын қайыршысы көп қоғамға да айналып үлгердік. Адамзат даму шегіне жетті. Ғылымның жетістігін бағындырды. Бірақ, мейірімділік азайды. Ал, мейірімділік сол әлемді құтқарар еді. «Жұмсақ жүрек жұмаққа жол ашады» деген. Керісінше, жүрек қарайтар көріністердің көптігі әлем жарасының жазылуына мұрша бермеуде. Кейде табаныңның астында өзіңе де байқалмай тапталып қала беретін құмырсқа сияқты бола алмай қалып жатырмыз. Адамдар ең болмағанда құмырсқадай мейірімді болса, бүгінде жесір ана мен жетім бала болмас па еді?..  

Гүлжан РАХМАН

Ұқсас жаңалықтар