- Advertisement -

Сауда саласына шағым көп

31

- Advertisement -

Өткен жылы облыстағы сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне тұрғындар тарапынан түскен шағымдардың басым бөлігі сауда саласына бағытталған екен. Департамент басшысының орынбасары Байқадам Дүйсенбаевтың айтуынша, тұтынушылар құқықтарының бұзылуына қатысты шағымдар жыл сайын артып келеді. Айталық, өткен жылдың 11 айында Жамбыл облысының сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 653 өтініш келіп түссе, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 227 өтінішке көбейгенін көрсетеді. Өтініштердің өсуі 59,7 пайызды құрайды.

Жамбыл облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті өткен жылы тұтынушылардың өтініштерінің негізінде бизнес субъектілеріне жоспардан тыс 54 тексеру жүргізген. Оның ішінде 41 тексеру ішкі сауда субъектісінің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің мөлшерін асырғанына байланысты жасалыпты. Тексеру нәтижесінде 38 бұзушылық анықталып, 38 ұйғарым енгізілген. 37 құқықбұзушылық субъектілеріне ескерту түрінде әкімшілік жаза қолданылып, ӘҚБтК-нің 204-4 бабы бойынша шағын бизнес субъектісіне 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 1 айыппұл салынған. Бұдан басқа, әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 802-бабының негізінде 2 айыппұл салынған. Айыппұлдардың жалпы көлемі 158 700 теңге болған.

– Өткен жылдың 11 айында тұтынушылар тарапынан түскен шағымдардың 229-ы, яғни 44,7 пайызы бөлшек сауда саласына қатысты болды. Шағым түсудің екінші орнында электрондық сауда тұр. Аталған мәселе бойынша 76 өтініш түскен. Ал, үшінші кезекте тұрмыстық қызмет көрсету саласына шағым басым, яғни бұл салаға 51 тұтынушыдан өтініш келді. Тарқата айтар болсақ, бөлшек сауда бойынша түскен шағымдарда сапасыз тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан, соның ішінде 14 күнтізбелік күн ішінде тауарды қайтару мен айырбастаудан бас тарту әрекеттері басым болып отыр. Ал, электрондық сауда саласында тұтынушыларды алдау фактілері орын алған. Тұрмыстық қызмет көрсету саласында жиһаздың, сондай-ақ пластикалық терезелер мен есіктердің сапасыз өндірісі басым. Департаментке келген өтініштердің жалпы санынан 400 өтініш толығымен қанағаттандырылды, тұтынушыларға 40,1 миллион теңге қайтарылды, 40 өтініш өз құзыреті бойынша басқа мемлекеттік органдарға жіберілді. 168 тұтынушы өз мәселелері бойынша түсініктеме алды.

Бүгінгі таңда ішкі нарықта Мемлекет басшысының қойған басты міндеті – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бірақ оған азаматтық қоғамның, қоғамдық институттардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, сонымен қатар тұтынушылардың белсенді ұстанымынсыз қол жеткізу мүмкін емес.

Яғни, біз барлық 20 миллион қазақстандық, соның ішінде тұтынушылар болып табылатын барлық қатысушылар туралы айтып отырмыз. Біз «Сапалы өнім» қоғамдық тұжырымдамасын іске қосуды ұсынамыз. Ол үшін заңнамалық құралдар мен тетіктердің базалық жиынтығы бар. Атап айтқанда, қолданыстағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы Заң қоғамдық бірлестіктерге мынандай мүмкіндіктерді береді. Яғни, тауардың тұтынушылық қасиеттерін зерттеу, тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігіне сараптама жүргізуге бастамашылық жасау, өнімнің сапасы туралы қоғамдық пікірді анықтау үшін халыққа сауалнама жүргізу, тауардың сапасын бағалау мақсатында мемлекеттік органдарға жүгіну, тұтынушылардың мүддесі үшін сотқа талап қою, өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін зерттеу нәтижелері туралы ақпаратты тарату. Сонымен қатар, осы функцияны іске асыру кезінде қоғам белсенділері тауарды сату орындарына барған кезде фото, аудио, бейнетіркеуді қолдануға құқылы. Сондықтан біз тұтынушылар мен қоғамдық институттарды сапалы және қауіпсіз өнімдерді пайдалану құқықтары туралы жариялауға шақырамыз. Бұл өркениетті нарықтық қатынастарды құрудағы шешуші бетбұрыс болады. Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың тиімділігін арттыру үшін министрлік жаңа редакцияда заң жобасын әзірледі. Заң жобасында тұтынушылардың құқықтарын қорғауды осы салада жұмысты үйлестіретін Омбудсмен енгізу арқылы қоғамдық институттардың функционалдығын арттыру ұсынылады. Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктеріне ішкі нарықтың қоғамдық мониторингі шеңберінде тауарлардың үлгілерін іріктеу және көрсетілетін қызметтерді сатып алу құқығына ие болады. Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың қоғамдық институттары белгілі бір мәселе бойынша жиналған топтың құқығын қорғауға жол ашады, – дейді Байқадам Еркінбекұлы.

Егер осы аталған шаралар іске асырылса, тұтынушылардың құқықтарын қорғау үкіметтік емес институттардың рөлін күшейтуге де мүмкіндік бермек.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support