- Advertisement -

Мұхит асқандардың мұңы

32

- Advertisement -

Бірде жазушы Қабдеш Жұмаділовпен сұқбаттасып отырып, «Атамекен» романы туралы сұрадым. Қаламгер өзінің туған жері Шыңжаң өлкесін айта отырып: «Қазақ баласы дүниенің қай түкпірінде жүрсе де қазақ. Ол қазақ деген ұлттың бір бөлшегі. Атамекен деген — туған жер, туған тіл, салт-дәстүр, еліңнің тарихы, байлығы, мектебің, үйің – бәрі-бәрі емес пе?!» деді. Сонда оның әр сөйлемінен балалық шағы мұнда өтпесе де тауларды асып, өзендерді кешіп, ұлан-ғайыр өлкенің ерекшеліктерін сезінуді ғанибет санайтынын байқадым. Неге екені белгісіз, жазушының жан тебірентер сөздерінен менің жұдырықтай жүрегім аласұрып аузыма тығылғандай болды…

Ал, беріректе «Америкалық қыз анасын іздеп келді», «Америкалық отбасы асырап алған қазақ баласы туған анасын іздейді», «Америкалық Сардар Тараздық ата-анасын іздейді», «Қиыр асқан тағы бір қазақ баласы анасын іздеп жүр» деген жаңалықтарды оқыған сайын Қабдеш ағаның әлгі сөзі ойыма оралатын болды.

Әсіресе, соңғы бір айдан бері әлеуметтік желіні шулатқан бельгиялық қазақ 21 жастағы Эдди Жанның жанайқайын айтсаңызшы. Оның балалар үйіндегі аты-жөні – Жұмағұлов Жәнібек Мұратұлы екен. Осыдан жиырма бір жыл бұрын Қостанай облысының Арқалық қаласында дүниеге келген. Иә, ол өмірге келгенде қаны ғана емес, жаны да қазақ еді ғой. Алайда, тағдырдың жазуымен жетім қалған оны 2004 жылы сол қаладағы балалар үйінен бельгиялық жалғызбасты ана асырап алып кетеді.

Балалық шағы Бельгияда өткен ол ата-анасына іздеу салып, Испаниядан арнайы келген. Туған жеріне табан тіреген Жәнібек қазақша не орысша білмейді. Бірақ ағылшын, испан, француз, неміс тілдерінде еркін сөйлейді.

Ол елге келгелі қатысқан «Бармысың, бауырым?» бағдарламасының жүргізушісі, белгілі журналист Қымбат Досжан арнайы хабар барысында жұртшылыққа үндеу жолдап, оның анасы мен туыстарына қатысты ақпарат білген жағдайда хабарласуын сұрады.

Оның анасы жедел жәрдеммен Арқалық перзентханасына 2002 жылы 17 қаңтарда түскен, сол күні таңғы сағат 8:45-те Жәнібек дүниеге келеді.

«Бірақ, Жәнібектің анасы 21 қаңтарда отбасылық жағдаймен кешкі 10-ға дейін үйге барып келейін деп, қолхат қалдырады. Баладан бас тартпаған. Өкінштісі, замандасымыз бұл уәдені орындамады. Сол уәдені орындайтындай үлкен мүмкіндік туып тұр. Яғни, біз анасының атын білсек те, Жәнібектің өтініші бойынша жарияламай тұрмыз. Бірақ, осы Жәнібекті туған замандас, біз сізге мынадай өтініш айтамыз. Сізді іздегенімізге бір аптадан асты. Жер басып, аман жүрсеңіз бізге хабарласыңыз.

«Бармысың, бауырым?» бағдарламасы тек балаңызбен ғана кездестіріп, ешкімге жарияламай, құпия түрде қалатынына уәде береміз. Сіздің жазып кеткен қолхатыңыз бұл дәрігерге емес, енді ғана дүниеге келген Жәнібек ұлыңызға берген уәде еді. Сол уәдені орындайтын сәт туды, хабарласыңызшы, біз сізді күтеміз», – деді Қымбат Досжан өз хабарында.

Анасын аңсап келген ұлын туған елі жылы қарсы алды. Тіпті, иығына шапан жауып, қолдап, анасының табылуына жан-жақты үлесін қосты. Алайда, визасының уақыты аяқталуына байланысты Тайландқа ұшып кеткен ол сапары алдында: «Құрметті қазақстандықтар! Өздеріңіздей қонақжай, мейірімді халықпен танысуға мүмкіндік бергендеріңіз үшін және қолдау танытқандарыңыз үшін мың алғыс! Мен Қазақстанның әр ұлына, қызына, анасына, әкесіне тәнтімін және ризамын! Мен өзіме біраз уақыт бөлуді жөн көрдім, сондықтан Испанияға бірден қайтпаймын, бірер күн Тайландта боламын. Ойымды жинақтап, демалып алғым келеді. Әзірге көп мәліметті аша алмаймын, бірақ бұл оқиға мен күткеннен де қиын сияқты…», – деді…

***

Шындығы сол, шетелдіктердің асырауына берілген бір ғана Жәнібек емес еді. Халықаралық Гаага конвенциясында көрсетілген «жетім балаларды шетел азаматтарының асырап алуына беру» туралы бапты басшылыққа алған Қазақстан 1999 жылдан бастап жетім баланы сыртқа бере бастады. Бұған халық бейжай қарады дей алмас едік. Бас көтерген жұртты үкімет «шетелге тек ауру балалар жіберіліп жатыр» деп те жұбатты. Алайда, ешқандай да ауруы жоқ, тепсе темір үзетін қарадомалақтарымыз бен қаракөздеріміздің қайтып келіп, туған анасын іздеуі шындықтың бір пердесін түріп отырған жоқ па?!

