- Advertisement -

Есірткі – елге қауіпті

13

- Advertisement -

Нашақорлық пен есірткі – тұтас ұлттың тамырына балта шабатын, халықты қарусыз жоятын кеселдің бірі. Есірткімен күрес бүгінде кез келген елді алаңдататын, ең өзекті, әлеуметтік мәселенің біріне айналды. Нашақорлық – адамзат баласының денсаулығы мен еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне төнетін үлкен қатер.

Сот тәжірибесінде есірткімен байланысты қылмыстың түрі көп. Мысалы, таяуда М.К. деген азаматтың ісі қаралды. Ол қылмысын келесідегідей жағдайда жасаған. Н.К. 2022 жылдың қазан айында Шу қаласынан Меркі ауылына қарай шығаберіс тасжолдың қасынан өтетін теміржолдың жағасында өсіп тұрған жабайы қарасора есірткі затын жинап, сол жерде кептіріп, заңсыз иемденген. Содан кептірілген марихуананы қаптарға салып, Жамбыл облысы, Шу ауданы, Шу қаласындағы өзінің үйінің аумағында орналасқан қорасына заңсыз тасымалдап, сақтаған.

Н.К. аса ірі мөлшердегі гашиш есірткі затын өткізуге бағытталған қылмыстық ойын ақырына дейін жеткізу мақсатында өзінің танысы Меркі ауданы, Жамбыл ауылының тұрғыны М.К. 700 000 теңгеге аса ірі мөлшердегі 15 килограмм гашиш есірткі затын сатып алуға ұсыныс білдірген. Өз кезегінде М.К. Н.К.-тің ұсынысына келісімін беріп, сатып алатынын айтқан. Содан 2022 жылғы 14 қарашада М.К. аса ірі мөлшердегі гашиш есірткі затын сатып алу мақсатында Шу қаласы, Н.К.-нің үйіне келген. Ары қарай Н.К. М.К.-ны аталған үйдің жатын бөлмесіне кіргізіп, 2 сөмке мен пакетке аса ірі мөлшердегі 15 килограмм гашиш есірткі заты салынған 7 дана орам-брикеттерді салып, М.К.-ға өткізген. Содан М.К. аса ірі мөлшердегі гашиш есірткі заты салынған сөмкелер мен пакетті көшеде тұрған өзінің қою көк түсті «Тоyota Camry» маркалы автокөлігіне салып, заңсыз сақтаған. Сол сәтте Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облысы бойынша департаментінің қызметкерлерімен Н.К. мен М.К. қылмыс жасау үстінде ұсталған. Оқиға болған жерді тексеру барысында жалпы салмағы 19105 грамм аса ірі мөлшердегі гашиш есірткі заттары және Шу қаласы, Н.К.-нің үйінде және оның аумағында орналасқан жайларға тінту жүргізу барысында жалпы салмағы 4965 грамм аса ірі мөлшердегі гашиш есірткі заттары табылған.

2023 жылы 18 қазандағы облыс бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен М.К. ҚР ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігінің 3-тармағымен кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Реті келгенде айта кетсек, осы жылдың 11 айында облыс соттарына 424 іс түсіп, 365 қылмыстық іс бойынша үкім шығарылды. Барлығы 389 қылмыстық іс аяқталды, 11 іс прокурорға қайтарылды, қалғаны 35 іс. Сонымен бірге есепті кезеңде 383 адам сотталды, оның ішінде 96 тұлғаға нақты бас бостандығынан айыру, 44 адамға шартты жаза, 101 адамға айыппұл, 132 адамға қоғамдық жұмыстарға тарту, 7 адамға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Бұл сот тәжірибесіндегі санаулы ғана мысал.

Кептірілген шөптен, синтетикалық заттар және олардың прекурсорларын жеке пайдалану және оларды тарату жастар арасында кеңінен таралып, оңай ақша табудың көзі болып отыр. Осыған орай, жастар арасында нашақорлықтың алдын алу жұмыстарын көбірек жүргізіп, әрбір ата-ана үйіндегі баласына бұл дерттің өзектілігі мен қандай жамандыққа алып келетіндігін түсіндіруі тиіс.

 

Азамат ТЛЕПОВ,

Жамбыл облыстық сотының судьясы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support