- Advertisement -

Ерте егілген екпе аурудың бетін қайтарады

31

- Advertisement -

Бүгінгі таңда мүйізді ірі қара жиі шалдығатын аурулардың бірі – тейлериоз (сары безгек). Ауру қоздырғышы бір жасушалы  қарапайымдылар типіне жататын паразиттер, ал оны тасымалдаушы кәдімгі жайылымда немесе мал үстінде кездесетін түсі қоңыр Ixodidae тұқымдасына жататын кенелер. Көктем шығып, күн жылынған кезде денесінде ауру қоздырғышы бар аш кене мүйізді ірі қараның терісіне жабысып, қанын сорады. Кенелер малға тек қора ішінде емес, жайылымдағы, түс кезіндегі демалыс орны мен суат басында да жабысады.

Ауру қоздырғышы, яғни, паразиттер кененің сөлі арқылы мал ағзасына өтіп, лимфа бездерінде, одан кейін қан айналу жүйесінде, бауырда, көкбауырда жылдам көбейіп, ағзаны ластайды. Нәтижесінде тейлериозға шалдыққан төрт түліктің жүрек-қан тамыр, ас қорыту, жүйке, зәр шығару жүйелері зақымдалады.

Аурудың клиникалық белгілері – жануардың бір жағындағы иық алды, желін үсті лимфа бездері ісініп, дене қызуы 40-41 градусқа дейін көтеріледі. Көздің кілегей қабықтары сарғаяды, анемияға ұшырайды, азыққа тәбеті болмай, ас қорытуы нашарлайды. Сауын сиырлардың сүті азайып кетеді, буаз мал түсік тастауы мүмкін. Дер кезінде емдемеген мал көбінесе өлімге ұшырайды. Әсіресе, тейлериоз инвазиясы тіркелмеген аймақтардан әкелінген асыл тұқымды мүйізді ірі қаралар аталмыш ауруға қатты ұшырап, емделуі қиынға соғады.

Ауырған малды сойғанда еттің сыртқы қабығы сарғайып тұрады. Тейлериоздың алдын алу үшін отандық ғалымдар ауру қоздырғышының жергілікті түрінен соңғы жылдары вакцина жасап шығарып, тиімділігін анықтаған.

Вакцинаны тейлериоз ауруы тіркелетін мезгілден бұрын, яғни, кенелер малға жабыспай тұрып егу қажет. Меншігінде мүйізді ірі қарасы бар жекеменшік иелері иелігіндегі малдың аман болғанын қаласа, осы вакцинаны пайдаланғаны жөн.

Облыста тейлериоз ауруы жиі тіркелуіне орай, жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат есебінен аталған ауруға қарсы вакцина мүйізді ірі қара төліне тегін егіледі. Ол үшін ауылдағы мал дәрігеріне хабарласып, осы ауруға қарсы екпенің егілуін қамтамасыз етуді ескертеміз. Тейлериоз ауруының негізгі профилактикасы – мал қораларының санитариялық тазалығын сақтау және мал жайылымдарында кенелерге қарсы дезинфекциялық іс-шаралар жүргізу.

Тейлериозды емдеуге еліміздің ғалымдары бупакон, фармакон, телемакс деген препараттарды сынақтан өткізіп, олардың тиімділігінің жоғары екенін анықтады. Дер кезінде диагноз қойып, ерте емдеу шараларын жүргізсе ауруға шалдыққан мал тез сауығып кетеді.

 

Талғат ҚОЖАБЕРГЕНОВ,

облыс әкімдігі ветеринария басқармасы ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support