- Advertisement -

Сәбилерге шипа іздеген Ғазиза

23

- Advertisement -

Кәсіпкерліктің жеке табысты арттырумен қатар ел экономикасын ілгерілетуге де үлесі зор екенін көріп жүрміз. Егер жаның қалаған істі жеке кәсіпке айналдырсаң, материалдық қана емес, моральдық тұрғыда да табысқа кенелерің ақиқат. Мойынқұм ауданындағы жалғыз балалар массажисі, жеке кәсіпкер Ғазиза Тайғазықызы осы сөзіміздің дәлелі. Ол аталған аудандағы «Иман-Али» балалар массажы орталығының иесі.

Өз шаңырағында екі ұл, қос қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы ана Ғазиза бұл кәсіпкерлігін бастауға аналық махаббаты жетеледі деп біледі.

– Мен массажшы, кәсіпкер болудан бұрын анамын. Кез келген ана баласының жылағанын естісе «Неге қиналды?..» деп жанын қоярға жер таппай шырылдайды. Тілі шықпаған сәбидің мазасыздануы ананың жүрегіне қанжардай қадалады. Сондықтан болар, көптеген аналар балаларының денсаулығын күтемін деп өзі қалай шипагер болып кеткенін аңғармай да қалады. Мен де өз балаларымның денсаулығына, күтіміне көңіл бөле жүріп, балалар массажын үйренуге бет бұрдым. Ауданымызда мүлдем балаларға уқалау емін жасайтын жер жоқ еді. Мойынқұмдық аналар балаларына массаж қажет болғанда 300-400 километр қашықтықтағы қалаға барып, әуре болатын. Білесіздер, уқалау емі бір-ақ рет жасаумен бітпейді, бірнеше курс және әрбірінде оншақты күн алу керек. Осының бәрін ойлана келе, әрі өзім де жаратылысымнан бала күтіміне епті едім, 2021 жылы Астана қаласында осы мамандық бойынша оқып келдім. Алғашында екі-үш ай емді қажет еткен сәбилердің үйіне барып, массаж жасап жүрдім. Емнің нәтижесін көрген аналардан сұраныс арта түсті. Білімімді шыңдау үшін Алматыға барып, тағы бір ай оқыдым. Бұл жолы тек уқалау емін ғана емес, парафинмен, электрофарезбен емдеу әдістерін де үйрендім. Көмегіме жүгініп келушілердің қатары көбейген соң жолдасымның қолдауымен «Балалар массажы» орталығын аштым. Орталықтың атын екі ұлымның есімімен «Иман-Али» деп қойдым. Осы уақытқа дейін 900-ден астам балаға уқалау емін жасап, айығып кетулеріне себепкер болыппын. Бұл емнің бір курсы 8-10 күн аралығында жүреді, бір курсқа 15-20 бала келеді. Массажбен қоса парафин, физиотерапия, фотолампа емдерін де алады, – дейді сәбилерге шипа іздеген Ғазиза.

Қазір ол нәрестелерде көп кездесетін диагноздармен жұмыс істеп жүр. Көбіне оның алдына дисплазия, гипоксия, ДЦП, гипертонус, рахит, майтабан секілді диагноздары бар сәбилер келеді. Мойынқұмдықтар Ғазизаның ДЦП дертіне шалдыққан баланы емдеп жазғанын айтып, мақтады. Нәби есімді нәресте небары 1 жас 8 айлық кезінде келген, ешқандай қимылсыз жататын балаға 5 курстық уқалау емі жасалған. Нәтижесінде сәби аяғынан тұрып, тәй-тәй басып, үйіне қайтқан.

