- Advertisement -

Ұлттық құндылықтар ұрпақ игілігі үшін

56

- Advertisement -

Байзақ ауданы, Ақшолақ орта мектебінде 2023-2025 жылдарға арналған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған «Ұлттық құндылықтар – біртұтас тәрбие негізі» тақырыбында ата-аналармен бірлескен іс-шара өтті.

Өскелең жас ұрпақты рухани-адамгершілік қасиетке баулитын, адамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, жасампаз азаматты тәрбиелейтін ата-аналардың шығармашылық тобын құру, оларға педагогикалық қолдау көрсету бойынша іс-шараны ұйымдастырған мектеп директоры Гүлназ Мұраталиева арнайы келген қонақтарды мектептің игі жұмыстарынан хабардар етті.

Мұнан әрі қонақтар мектептің медиация кабинетінің және ата-аналарды қолдау орталығының арнайы ашылу салтанаты, лента қию рәсімі өтті.

«Келісім – татулық кепілі» тақырыбында мектеп психологы Ұ.Сапарбаева кабинеттің жабдықталуымен, негізгі міндеттерімен таныстырса, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ж.Жақсығұлова ата-аналарды қолдау орталығында атқарылатын негізгі шараларға тоқталды. Мектептің тәжірибелі ұстаздары К.Нәлібаева мен А.Оңғарова «Ақыл айтпа, жол көрсет» тақырыбында ата-аналарға арналған сабақ өткізді. Сабақ барысында ата-аналарға педагогикалық кеңес беріліп, балалардың тосын оқиғаларына жауабын тыңдады. Ойын ойнату, оқушылармен қойылым көрсету барысында ситуациялардан шығудың оң бағыттары түсіндірілді.

«Өрмекші» әдісі арқылы ата-аналар үш топқа бөлініп, өздерінің өрмекші торынан алған сұрақтарына жауап берді. «Жаңғақ әдісі» арқылы мұғалім мен оқушының арасындағы қарым-қатынастың қиын тұстарынан шығудың оң нәтижесі көрсетілсе, «Білім ағашы» әдісін орындау барысында ата-аналардың әлеуметтік бейімделуіне бағдар берілді. Кері байланыс әдісі арқылы ата-аналар өздерінің жақсы, жаман мінездері туралы жазып, ата-аналарға жадынама таратылып, педагогикалық қолдау көрсетілді.

Қорытынды сөз алған мектеп директоры Гүлназ Мұраталиева балалардың ар-ожданын дұрыс қалыптастырып, адамгершілігін, ізеті мен иманын қалыптастыруда ата-аналармен бірлескен жұмыс нәтижелі болатынын жеткізді. Бала ақ парақтай таза болып өмірге келеді, ал олардың мінезінің қалыптасуына ортаның әсері мол болғандықтан, бала тәрбиесінде бірлескен жұмыстың нәтижелі болатыны туралы айтты. Ұлттық құндылықтармен, қазақи имандылықпен тәрбиелеу баланың жарқын болашағын қалыптастыруда септігі мол болмақ. Осы орайда «Даналық мектебі» жобасына сәйкес аталар мектебі, аналар мектебі, ағалар мектебі мен жеңгелер мектебінің жұмысы жүйелі жолға қойылған екен.

Іс-шара соңында Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері одағының төрағасы Д.Ермеков, аудандық медиаторлар қауымдастығының төрайымы Ғ.Көшекбаева, Қамқоршылық кеңес мүшесі, Білім беру ісінің үздігі Т.Рахманов, республикалық қазақ аналары «Дәстүрге жол» жобасының мүшесі Б.Жалбиева мен Ш.Мамашайқызы сөз алып, ұл мен қызды тәрбиелеуде ұлттық дәстүрлеріміз арқылы ұлттық құндылықтарды бала бойына сіңіруде ұстаздар мен ата-аналардың бірлескен жұмысын жоғары бағалап, ел көлемінде бастау алған тәрбие бағытындағы жаңа жобаның мектепте сәтті ұйымдастырылуына ақжарма лебіздерін білдірді, пікірлерімен бөлісіп, ұстаздардың еңбегіне сәттілік тіледі.

 

Ғалиябану БЕЙСЕНҚЫЗЫ,

журналист.

Байзақ ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support