- Advertisement -

Әне, жұрттың баласы…

54

- Advertisement -

Электр шамын ойлап тапқан Томас Эдисонды кім білмейді?! Бірде ол мектептен келіп, анасына ұстазы берген бір жапырақ қағазды ұстатады. Сонда анасы «Сіздің ұлыңыз – данышпан. Біздің мектебіміз тым кішкентай. Мұнда ұлыңыздың деңгейіндегі, оны оқыта алатын мұғалім жоқ. Өтінемін, бұдан былай өзіңіз оқытыңыз», деген жазуды баласына жылап тұрып оқып береді. Араға біраз жыл салып, отбасылық мұрағатты ақтарып отырған Эдисон әлгі хатты тауып алады. Онда «Сіздің ұлыңыздың ақыл-есі дамымай қалған. Біз оны басқа балалармен бірге оқыта алмаймыз. Сондықтан, оны үйде өзіңіз оқытсаңыз екен дейміз» делініпті. Әлдеқашан бақилық болып кеткен анасының сонда не үшін жылағанын түсініп, енді өзі көз жасына ерік береді. Сөйтеді де күнделігіне: «Томас Алва Эдисон ақыл-есі дамымай, артта қалған бала болды. Парасатты да батыр анасының арқасында өз заманының ұлы данышпанына айналды» деп жазып қояды. Бұдан шығатын қорытынды, өзімізге ғана тән ұлттық психологиядағы «Жұрттың баласы…» түсінігін түбімен жойып, бала тәрбиесіне басқаша көзқараспен қарау керектігін көрсетеді. Сірә, әр бала осы сөзді естіп көрген шығар. Сәйкесінше кез келген ата-ана осы сөзді баласына айтып көрген болуы мүмкін. Оған неге құмармыз? Әлде өздері де сол бітпейтін «жұрттың баласымен» өскендіктен бе? Бүгінгі жастарға ол қаншалықты әсер етеді? Жеңілдеу болып көрінгенімен жүгі ауыр тақырыпты талқылап көрейік дедік…

Гүлзада Ксан, Назарбаев университетінің Гуманитарлық ғылымдар мектебі студенті:

– Назарбаев университетінің атриумында «Реджект хаттар көрмесін» өткіздік. Реджект хат дегеніміз – сізді университетке, жұмысқа, тағылымдамаға, болмаса қандай да бір бағдарламаға қабылдаудан бас тартқаны жөнінде олардың поштаңызға жіберген немесе қолыңызға ұстатқан хаты. Екі көзіңіз төрт болып жауап күтіп жүргеніңізде, олардың үн-түнсіз қалып, хабарласпауын да «реджект» ретінде қарауға болады. Бұл іс-шараны ұйымдастырудағы негізгі мақсатымыз – «табысты жұрттың баласынан» шаршаған жастарға өмірдегі жеңілістердің де қалыпты дүние екенін түсіндіру еді. Ең қызығы, бұл көрмеге жұмысқа, оқуға, тағылымдамаға, студенттік клубтарға қабылдаудан, конференцияға тіркеуден, жатақханадан орын беруден бас тартқан, тіпті махаббат ұсынысына «жоқ» деген хаттар да келді. Әр жас өз еңбек жолында мұндай сәтсіздіктерден өтуге мәжбүр болғанын біліп жүргені жақсы. Өйткені, қазір адамдар өз сәтсіздіктері жайлы тек табысқа жеткеннен соң ғана айтады да, былайғы уақытта оларды барынша жасыруға тырысады. Не де болса, таудай табысқа жеткен мінсіз репутация иелері қаптаған қазіргі заманда адамдарға, әсіресе жастарға құлап-сүрінудің қалыпты құбылыс екенін түсіндіретін осындай іс-шаралар шынымен керек-ақ. Өйткені, Мақатаев айтқандай «Мәңгі сені жазбаған сүрінуге, қайта тұрып қақың бар жүгіруге…».