«Еуропаға барған кезімде мен 1990 жылдардың басында кеткен қызбен кездестім. Яғни, ол еш жерде тізімде жоқ. Ол кезде заң да басқа болды. Мүмкін, біздің азаматтар асырап алмаған соң, тым құрығанда сол балалар бақытты болсын. Шетелдіктер болса да, үйде өссін деп ойлаған шығар. Одан кейін оны ешкім қадағалаған да жоқ. Былайша айтқанда, ол жүйесіз кеткен, – дейді «Шетелдегі қазақ балалары» жобасының авторы Жанар Байсемізова.

Билік пен бұқараның тартысынан кейін бұл мәселе ұлттық заңнамамыз шеңберінде бекітілді. Сонда еліміздегі жетім балаларды шетелдіктердің құшағына беріп, ортада «делдалдық» етіп жүрген 50-ге тарта халықаралық агенттіктің біразы бақылауға алынып, біразы жабылып тынды. Әр уақытта полиция таратқан мәліметтерге сенсек, бала саудасы проблемасы бізде әлі күнге дейін бар. Нәресте 500 мыңнан 1,5 миллион теңге аралығында бағаланады. Мораторий жарияланғанда шетел азаматтары бізден бала асырап алуын тоқтатқан еді. Алайда, дәл қазір ол қайтадан заң бойынша мүмкін жағдайға жетті. Осылайша 1999 жылдан бері Қазақстаннан 9 мыңнан астам бала шекара сыртына жіберілген.

Ресей сайттары АҚШ-та «қолдан-қолға өтіп жүрген» балалардың дені Эфиопия, Ресей, Украина, Қытай, Либерия, Гаити, Гватемал, Бразилия, Қазақстан, Вьетнам елдерінің балалары деп жазады. Осыған дейін Американың Массачусетс штаты тұрғындары ерлі-зайыпты Линда мен Джозеф Мэйоттқа Қазақстаннан асырап алынған екі баланы зорлап, жәбір көрсеткенін білеміз. Қазақстаннан асырап алған ұл-қызын қойындарына салып, жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген ата-ана сымақ бар болғаны 20-25 жылға ғана жазасын өтейтін болды. Бұл уақыт сол балалардың ұрланған бал-дәуренін өтей ала ма? Жетімдердің жанына жара салып, сатып жібере салатынымыз аздай, оларды қорлайтын қылмысқа неге барамыз?

Сондықтан, олардың біразы елшіліктердің бас-көз болуымен өсіп жатыр десек те, сарапшылар айтқандай елімізден ертерек әкетіліп, мүлдем хабарсыз кеткен балалар да бар. Оларға өгей ата-анадан жәбір көріп, өмірі трагедиямен аяқталған жетімдерді де қосыңыз…

***

Аймағымызда Балалар үйі жоқ. Бірақ, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 4 мекеме бар. Оның ішінде білім басқармасына қарасты Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында – 66 бала, облыстық жасөспірімдер үйінде жалпы – 70 бала тәрбиеленуді. Сондай-ақ, денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Үміт» мамандандырылған бөбектер үйінде 11 бала, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының №4 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында 19 бала тұрады. Атауы басқа болғанымен, атқарар қызметі сол баяғы ата-анасыз балалардың қамы. Біз сонда кімді алдап отырмыз? Жақсы делік, балалар үйі азайды. Ал, жетімдер ше?

***

Ұлан-ғайыр далада ұзын-сонар көштің шаңын қалдырып, ұлық күй кешкен ұлтымыздың ұсақтала бастаған тұсы – балалар үйіне қалдырып жатқан балаларымызбен өлшеніп еді-ау. Құрсағын жарып шыққан сәбиін үкіметтің үйіне өткізіп, белінен бөлінген шарананың тағдырына көзін тарс жұмып қарайтын безбүйрек жандар қазақтығымызға қанша рет сын болды? Балалар үйі бізде қашан болмайды? Жәудіреген жетімдердің мекенін өзіміз қолдан жасап отырған жоқпыз ба осы? Әлемдегі өркениетті елдердің барлығы басқа жүйемен өмір сүруде. Оларда баланың балалар үйінде тұруы балаға жасалған қастандық болып есептеледі екен. Біз сол қастандықтан қашан құтыламыз? Қалай?..

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support