- Advertisement -

«АҚ ЖОЛ»- ӘР ҮЙГЕ… (Жазылым-2024)

94

- Advertisement -

Менің «Әулиеата-медиа» ЖШС «Ақ жол» («Еңбек туы») газетінің тұрақты оқырманы болғаныма 50 жылдан асты. 100 жылдық тарихы бар Жамбыл облысының бұл бас басылымында соғыстан кейінгі жылдары қазақ дедектив жанрының негізін қалаған көрнекті жазушы Кемел Тоқаевтан бастап, елімізге белгілі небір қабырғалы қаламгерлер еңбек етті. Тағы бір дедектив-жазушы, өзімнің көкем Кәрім Байелиев те осы шығармашылық ұжымда журналист болып еңбек етіп, кітаптарынан үзінділер жарияланып жатты. 

Басылымның былтырғы 100 жылдығында өңірдің ата газетінің бір ғасыр бойғы тарихы туралы газеттің өзінде және әлеуметтік желіде үздіксіз материалдар жарияланып келді. Қазақ әдебиетінің алыбы Мұхтар Әуезов бастаған атақты жазушылар мен ақындар, даңқты сазгер Шәмші Қалдыаяқов бастаған елімізге белгілі өнер адамдары да редакцияда жиі қонақта болғаны газеттің беделінің қандай биікте екенін көрсетсе керек.

Әлі есімде қазақтың кемеңгер перзенті Дінмұхамед Қонаевқа жала жабылғанда да, үш обкомның бірінші хатшысы болған, Социалистік Еңбек Ері Асанбай Асқаров жазықсыз істі болып, қамалғанда Фрунзе қаласындағы сотынан үздіксіз репортаж жариялап тұрғанда «Ақ жол» еді…

Ал енді аграрлы өңірдің жеткен жетістігі, шешімін күткен мәселелерін көтеруде де басылымның еңбек адамдары, барша тұрғындар алдында «жүзі жарқын» . Қай салада болмасын жазылмайтын тақырып, көтерілмейтін мәселе болмайтын. Сол жылдары таралымы 45 мыңнан асып еді.

Алдыңғы толқын аталары, әкелері, ағалары салып кеткен осындай жарқын жолдан айнымай келе жатқан газеттегі журналист іні-қарындастарым, балаларым-қыздарым қазір аудандарды, қаланы шарлап, келер жылға жазылуға жұртты насихаттап ала шапқын болып жүр. Айлықтары шәй-пұлдан артылмағанымен, Шерағаңша айтқанда «Алтын арқалап, жантақ жеп жүрген» журналистерге кейде аяушылық сезімім оянады.

Қазір ел газет оқуды қойды. Үлкен де кіші де әлеуметтік желіге «жегілген». Несін жасырайын жарты ғасырдан аса ақылшы-сырласымдай болған «Ақ жолға» биыл өзімде жазылған жоқпын. Ол басылымның сапасыздығынан немесе мені қызықтыратын тақырыптың жоқтығынан емес. Пәленің бәрі пошта қызметінен. Жазылған мерзімді басылылымыңды үйіп-төгіп аптасына бір рет зорға жеткізіп тұрса не үшін жазыласың. Мен мұны фб-ға жаздым да, «әу» деген жоқ.

Газеттің кезекті саны шыққанда кейбір бұрыннан келе жатқан оқырмандары редакцияға барып алатын көрінеді. Ал менде ондай мүмкіндік жоқ. Сосын газет сайтынан-ақ оқимын деп едім. Қайдан, қолыңа алып, айқара ашып оқығанға жетпейді екен.

Құрметті жерлестер! Қазіргідей ұлт болашағы, ұрпақ тағдыры деп алаңдай бастаған кезде мерзімді басылымның алар орны күннен-күнге сезіле түсуде. Сондықтанда қазақ басылымдарына ол облыстық немесе республикалық болсын әрбір саналы азамат жазылса деймін. Оның ішінде өзім алдағы дүйсенбі күні бірқатар республикалық және облыстық басылымдарға жазыламын.

«Ақ жол» газеті-әр үйге» деген бастама көтердім. Өзімнің шаруашылығымда еңбек ететіндер де оны қолдайды. Басқа да шаруа-әріптестерімді тым болмаса ауыл шаруашылығы саласының жетістіктері мен кемшіліктерін үздіксіз жазып келе жатқан «Ақ жолға» жазылуға шақырамын.

 

Жұмасейіт Нұрбаев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support