Ғазиза соңғы уақыттары нәрестелерде жиі кездесіп жүрген дерттердің дауасын іздеп, өзі де білімін дамытуды ұмыт қалдырмайды. 2022 жылы Атырау қаласындағы белгілі дәрігер- массажист Лаура Исмайлқызынан тәжірибе алып, оқып келген. Одан алдына келген балаға дұрыс диагноз қоюды, рентген түсірілімін талдауды және неврологиялық, ортопедиалық логомассаж диагноздарымен жұмыс істеуді тереңірек меңгереді. Қазір оның еміне Мойынқұм ауданының барлық ауылдарымен қоса Алматы, Тараз қалаларынан, Шу ауданынан да сәбилерін алып келетіндер бар.

Әкесі Тайғазы Баялиев Мойынқұм ауданында басшылық қызмет атқарып, елге сыйлы болған, еңбегімен ауданның Құрметті азаматы атанған. Сондай әкеден алған тәрбие мен анасы Алтынкүлдің мейірімін көрген Ғазиза қайырымдылық істерге де себепкер болып жүреді. Бастапқыда өзінің кәсібі бойынша атқарған жұмыстарының нәтижесін көрсетіп Instagram әлеуметтік желісінде белсенділік танытып, көптеген оқырман жинайды. 2021 жылдың мамыр айында оқырмандарының ішінде кішкентай қыз баладан хат келеді. Ол хатында анасының науқас екенін айтып, көмектесулерін сұраған екен. Оған бей-жай қарай алмаған Ғазиза көрсетілген мекенжайға барып, жағдайларымен танысады. Тұрып жатқан баспаналары апаттық жағдайда, ал анасы өте ауыр халде төсек тартып жатқанын көріп, бірден көмек жинауға кіріседі. Аудан тұрғындарына жағдайды айтып, Instagram парақшасы арқылы үндеу тастайды. Ауылдастарымен ақылдаса келе көмектесуге қаржы жинайтын есепшот ашып, қайырымды жандардың қол ұшын созуымен бірден 2 миллион 700 мың теңге қаражат жиналады. Ауданның атқамінер азаматтарының көмектесуімен Ләззат Карибаева Алматы қаласындағы республикалық онкологиялық орталыққа емделуге жіберіледі. Денсаулық сақтау министрлігінен көмек көрсетіліп, оған күрделі ота жасалып, 21 күн емделіп, аман- есен ауылына оралады. Ауылдастар жиналып, 4 миллион теңгеге үй әперіп, қуантыпты.

Қайырымдылық істерді ұйымдастыруды Ғазиза ораза айында да жалғастырып, үйсіз жүрген жалғызбасты Күлән апайға да ел- жұрттың бірлесіп көмектесуімен бір бөлмелі пәтер әперіп, оны халықтан жиналған қаржыға қажетті жиһаздарымен жабдықтап беріпті. Жаңа қоныстың қуанышында ауылдастар бірлесіп Құдайы тамақ таратады. Ғазизаның жақсы істердің басы-қасында жүрген ұйымдастырушылық, бауырмалдық әрекеттеріне тәнті болған халықтың разылығымен аудан әкімі Әлихан Балқыбеков Алғыс хатпен марапаттайды.

Биылғы қыркүйекте Астана қаласында өткізілген массажистер арасындағы республикалық байқауда «Үздік массажист» номинациясына ие болған. Бұл іспен айналысқанына көп уақыт бола қоймаса да өзінің шеберлігін көрсетіп үлгерген Ғазиза Тайғазықызы балалар массажын үйренуге ниеттілерге дәріс беруді де қолға алған. Себебі, алыс ауылдардан кішкентай нәрестені көтеріп келетін аналарға бұл ем өзінің тұрғылықты аймағында қолжетімді болса деген мақсатты көздеген. Әр ауылдан келген жастар екі апта ішінде теориялық және тәжірибелік білім алады.

Ғазиза үйінің кенжесі. Ол жеткен жетістіктерінің бәрінің астарында еңбегімен елге сыйлы болған, қажылыққа барған діни сауатты әкесі мен анасының тәрбиесі бар деп біледі.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Мойынқұм ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support