Біз үйде сөйлеспейді екенбіз
Әлеуметтік желісіз өмірін елестете алмайтын жандар көбейді. Таңның атысынан, күннің батысына дейін аңдығандары – телефон. Бүкіл керегімізді осы алақандай ұялы телефоннан табатынымыз да өтірік емес. Бір жағынан, қазіргі заманауи жетістіктерді бағалап, қуанышты күй кешкің келеді. Бірақ, екінші жағынан алып қарасаңыз, көңілің су сепкендей басылады. Жақында біздің көшеде үш сағат бойы жарық сөніп қалды. Жарық болмаған соң, қандай күй кешетініміз белгілі. Интернет өшіп, әбден әбігерлендік. Үйдегі бәріміздің ұялы телефонның қуаты таусылған. Содан не керек, үйдегі адамдармен тілдесіп, әңгімелесуге тура келді. Бір байқағаным, біз үйде мүлдем сөйлеспейді екенбіз. Күнделікті жұмыстан келіп, тамақ іше сала бірден телефонға жабысамыз. Бас-басымызда бір телефон. Телефонның қуаты таусылып жатуына байланысты сол кеште ғана отбасы болып, шүйіркелесіп, сөйлестік. Ата-анамыз бізден қайда барғанымызды, не көргенімізді, нені көңілімізге түйгенімізді сұрап жатыр. Үйдегі әңгіме бәрімізге ұнады. Мен де ойымды айтып, жадырап қалдым. «Сөйлессек, біздің үйдің әр адамы жап-жақсы кісілер екенбіз ғой» деп әзілдеп едім, ол қалжыңыма отбасы мүшелері тегіс күліп, мәз болдық. Сөйтсек, ата- анаңмен еркін сыйласқаннан артық бақыт жоқ екен. Бізді сол бақыттан ұялы телефон бірнеше жылдан бері айырып келіпті. Менің отбасым енді осы нәрсені дәстүрге айналдырамыз деп шештік.
Мұнымен не айтқым келді? Әлеуметтік желі тек адам денсаулығына ғана емес, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа да кері әсерін тигізуде. Ол бос уақыттың көп бөлігін алады. Телефонға тәуелділік – бірқатар жағымсыз істердің бастауы. Қалтадағы қара телефон қуаныш та сыйлайды, қасіретке де ұрындырады. Айтайын дегенім, нағыз бақыт телефонда емес, ата-анаңның жылы жүрегінде. Сіз ата-анаңызбен сырласып, бауырларыңызбен сөйлесіп жүрсіз бе?
Аяжан АҚЫЛБЕКОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді