- Advertisement -

Станса қуаты артып келеді

50

- Advertisement -

Талас ауданында былтыр жалпы жобалық құны 5487 миллион теңгені құрайтын 3 жел электр стансасы салынып, пайдалануға берілген болатын.

Олар «Шенгелді», «Шенгелді-2» және «Новатэкс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен жүзеге асырылды.

Аталған үш жоба да Қызыләуіт ауылдық округінде бұдан бұрын салынған екі жел стансасы жанынан бой көтерген. Таратып айтсақ, «Шенгелді» ЖШС жалпы қуаты 4,5 мегаватты құрайтын үшінші жел электр стансасының құрылысын 2020 жылы бастаған. Оның жобалық құны 1 миллиард 829,1 миллион теңгені құрайды. Қазіргі таңда станса толық қуатында жұмыс істеп тұр.

Келесі жобаның да қуаты 4,5 мегаватты құрайды. Ол жобаны жүзеге асырушы «Новатэкс» ЖШС болып табылады. Үшінші жел электр стансасының құрылысын «Шенгелді-2» ЖШС мойнына алған болатын. Оның жобалық құны 1 миллиард 829,1 миллион теңге.

Бұл жобалардың құрылтайшы директоры Жолдыбек Тұралиевті сөзге тартқан едік. Оның айтуынша, стансадағы құрал-жабдықтар Даниядан әкеліп орнатылуда екен. «Бүгінгі таңда барлық станса қондырғысы қойылып, жұмыс істеп тұр. Ондағы қондырғылардың ені мен ұзындығы он метр. Жалпы, Талас ауданында бұған дейін пайдалануға берілген екі жел стансасы мен былтыр іске қосылған үш станса да бізге қарайды, тек олардың мердігерлері бөлек болды. Алдағы уақытта қондырғылар санын арттырып, оны 30 мегаватқа дейін жеткізуді көздеп отырмыз», – дейді жоба құрылтайшысы.

Бұл жобалар ауданның экономикалық және әлеуметтік ахуалын арттырады деп санайды аудан әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаров.

– Ауданда соңғы жылдары салынып жатқан жел электр стансаларының қуаты артып келеді. Бұған дейін 9 мегаватты құрайтын екі жел стансасы пайдалануға берілсе, былтыр 13,5 мегаватты құрайтын үш станса жыл соңына іске қосылып, станса қуаты артты. Сөйтіп, жел электр стансаларының қуаттылығы 22,5 мегаватқа жетті. Оның әрбірінен бір жылда 15569 мың киловатт электр қуаты өндірілетін болса, ол бес есеге артып, ауданның экономикасына тың серпін қосқалы тұр, – дейді бөлім басшысы Ауданбек Тауасаров.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Талас ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support