- Advertisement -

«Мөп-мөлдір көздің қарасын», қай жерден енді табасың?

133

- Advertisement -

Екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз шаһарына бағзы заманда жер жаһанға танымал ұлы тұлғалар да келіп қонақ болып кеткен деседі жазба деректерде. Солардың бірі – Шығыстың шайыры яғни, парсының ұлы ақыны Фирдоусидің де ізі қалған деген аңыз бар.

Мұны айтып отырған себебім, сол кезде көне қаламыздың көркем халқына көңілі толған Фирдоуси әсіресе сұлу да инабатты Тараз аруларына сүйсініп:

Сергітер жүрек жарасын,

Мөп-мөлдір көздің қарасын,

Тараздан ғана табасың! – деп жырлаған екен. Х ғасырда жазылған сол өлеңнің әлі де мағынасы жойылмай келеді. Сонымен қатар, тараздықтардың символына айналған бұл туынды тұрғындарының абыройын асқақтатып, әр замандағы қаламгерлерімізге шабыт сыйлап еді.

Содан да болар, кезінде облысымызға әкім болып келген Амалбек Тшанов мырза қаламыздың батыс жағындағы қақпаға (арка) осы өлеңді жаздырып қойған еді. Бұған дейін ешбір әкім де, тіпті, Жамбыл жерінен шыққан қоғам қайраткерлері де, белсенді жандар да қолға алмақ түгіл, ойға да алмағанда Амалбек ағамыздың жасаған мұндай игі жұмысына көпшілік риза болып алғыстарын айтқан. Өзінің лайықты орнын тауып жазылған бұл өміршең өлең берекелі қаламыздың беделіне бедел, сәніне сән қоса түсті. Тіпті, алыс-жақын шетелдер мен еліміздің өзге де облыстарынан қаламыз арқылы кіріп-шығатын жолаушылар да оқып қызығып та, қызғанып та қалатындары жасырын емес еді. Өйткені, оны өздері де айтып қалатын.

Бірақ, өкінішке қарай, көңіл көркейткен бұл жағымды жайттың ғұмыры тым ұзақ болмады. Себебі, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығында Таразда өткен Республикалық ақындар айтысында шымкенттік ақын Біржан Байтуовтың терең ойланбастан осы өлеңге қатысты білдірген «пікірінен» соң, сол кездегі облыс әкімі қақпадағы аталған өлең жолдарын алғызып тастады. Оның асығыс шешіммен жасаған іс-әрекеті жергілікті тұрғындардың ашу-ызасына тигені әлі есімізде. Халық әлеуметтік желі арқылы «Сол өлең қайтып орнына қойылса», деген ұсыныстары мен пікірлерін және шағымдарын да жеткізді. Одан қалса, жергілікті телеарналар мен басылымдарда да айтылып жатты. Бірақ, бұл өзгеріссіз қалды. Бұл мәселе «баяғы жартас, сол жартас» қалпында әлі тұр.

Осы жылдың басында Әйтеке би көшесінің бойымен келе жатып, «Chef Star» деген кафенің алдыңғы қабырғасынан осы өлеңді көріп, қуанып қалдым. Өкініштісі сол, өлең дұрыс жазылмапты.

Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың (Фирдоуси Х ғасыр) – деп жазылған. Сонда бұл өлең бе, жай қара сөз бе? Егер біз осылай өлең мен әңгімені айырмай қате жаза беретін болсақ, келер ұрпақтың поэзия мен прозаны шатастырып жүрмесіне кім кепіл? Және өлең «табасың» деп аяқталған соң нүкте де қойылмаған. Онсыз да қазір сауатсыздық басым боп тұрғаны аз емес. Оның үстіне, кафенің аты мен қасындағы сөздер орыс және шет тілдерінде жазылған. Қазақ тіліндегі атауларды көбейте алмай жүргенімізде мұндай орындардың өзге тілдердегі атаулар мен сөздердің көбеюіне үлес қосып жатқандары тағы бар.

Сонымен, қате жазылғанын көре тұрып, кері кетуге дәтім шыдамай қасиетті Әулиеата өңірінің азаматы ретінде әрі поэзия өкілдерінің бірі және жанашыры ретінде кафенің ішіне кіруге тура келді. Кафенің иесі әрі басшысы жұмыс орнында болмағандықтан жолыға алмадым. Бірақ, әуелі өзімді таныстыра келе сұрақтарымды әкімші қызға (администратор) қойып, қате жазылғанын көрсеттім. Ұлты өзбек, есімі Сабина екен. Ол мені жақтырыңқырамай, қазақ тілін білсе де, білмейтіндей боп орыс тілінде дауыс көтере сөйлесті. «Мен бұл өлеңді кім жазып қойғанын да, не мағына беретінін де, авторы қай елдің ақыны екенін де білмеймін!», – деп, әйтеуір білмеймін, білмеймінмен ат-тонын ала қашты. Біз сыртта, жазудың қасында тұрғанбыз. Сол сәтте бір қазақ қыз қасымыздан өтіп бара жатыр еді, әлгі өзбек қыз «Мына кісіден сұраңыз. Сол білетін шығар әрі менен жоғары бастық», – деп айтты да өзі ішке кіріп кетті. Мен сол қазақ қызына іштартып, жайлап сұрай бастап едім, ол да маған суық көзбен қарап және жүре тыңдап, дұрыс жауап бермеді. Осыдан кейін бойымды ашу кернеп, әлгі әкімші қызға қайта бардым. Ол менен именді ме, «мен қазір бастықпен хабарласып көрейін», деп мені өзінің ұялы телефоны арқылы бастығымен байланыстырды. Өзін Ернар деп таныстырған ол жігіт маған жылы жауап беріп, қате жазғандарын да мойындады.

Қатесін алдағы уақытта жөндейтінін айтып, уәдесін берді.

Міне, одан бері біраз уақыт өтті. Бірақ, сол қате түзетілмей әлі тұр. Мұндай қате жазылған сөздер бұл бір ғана емес. Кез келген жерден кездестіруге болады. Және айтылып та, жазылып та жүр. Бұл олардан бұрын алдымен осыған тікелей қатысы бар мекемелерінің де өз жұмыстарына салғырт қарауынан әрі ана тілімізге жанашырлық танытпауынан деп ойлаймын. Сондай-ақ, бұл мәселе осыған жауапты өзге де құзырлы орындардың бәріне құлаққағыс!

«Қайтқан малда қайыр бар» демекші, шаһарымыздың рухани кеңістігін шырайланд ыра түскен Фирдоуси шайырдың осы бір шырайлы да шынайы шығармасын қаламыздың екі жағындағы екі қақпаға да қатесіз әрі анықтап жазып қойсақ, нұр үстіне нұр болар еді.

 

Бақытжан ӘЛІҚҰЛОВ,

ақын-журналист.

Суретті түсірген Алтынбек Қартабаев.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support