- Advertisement -

Бәрі де ел игілігі үшін

41

- Advertisement -

Ұлтымыздың ұлылығын дәріптейтін Тәуелсіздік күні қарсаңында облыстың түкпір-түкпірінде мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, бірқатар нысандар халық игілігіне пайдалануға беріліп жатыр. Осындай игілікті шаралар киелі де қасиетті өңірлердің бірі – Мойынқұм ауданында да қолға алынуда.

Мереке қарсаңында аудан орталығына кезінде «Хантау» совхозының аға шопаны болған Социалистік Еңбек Ері Шоман Шәріпбаевтың мүсіні қойылды. Ескерткіштің ашылу салтанатына атақты шопанның қарындасы Клара Шәріпбаева арнайы келіп қатысты. Жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Әлихан Балқыбеков «Малшылардың маршалы» атанған Жазылбек Қуанышбаев еңбек еткен қасиетті өңірден талай еңбек майталмандары шыққанын, солардың қатарында Шоман Шәріпбаевтың да бар екенін айтып, атақты шопанның өнегелі еңбек жолы көпке үлгі болғанына тоқталды. Ал, биназарлық белгілі сазгер-ақын Болатбек Әбішев өз тілегін өлең жолдарымен жеткізді.

Сондай-ақ, бұл күні ауданның ең шалғай жатқан ауылдарының бірі – Шығанақта да қуанышты шара өтіп, «Асар» жобасымен салынған тұрғын үй баспанаға мұқтаж отбасына тапсырылды. Аудан әкімі аппаратының басшысы Мейірхан Төлеулиев баспананың кілтін ауыл тұрғыны Ж.Байдыбаеваға табыс етіп, қолда барын өзгелермен бөлісе отырып, бір-біріне қамқор, тілеулес болған ұлттың ұлылығы осындай игі істермен айқындалатынын айтып, қайырымдылық іске атсалысқан шығанақтықтарға ризашылық білдірді.

Тәуелсіздік күні қарсаңында Мирный ауылы тұрғындарының тілектері де орындалып, балаларға арналған заманауи ойын алаңы мен Street workout алаңы пайдалануға берілді. Шалғайда жатқан ауылдың қуанышын бөлісуге келген аудан әкімі аппаратының басшысы Мейірхан Төлеулиев жастар мен балалардың бұқаралық спортпен айналысуы үшін бюджеттен арнайы қаржы қаралып, нәтижесінде жыл соңында тұрғындардың өтініштері жүзеге асырылғанын қуанышпен жеткізді.

Жалпы, ауданда соңғы жылдары бұқаралық спортты дамытуға үлкен көңіл бөлінуде. Мәселен, биыл Мыңарал және Ұланбел ауылдарында демеушілер есебінен футбол алаңдары соғылса, Ақбақай ауылында аудандық бюджет есебінен салынған футбол алаңы ел игілігіне берілді.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Мойынқұм ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support