- Advertisement -

Өткен күнде белгі бар

29

- Advertisement -

Тараз қаласындағы Жамбыл электр желілері торабына жақында 100 жыл толды. Осы салада 50 жылға жуық жұмыс істеп, оның дамуына үлес қосқан жанның бірі ретінде аталған саланың тарихына тоқталғанды жөн көрдім. Атап айтқанда, қазіргі қалалық электр жүйелері сонау 1923 жылы құрылыпты. Ол қазіргі Байзақ батыр (бұрынғы Ворошилов) және Төле би (бұрынғы Коммунист) көшелерінің қиылысындағы бұрынғы су диірменінің орнында орналасыпты.

Бүгінгі таңда ол жерден қала көшелеріне «Жасыл-Тараз» мекемесінің су себетін машиналары цистернасын суға толтырып алып, көше шаңын басуда. Оның қасында тау текесінің мүсіні болатын. Алғаш рет электр жарығы 1923 жылы Әулиеата қаласында Ташкент қаласынан әкелінген трамвай динамомашинасын су диірменнің турбинасымен айналдыру арқылы өндірілген екен. Бұл машинаның қуаты басында небәрі 300-400-дей электр шамын жағуға жеткен. Ал, қуаты 40 киловаттай.

Сонымен электр шамын жаққан қалалық электр стансасы 22 желтоқсанда қалаға жарық бергендіктен, бұл күн сала мамандарының төл мерекесіне айналыпты. Сол тұстағы академик Шафик Чокиннің естеліктерінде Қазақстандағы барлық электр стансаларының қуаты бар болғаны 2000 киловаттан аспапты. Ал, Әулиеата тұрғындары болса облыста ең алғашқылардың бірі болып электр жарығын пайдалана бастапты. Электр жарығының тартылуымен қала орталығындағы Олейниковтың лимонад цехы, Гершуновтың кондитерлік цехы, кішкентай кинотеатр, баспахана, қалалық аурухана алғашқылардың бірі болып жарыққа қосылған.

1926 жылы Әулиеата комсомол ұйымының қолдауымен қаланың орталық көшелерін электр шамдарымен жарықтандыру қолға алынған. Бұл қала тұрғындарының электр жарығын үй-үйге тартуына, электр қуатына деген сұраныстың артуына алып келеді. Бұл іске сол тұстағы қаланың жастар ұжымының басшысы, кейін электр стансасын басқарған Иван Кормушин көп еңбек сіңірген. Оған қала басшылары тарапынан да көп қолдау көрсетіліпті.

Бүгінге дейін қаланың электр стансасын 22 адам басқарған болса, мен оның 14-ші басқарушысымен қызмет істедім. Мен 1939 жылы көктемде бұрынғы Свердлов ауданы, Кішібұрыл ұжымшарында дүниеге келгенмін. Ал, төлқұжаттарымда 1940 жылы желтоқсан айы деп тұр. Себебі, ол кезде ауылдық кеңес жанымыздағы Құмжота ұжымшарында болған, ал олар естіген уақыт бойынша жаза салған. Ара қатынас өте сирек болғандықтан, хабар кеш жетіп отырған. Туу туралы куәлікті Жамбыл мектебі интернатына жату үшін 1955 жылы алдым. Бастауыш мектепті Кіші Бурыл ауылында бітіріп, жеті жылдықты Құмжота ауылындағы мектепте оқыдым. Ал, он жылдық мектепті Жамбыл қаласындағы қазақ мектебінде бітірдім. Сол жылы Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтының электрик факультетіне түсіп, 1965 жылы бітіріп шықтым. Содан кейін Жамбыл қаласындағы қалалық электр жүйесіне жұмысқа тұрдым. Мен осы қалалық электр жүйесінде алғашында шебер болып, одан кейін инженер, аға инженер, өндірістіктехникалық бөлімнің бастығы болып 50 жылдай қызмет атқардым. 1969 жылы 30 жастан асқанда әскер қатарына екінші рет офицер ретінде шақырылып, Қиыр Шығыстағы Совет Одағы мен Қытай арасындағы Даманск аралында болған қақтығыстан кейін шекара қорғауға жіберілдім. Мен шекарада Благовещенск қаласының жанында танк полкінде қызмет еттім. Ол тұста соғыс қаупі тұтануы әбден мүмкін еді. Әбүйір болғанда екі ел арасындағы келіссөздерден кейін қақтығыс қаупі сейіліп, елге қайттық. Жұмысыма қайта оралған соң мені Талас ауданындағы аудандық электр стансасына бастықтың орынбасары қызметіне жіберді. Екі жылдан кейін мен қалалық электр стансасы орталығына өндірістіктехникалық бөлімнің бастығы болып қайта оралдым. Осы жерден зейнеткерлікке шықтым.

