Антына адал азамат

Антына адал азамат
ашық дереккөз
Антына адал азамат
Жүрек қалауына жүгінген Жақсылық мектеп бітіргеннен кейін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетаудағы техникалық институтына (қазір М.Ғабдуллин атындағы академия) құжат тапсырған. Мақсаты – өрт қауіпсіздігі жөніндегі маман болу. «Өрт – тілсіз жау» деп білетін әрбір ата-ана баласының от пен судан аулақ жүргенін қалайтыны айтпаса да түсінікті. Бірақ, Жақсылықтың әке-шешесі Жарылқасын мен Гүлсара балаларының қалауына қарсы болған жоқ. Қазақтың «болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген қасиетті қағидасын ұстанғаны шығар, сірә. Бала қалауына қарсылық білдірмеудің өзі ақ жол тілеп бата бергенмен бірдей ғой, Жақсылық жолы болып оқуға түсіп кетті. Институттан кейін Белорусь Республикасында мамандығы бойынша білімін жетілдіру курсынан өтті. Ол осы саладағы еңбек жолын Жаңатас қаласындағы №4 өрт сөндіру бөлімінде бастап, одан әрі Тараздағы №1 және №5 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімдерінде қарауыл бастығы лауазымдарында қызмет атқарған. Түрлі өрттер мен табиғи апаттарды жоюдағы кәсіби шеберлігі мен белсенділік көрсеткен Жақсылық Бекбергенов Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылындағы №8 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасарлығына тағайындалған кезеңде жүктелген жауапкершілікті терең сезініп, міндетін мінсіз атқаруға тырысты. Өрт сөндірушінің жұмысы уақытпен санаспайды. Дабыл қағылысымен оқиға орнынан табылуы керек. Міндеті – өртті өршітпей, табиғат апатының ауқымын кеңейтпей ауыздықтау. Жақсылық бұл жұмыстарға құмбыл. Бастап барған тобын шұғыл әрекетке жұмылдыра біледі және өзі топтың бел ортасында жүреді. Тілсіз жау ауыздықталғанша тыным жоқ. Ол осылай қызметін мінсіз атқара жүріп, білім мен өндірісті ұштастыра білуі арқасында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің құқықтану факультетін бітіріп алған. Екінші мамандығы – заңгер. Төтенше жағдайлар кезіндегі шұғыл әрекеттері мен кәсіби шеберлігі, қайсарлығы ескерілген болуы керек, Жақсылық Жарылқасынұлы көп ұзамай Тараз қаласындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы қызметіне тағайындалды. Мұнда да сол – ұтқыр ұйымдастырушылық, кәсіби шеберлік – бірінші орында. Шұғыл іс-қимыл, әбжіл әрекет төтенше жағдайлар қызметінде – басты талап. Осы талаптан шыға білген адам ғана табиғаттың тосын мінезіне тосқауыл қойып, тілсіз жау өрт пен айтпай келген апатты ауыздықтай алмақ. Кез келген жағдайда біліктілік пен дұрыс шешім тығырықтан алып шығады. Ісін жетік білетін жақсы маман ілгерілеуге тиіс. Ал, істі басшылық бағалайды. Бәлкім лайықты бағалағаны шығар, Жақсылық Бекбергенов – қазір Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінде өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметі бастығының міндетін атқарушы. Жақсылықтың кез келген шақыртуға жедел жететін жауынгер-офицер ретінде көзге түскен кездері көп. Азаматтық қорғау майоры Жақсылық Бекбергенов тек тұрғын-жайларда туындаған өртті сөндіріп қана қоймай, табиғи жағдайда пайда болған дала өрттерін жоюға да белсене атсалысқан. Сол үшін Байзақ, Т.Рысқұлов, Меркі аудандары әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталған. Бірде Т.Рысқұлов ауданы, Шолаққайыңды таулы аймағында қураған шөптен өрт шығып, оның аумағы ұлғайып бара жатқаны жөнінде хабар түскен. Өртті сөндіруге Тараз қаласы ТЖД күштері тарапынан 45 адамдық жеке құрам мен 4 техника бірлігі жұмылдырылды. Орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің еріктілері мен жеке құрамды жеткізуге «Қазавиаспастың» тікұшағы пайдаланылады. Олар Тараз қаласынан ұшып шыққаннан кейін өрт аймағына барлау жасап барып іске кіріскен. Осы оқиғаға орай өртті жоюшы жеке құрамға басшылық жасаған азаматтық қорғау майоры Жақсылық Жарылқасынұлы өрттің жайылуына жол берген жоқ. Тағы бір осыған ұқсас қауіпті оқиға Меркі ауданы, Ақтоған ауылы аумағындағы Молалы маңында болған. Найзағайдың түсуінен қураған шөптен тұтанған өрт өршіп барады. Бой беретін емес. Оның үстіне үдей түскен жел отты алып қашып, жергілікті өрт сөндірушілер мен еріктілерге ырық берер емес. Келесі күні облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің 25 адамнан тұратын арнайы жасағы Жақсылықтың