- Advertisement -

Төрт түлікке де бап керек

29

- Advertisement -

Мал қыстату – төрт түлікті қыстан шығынсыз алып шығу ғана емес, сонымен бірге төл алып, мал басын көбейтуге бастайтын науқан. Жылдағы қалыптасқан дәстүрмен қыстауларда мал азығының мол қоры жинақталған.

«Жазда шанаңды, қыста арбаңды сайла» деген халық даналығы тектен-текке айтылмаса керек. Осы бір үрдістен жаңылмай келе жатқан ауыл шаруашылығы құрылымдары биыл да ерте бастан-ақ қыс қамына кіріскені. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітековтің айтуынша, осы жылдың мал шаруашылығы үшін жайлы болуы оған қажетті жем-шөптің жинауына мол мүмкіндік беріпті. Мал қыстатуды қалыпты өткізу үшін егістік алқаптар мен табиғи шабындықтардың есебінен 2104,5 мың тонна пішен, 413,4 мың тонна сабан, 87,2 мың тонна пішендеме мен 76,5 мың тонна сүрлем дайындалған.

– Бүгінгі күні мал қыстауларында қыстатылып жатқан төрт түліктің жағдайы қалыпты. Дегенмен, ондағы шаруашылықтарға 513 мың тонна құнарлы жем қажет. Ол үшін аудандарда мал азығына бөлінген дәндік жүгеріні есептегенде 350 мың тонна дәнді дақылдар бөлінді. Бүгінде бұл бар қажеттіліктің 68 пайызын құрап отыр. Сонымен қатар, облысымызда шаруа қожалықтардың есебінде 536 мың мүйізді ірі қара, 4023 мың қой-ешкі, 190 мың жылқы, 8,6 мың бас түйе бар. Жалпы, аудандар еншісінде 5862 мал қыстату орындары болса, оның 1020-сы шалғайдағы жайылымдарда орналасқан. Аудандардың берген мәліметіне сүйенсек, қыстаулардағы малшыларға арналған 5 564 тұрғын үй, 2 184 қотан-қашар, 936 баз толық жөндеуден өткізілген. Сонымен бірге, дайындалған шөптің басым бөлігі сол қыстаулардың қасына жиналған, – дейді Нұрби Жігітеков.

Бір атап өтерлігі, агроқұрылымдарға мал азығының сапасына, рацион құрылымын жақсартуға ерекше талап қойылуда. Қазіргі таңда жоғары сұрыпты ет, сүт өндіру үшін мал рационында сүрлем, пішендеме сияқты құнарлы азықтың үлесін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта пішеннен бөлек шаруашылық субъектілерінде сүрлем мен пішендемені дайындауды жолға қоюда.

Табиғаттың тылсым құбылысына шек жоқ. Сондықтан, ауыл шаруашылығы басқармасының ұсынысымен аудан әкімдіктерінде мал қыстауын өткізу бойынша жедел штаб құрылып, жұмыс істеуде. Аудан әкімінің орынбасары басшылық ететін штаб мал қыстату барысында туындаған барлық мәселелерді шұғыл шешуге атсалысады. Қажет болған жағдайда аудандағы ірі кәсіпорындардың резервін, техникасын, басқа да ресурстарды ұтымды пайдалануға мүмкіндік берілген. Ол үшін 347 трактор, 758 түрлі автокөліктер дайындалған. Бұдан бөлек, аудан әкімдіктеріне арнайы техникасы бар ірі агроқұрылымдарды қажетті жағдайда техника бөлу туралы Меморандумға отырыпты.

Бүгінде Мойынқұм өңірінде мал қыстатып отырған малшылар баршылық. Онда барлық ауданның шопандары мал қыстатып отырғаны белгілі. Мәселен, Жамбыл ауданына қарасты «Пионер» өндірістік кооперативінің шопандары кеңестік кезеңнен бері мал қыстатып келеді. Олардың өз тұяғымен жайылып жүрген қойлары қоңды, қоралары бүтін, жем- шөбі жеткілікті екенін жақында аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы арнайы барып, көріп келіпті.

– Мойынқұм өңірінде ауданымыздың 59 мал қыстату қора-жайы орналасқан. Оның тоғызынан 3201 бас мүйізді ірі қара, отыз тоғызынан 54876 қой-ешкі, он бір баздан 3613 жылқы өріске шығады. Мал азығына онда 182080 пішен, 31550 тонна жем дайындалған. Бұл малдың қыстан қысылмай шығуына жетеді деп ойлаймын. Әсіресе, пионерліктер шөптің мол қорын жинап алыпты, – деді ол.

Ал, шаруашылықтың аға шопаны Сандыбай Сәрсенбаев жиырма жылдан бері осы кәсіпті нәсіп етіп келе жатқанын айтты. «Жағдайымыз жақсы. Мал қыстату науқаны жайлы өтуде. Мал күйлі. Алда мал төлдету науқанына дайындалудамыз. Қорамызда қазақы қойлар бастап төлдеп жатыр. Жаппай төл алу науқаны алда. Соған дайындықты қазірден бастап кеттік. Жем-шөбіміз жеткілікті», – дейді аға шопан.

Қыстату барысында қауіпті індеттердің алдын алу да ветеринария тарапынан бақылауға алынған басты міндеттердің бірі. Ветеринария басқармасының ақпаратына сәйкес, ауыл шаруашылығы жануарларын вакцинациялау және диагностикалық зерттеулер жасау мақсатында жоспарланған іс-шаралар да өз деңгейінде жүргізілуде екен.

Қорыта айтқанда, мал шаруашылығындағы ең маңызды шақ – мал қыстату науқаны кезінде мал шығынының болмауы − келер жылғы мол өнімнің кепілі. Сондықтан, аудан әкімдіктері бұл науқанға жауапкершілікпен қарайды деген сенімдеміз.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support