Еңбегім ескерусіз емес, мекемені басқарған басшылар тарапынан талай мақтау қағаздарын, дипломдарын алдым. Электр желілері жүйесінің 100 жылдығы қарсаңында Қазақстан энергия ассоциациясы мені мерекелік медальмен, Энергетика министрлігінің еңбек ардагері медалімен марапатталдым. Жалпы, облыстың электр жүйесімен қамтылуына 1946-1952 жылдары облыстық комсомол ұйымын басқарған Асанбай Асқаровтың еңбегі зор болды. Ол облыс шаруашылықтарындағы арықтарда кішігірім су электр стансаларының салынуына басшылық етіп, әр ауданның комсомол ұжымының күнделікті есептерін тыңдап отырды. Мысалы, Жамбыл қаласының жанындағы шаруашылықтардағы арықтарда Түлкі, Қапал, Сеңгірбай, Түйтелерде су электр стансаларын салуын жоспарлады және оның орындалуын қадағалады.

Қордай ауданы комсомол комитетінің меңгерушісі І.Узбеков, Крупская, путь Ленина, Красный партизан, Георгиевка, Михайловка, Колос шаруашылығында су электр стансасын салуда қарқынды еңбектер жүріп жатқанын баяндады. Меркі ауданы комсомол комитетінің бірінші хатшысы И.Керембеков Кеңес, Аспара, Меркі шаруашылықтарындағы каналдарда су электр стансасын салып жатқандығы туралы хабарлады. Луговой ауданында комсомол комитетінің бірінші хатшысы Еңбекші, Октябрь, Чарва, Восток, Тельман, Жаңа тұрмыс, Қазақ, Сазқұдық, Сталин, Тасшолақ, Жалпақсаз шаруашылықтарында стансалар салынатынынан хабар берді. Мұндай станса Жуалы ауданының Карл Маркс, Боралдай, Сталин, Каганович, Молотов, Победа шаруашылықтарында да гидростанса салынатын болды. Бұл жерлерде сондай-ақ, 0,4-10 киловатт электр жүйелері, трансформатор пункттері салынып отырды.

Мен дүниеге келген Құмжота ауылында да электрлендіру болды. Ол кезде біздің Сталин ұжымшарының төрағасы Ян-ЧунСик деген кісінің басқаруымен 1952 жылы электр шамы жағылды. Электр стансасы Өтеміс арықта 3-4 метр биіктіктен аққан суға салынды. Мұның бәрі үлкен энергетиканың келгеніне дейін облыстың электрофикациясының бастамасы еді. Алдымен 40 киловатт электростансалары, содан кейін 100-150 киловатт дизель электростансалары, сосын 250 киловатт электр пойыздары жұмыс істеді. Ал, 0,4-10 киловатт электр жүйелерін тұрғындар салуды қолға алды. Бүгінде электрмен қамту жұмыстары жаңаша, заман ағымына сай жалғасын табуда.

 

Кеңесбай ЖҮНІСОВ,

еңбек ардагері. Байзақ ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support