басқаруымен оқиға орнына аттанған. Кәсіби шеберлік пен тиімді әдіс-тәсілдерді дұрыс пайдалану арқасында тілсіз жау тізгінделіп, өрт өшірілді. Сол сияқты, Байзақ ауданы аумағындағы жанармай құю бекетінде отқа оранған газ тасымалдаушы көлікті апаттан аман алып шығу жолындағы арпалыс та өте ауыр сын сағаттар еді. Абырой болғанда өрт сөндірушілер тілсіз жаудан үстем түсіп, жеңіске жетті. Бұл оқиға кезінде де барлық іс-әрекеттің тізгінін ұстаған – азаматтық құтқару майоры Жақсылық Бекбергенов. Тағы бір айтпай кетуге болмайтын табиғат апаты биыл қаңтар айының басында Сарысу ауданы аумағында болған. Желдің жылдамдығы – 29 метр секунд. Аумақта аудан әкімінің шешімімен төтенше жағдай жарияланған. Облыстық ТЖ департаментінен апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізуге арнайы жасақталған топ шұғыл шақыртумен жолға шықты. Топ басшысы – Жақсылық Бекбергенов. Олар оқиға орнына жеткенде Жаңатас қаласында 11 тұрғын үйдің шатырын жел ұшырып әкеткені, 4 әлеуметтік нысанның шатыры зақымданып, 70-тен астам электр бағаны құлағаны туралы ақпарат алдарынан шыққан. Сыртқы бағыттағы барлық жолдар жабық. Тұрғын үйлер жарықсыз, жылыту қазандықтары жұмысын тоқтатқан. Жедел жеткен жеке құрам араға біраз уақыт салып, апат салдарын жоюға қол жеткізді. Бұл шаруа оңай жүзеге аса салған жоқ. Тағы да кәсіби шеберлік, қайсарлық апаттан басым түсті. Жеңіс – құтқарушы жеке құрам жағында. Әрине, «құтқарушылар барлық жұмыстарды өздері атқарды» деуден аулақпыз. Бірақ, табиғи апатпен күресте олардың басты рөлде ойнағандарында талас жоқ. Құданың құдіретінде шек жоқ, арада ай өтер-өтпесте тағы да сол ауданда су тасқыны болды. Жаңатас қаласына іргелес Бүркітті елді мекенінде. Аумақтағы осы аттас өзеннің арнасынан аса тасуы салдарынан қаланың кейбір көшелері мен Дегерес елді мекеніндегі бірнеше үйдің ауласын су басқан. Қардың еріген суынан Бүркітбаев, Үшбас, Жайылма ауылдарында да осыған ұқсас жағдай орын алыпты. Тағы да азаматтық қорғаныс майоры Жақсылық Бекбергеновтің есімі ауызға ілігеді. Өйткені, облыстық ТЖ департаментінен көмекке келген апаттан құтқарушы құрамды сол басқарып барған. Елдің есін шығарған сол екі күнде Сарысу ауданында 11 шұғыл шақырту тіркеліпті. Жоғарыда айтылған 4 елді мекенде 24 аула судан тазартылып, 1 өзен, 1 каналдың жағалаулары нығайтылған. Оған төтенше жағдайлар департаментінен 47 құтқарушы-жауынгер, 8 бірлік техника, 8 мотопомпа, жергілікті атқарушы органдардан 75 адам, 5 мотопомпа, 15 техника бірлігі жұмылдырылған. 40 тұрғын 1700 қапқа құм салуға, басқа да жұмыстарға жегілді. Нәтижесінде, табиғи апатқа тосқауыл қойылды. Біз кейіпкеріміз Жақсылық Жарылқасынұлы тікелей қатысқан кейбір оқиғалардан мысалдар келтірдік. Ал, оларды саусақпен санар болсақ, көп-ақ. Осы салада 10 жылдан астам қызмет атқарып келе жатқан азаматтық қорғау майоры Жақсылық Бекбергенов марапаттардан құралақан емес. Оның омырауында ҚР ТЖ министрлігінің ІІІ дәрежелі «Құтқарушы», ІІІ дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін», «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін», ІІ министрлігінің «Қазақстан полициясына – 25 жыл» медальдары жарқырайды. Олардың қатарында «Үздік құтқарушы» төсбелгісі де бар. Жақсылықтың жары Альбина да осында қызметте. Ол – ТЖ департаментінде диспетчер. Оқыс оқиғалар туралы мәліметтер алдымен осында түседі. Шұғыл шақыртулар қабылдайтын орын да – осы диспетчерлік пункт. Сондықтан, төтенше жағдайлар мен табиғи апаттарды жоюда Альбинаның атқаратын қызметінің де рөлі ерекше. Жақсылық пен Альбина – алтын асықтай, күміс қасықтай Альтаир, Әдия, Әмір, Айлин атты төрт бүлдіршін желкілдеп өсіп келе жатқан шаттық ұялаған шаңырақ иелері. Олар ұл-қыздарын отансүйгіштік, ұлтжандылық, бауырмалдық, мейірімділік рухында тәрбиелеуде. – Мен Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаған 1991 жылы дүниеге келіппін. Өзімді Тәуелсіздік құрдасы санаймын. Тәуелсіздікке қызмет етуге әрқашан дайынмын! – дейді әріптесіміз, азаматтық қорғау майоры Жақсылық Жарылқасынұлы ант бергендей. Біз әріптесіміздің әрқашан уәде үдесінен шығатынына сенеміз және жауапты да қызықты қызметте оған сәттілік пен табыстар тілейміз.  

Нұрболат ӨМІРЗАҚОВ,

облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы.

Ұқсас жаңалықтар