- Advertisement -

Жүйелі жұмыс жалғасын табады

41

- Advertisement -

Өндірісі өркендеген Жамбыл ауданы үшін өткен жыл табысты болды. Атап айтсақ, саладағы 1 орта, 14 шағын кәсіпкерлік нысан 33,5 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Ал, егін және мал шаруашылығына ден қойған тұрғындар былтырғы қуаңшылыққа қарамастан, өткен жылдың 11 айында 68,7 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімін шығарды.

Республикалық және аудандық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен Өрнек, Қаракемер, Бесағаш ауылдық округтерінде спорт кешендері, Қызылқайнар, Ақбұлым ауылдық округтерінде мәдениет үйлері бой көтеруде. Тұрғындар арасында бұқаралық спортты дамыту мақсатында қолға алынған жұмыстар да жемісін беруде. Былтыр бірнеше ауылдық округте шағын футбол алаңдары мен балалар ойын алаңшалары ел игілігіне берілді.

Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, өткен жылы 60152 гектар алқапқа орналастырылған дәнді-дақылдардан жақсы өнім алынған. Жем-шөп қоры жеткілікті мөлшерде дайындалған. Жыл ішінде 147 техника сатып алыныпты.

– Ауданда қазір қияр, қызанақ, бұрыш өсірілетін 19 жылыжай, жеміс пен көкөніс сақтайтын 113 қойма, барлығы 3730 агроқұрылым жұмыс істеп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Жайылым жерлер көлемі ұлғайып келеді. Тұрғындардың табысын арттырып, тұрмысын түзеу мақсатында қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасы бүгінге дейін 6 ауылдық округті қамтып отыр. Өнеркәсіпте де өркендеу байқалады. Аудан аумағында 2027 жылға дейін жалпы құны 38,2 миллиард теңгені құрайтын 193 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 1038 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Өткен жылы ауыл шаруашылығы бағытында 26 жоба, өнеркәсіп саласында 24 жоба іске асты. Аудан бойынша 9485 шағын және орта кәсіпкерлік объектісі тіркелген. Өндірілген өнім көлемі – 30,3 миллиард теңге. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасы шеңберінде 32 жоба бойынша 513,3 миллион теңге несие алынып, 35 жұмыс орны ашылды, – дейді аудан басшысы.

Оның айтуынша, 11,1 миллиард теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, нақты көлем индексі 128,7 пайызды құраған. Шоқай ауылында жаңа мектеп, Қаракемер ауылында ауыз су жүйесі, Сұлутөр, Айшабибі, Гродеково ауылдарында спорт кешендері пайдалануға берілді. Бесағаш, Түрксіб ауылдарының ауыз су құрылысы, Қаракемер және Тоғызтарау ауылдық округі әкімшілігінің ғимараттары жыл соңына дейін қолданысқа берілмек. Ал, Өрнек, Қаракемер, Бесағаш ауылдарында спорт кешендері, Қызылқайнар және Ақбұлым ауылдарында мәдениет үйлері бой көтеруде. Аса ауылында аудандық мұражай, орталық кітапхана, мұрағат, жасөспірімдерге арналған демалыс орталығының құрылыстары басталған.

– Тұрғын үй – өте маңызды мәселе. Бұл тұрғыда өткен жылы пайдалануға берілген жекеменшік тұрғын үй көлемі 68360 шаршы метрді немесе 101 пайызды құрады. Аса ауылынан көппәтерлі 2 тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін бюджеттік өтінім тапсырылды. Бұдан бөлек, «Асар» жобасымен 6 үй салынуда, 2 үй пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Аса ауылында кезекте тұрған адамдарға 811 жер телімі, жалпы 1864 жер телімі таратылды. Халықтың өмір сапасын жақсартуда таза ауыз су мен көгілдір отын үлкен мәнге ие. Аудандағы 42 елді мекеннің 38-і таза ауыз сумен қамтылған. Бүгінде аудандағы көрсеткіш 90,5 пайызға жетті. 38 елді мекенге газ тартылған, бұл – 90,4 пайыз. Қалған 4 шағын ауылды табиғи газға қосу жұмыстары жүргізілуде.

Ағымдағы жылы аудандық маңызы бар 9,2 километр жол жөнделді. Бұған қоса, жалпы ұзындығы 74,2 километр ауылішілік 93 көше жолы жөнделуде. Сондай-ақ, 9 елді мекеннің 24 көшесі жарықтандырылды. 10 ауылда бағаналар мен желілер тартылып, трансформаторлар ауыстырылды. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында өткен жылы 45 жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, 6 ауылда спорт кешенінің, 2 елді мекенде мәдениет үйінің құрылысы жүргізіліп, ауылішілік 37 көше жөнделді. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бойынша жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 6389 адам қатысты.

Өңірде білім беру және денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында жасалып жатқан игіліктерді өздеріңіз де көріп-біліп жүрсіздер. Өткен жылғы үлкен іс-шаралардың бірі – ауданымыздың 95 жылдығы құрметіне өткізілген «Ауылым – алтын бесігім» мәдениет және өнер байқауы десем де болғандай. 17 ауылдық округті қамтыған бұл шара рухани азық алып, ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттауға, жалпы халықтық қалпымызды сақтауға игі ықпал етті, – деді Ерлан Қыдыралыұлы.

«Өткен жыл ауданның өнер, спорт салаларында бірқатар ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып, жаңалықтар мен жетістіктер жылы болды десек те болады. Жыл басынан бері өңір өнерпаздары бірнеше халықаралық, республикалық, облыстық байқауларда үздіктер қатарынан көрінді. Республикалық ақындар айтысында айшабибілік Алина Айдаралы бас жүлдені иеленсе, халықаралық «Жұлдыз арт Қазақстан» байқауында гродековолық Нұрайдем Қали мен шайқорықтық Нұрай Әбілда жеңімпаз атанды. Үздіктер қатарында М.Төлебаев атындағы өнер мектебінің өрендері Алуа Ақжігітова, Әли Абзал, «Желдірме» фольклорлық ансамблінің мүшелері бар. Жерлес боксшымыз Дулат Бекбауов Әлем чемпионатынан күміс медаль алып қайтты. Осы және басқа жетістіктеріміз аудан мерейін өсіріп, абыройын асырды. Сонымен қатар, қыркүйек-қараша айлары аралығында «Ауылым – алтын бесігім» атты ауылдық округтер арасындағы өнер фестивалі ұйымдастырылған болатын. Өнер фестиваліне әділ бағасын берген комиссия мүшелерінің қорытындысы бойынша бас жүлдені Ерназар ауылдық округі жеңіп алса, бірінші орын Жамбыл ауылдық округіне, екінші орын Қаратөбе және Қарасу ауылдық округтеріне, үшінші орын Ақбұлым, Қызылқайнар және Көлқайнар ауылдық округтеріне бұйырды. Сонымен қатар, барлық ауылдық округ түрлі номинациялармен және қаржылай сыйлықпен марапатталды», – деді аудан әкімі.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жамбыл ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support