Дәурен Серіков, №14 мектептің 11-сынып оқушысы:

– Мені анам үнемі сол «жұрттың баласымен» салыстыратын. Негізінде көрші Нұрдосты көп айтатын. Барлық әңгімесін «Өзіңдей Нұрдосты қарашы…» деп бастайтын ғой. Сабағын жақсы оқитын, үйдің тірлігіне де епті, даланың да жұмыстарын тиянақты істейтін досымды қалай жек көріп кеткенімді білмей қалдым. Үйге келе жатқанын көргеннен-ақ тыжырынып қалатын болдым. Оның мінезі де керемет еді. Жақсылық жасағысы кеп тұратын. Ойында ештеме жоқ ол маған одан сайын жақындайды, анама да қолғабыс етеді. Бәрібір сол досымды мен өзімнен алыстаттым. Анам оны мақтаған сайын жек көретін едім. Қазір біз басқа ауданға көшіп кеттік. Ол кезде 5-сыныпта оқитын едім. Қазір өстім ғой. Маған ондай сөздер енді әсер етпейді. Ата-анам кішкентай бауырларыма осындай сөздерді айтып жатса, «олай айтпаңыздаршы» деп өтініп сұраймын. Өйткені, ол бала үшін кәдімгідей үлкен қиындық тудыратынын білемін.

Айгерім Үсербаева, психолог:

– Ата-ана баланың алғашқы ұстазы. Егер ата-анасы баласын қатты жақсы көрсе, бала ата-анасына ғана сенеді. Егер ата-ана баласының өз-өзіне сенімді болып өскенін қаласа, оны ынталандырып, мақтап, көтермелеп отыруы керек. «Жарайсың, еңбектеп үйрендің!», «Қасық ұстап үйрендің, алтыным», «Менің балам ең үздік», «Мұндай ерлік сенің қолыңнан келді» деген сынды сөздерді дүниеге келгеннен бастап айтуы керек. Баланың нақты әрекеттерін мысал ете отырып мақтаса, олар өздеріне сенімді болып өседі. Ата-ана баласына тіл тигізіп, балағаттауына, боғауыз сөздерді қолдануына болмайды. «Жап аузыңды, ақымақ, топас», «Сенің қолыңнан келмейді», «Ары тұр, жағаласпа», «Тағы бір рет 2 алсаң, тамақ ішпейсің, далаға шықпайсың».

«Бәрін сен бүлдіріп жүресің», «Жұрттың баласына қарашы» деуге әсте болмайды. Ұрысқан кезде де баланың өзіне емес, іс-әрекетіне қатысты сын айту керек. Әсіресе, «Жұрттың баласы» дегенді жиі айтып, өзгенің баласын өз баласынан артық қою посткеңестік елдерде ғана бар. Көршілес қырғыздарда «Елдің балалары» деген ұғым бар. Орыстарда да кездеседі. Бірақ, олар Еуропа өркениетіне жақын болғандықтан, бұл жаман әдеттен оңай арылып келеді. Біздің менталитетімізге өте жақын болғандықтан, одан ажырау біздің қоғамға қиындық тудырып отыр…

Бұл сөзге бұрынғының баласының жауабы болмаған шығар, бірақ бүгінгінің баласы «Жұрттың әке-шешесі» дегенді анық айта алады. Демек, бұл сөз баланың агрессиясын оятады. Баланың іштей төмендеп, желінуіне, өзін кем санауына әкеп жатады. Мұны психологтар растап отыр. Сондықтан да болар олардың «балаңызға ешқашан айтпауыңыз керек бес сөз» деген қағидасының басында осы тұр. Әлеуметтік желіде осыған қатысты қызық сауалнама да жүргізілген екен. Оған сенсек, сауалнамаға қатысушылардың 10 пайызы ата-анасынан мұндай сөзді мүлдем естімеген болса, 49 пайызы бұл сөздерді ести тұра, өздеріне қабылдамапты. Ал олардың 11 пайызы салыстырған балаларды жек көріп кеттік десе, 12 пайызы өздеріне деген сенімділігін жоғалтқан. Ал қалған 18 пайызы сол «жұрттың баласы мен едім» деп мақтаныпты.

«Он пәленің тоғызы – тілден» деген аталы сөз де бар. Тек қана жақсы сөйлеу деген осыдан шығады. Бала тәрбиесіне келгенде бұл талқыланбайды да. Бір рет болса да «Балам, бұл сенің ғана қолыңнан келеді» деп көріңізші. Жұрттың балалары ешқашан сіздің балаңыз бола алмайды. Бес саусақ бірдей болса, ол түкке алғысыз болар еді ғой…

 

Гүлжан РАХМАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support